Атырау, 28 қараша 01:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Не тарифті көтеру керек, не Құлсары қоқысқа батады

Сурет
1 126 просмотра

Құлсары қаласын қоқыс жайлап кеткен. Тұрмыстық қалдықтар контейнерлері төбе-төбе болып үйілген.

- Он күннен асып кетті қаладағы қоқыстар алынбай жатқанына. Күн жылына шіріп, иісі маңына жолатар емес. Бұған жауапты мекеме қайда, неге олардан талап етілмейді? Оның үстіне қатты тұрмыстық қалдықтардың тарифін өсірмекші екен, бұған біз қарсымыз, - дейді тұрғындар.

Расында көпқабатты үйлер айналасындағы қоқыс жәшіктері тұрмыс қалдықтарына толып, сыртына дейін төгіліп жатыр. Жалпы «ЭкоқалаХХI» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды тасу жауапкершілігін 2022 жылдың қыркүйегінен бастап өз жауапкершілігіне алған.

- Биылдан бері жұмыс жасау қиындап кетті, өйткені тариф өте төмен. Соңғы он жылдан бері тұрмыстық қалдықтарға белгіленген тариф өзгерген жоқ. Адам басына 180-220 теңге аралығында, бұл не болады? Қаланың өзінде 63160 халық болса, соның 13 мыңнан астам адам ғана біздің мекемемен келісім шартқа отырған, қалғаны әлі күнге қажет санамауда. Пәтерлерді аралаймыз, кейбірі есік ашпайды, көбі онда пәтер жалдап тұратындар, - дейді «ЭкоҚалаXXI» ЖШС директорының орынбасары Абыл САХАБА.

Жанар-жағармай мен босалқы бөлшектердің қымбаттығы да мекемені шығынға батырған. Жұмысшылардың жалақысы 110 000 теңге, бұл жеткіліксіз, директор орынбасарының айтуынша, мұндай ақшаға адамдар жұмыс жасағысы келмейді. Ал жалақыны көтеруге мүмкіндік жоқ.

- Біз болашақта бұлай жұмыс жасау мүмкін емесін білдіріп, осы жылдың наурызында халыққа қызмет етуді тоқтату жөнінде Жылыой ауданы әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВТЫҢ атына хат жолдадық. Бұдан кейін де ешнәрсе өзгерген жоқ. Ақыры осы жылдың 1 мамырынан бастап жұмысты тоқтатып тастауға тура келді, - дейді А. Сахаба. - Жасыратыны жоқ, 15 күннен бері қаладағы қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылған жоқ. Қалдықтар үйіліп қалды, халық шулап кеткесін, енді ғана қоқыстар алынып жатыр, бір аптаның ішінде қалыпқа келіп қалар деп отырмыз.      

- Болашақта осы жұмыс жалғаса бере ме?

- Нақты ештеңе айта алмаймын.

Мән-жайды анықтау үшін Құлсары қаласының әкімі Қадыржан АДИНОВҚА хабарласқан едік. Ол былай деп жауап берді:

- Бұл жерде әкімдіктің еш қатысы жоқ. Жеке адам мен мердігердің арасында өзара келісім шарт жасалады, әкімшілік үшінші тұлға бола алмайды. Біз тек тариф бекітіп бере аламыз. Босалқы бөлшек пен жанармайдың қымбаттығына, төлемақының төмендігіне байланысты жұмысын тоқтатып тастағаны рас. Біз өз тарапымыздан есептедік. Ең төменгі тариф Атырау облысында. Тариф бағасын көтеру жөнінде халықпен қоғамдық тыңдау өткізуге тура келді. Біріншісінде халық жиналмады, екіншісінде мәдениет үйіне оншақты адам жиналып талқыланды. Енді аудандық Мәслихат сессиясына ұсыныс бердік, көпқабатты пәтерде тұратындар үшін адам басына 350 теңге, ал жер  үйде тұратындар үшін 536 теңге деп бағалануда. Сессияда депутаттар мақұлдаса, онда тариф өсіп, мекеме өз жұмысын жалғастырады деп отырмыз.     

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

21 мамыр 2023, 13:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.