Бүгін, 15 мамырда «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының өтініші бойынша «Атырау Жарық» АҚ-да электр энергиясы тарифін көтеру мәселесі талқыланды. Жиынға жергілікті депутаттар мен «Атамекен» РКП өкілдері қатысты.
Атырау облысындағы энергияны көп тұтынатын тұтынушылардың бірі «КҚК-К» АҚ-ның «АтырауЭнергоСату» ЖШС-нен толықтай көтерме сауда нарығына кетуге ниетті екендігі талқылауға себеп болды. Осыған орай тарифтер көтеріледі деп күтілуде.
Жиында Атырау облысында қазіргі уақытта заңды тұлғалар үшін республика бойынша ең жоғары тариф (бір киловатт үшін 33,65 теңге), ал жеке тұлғалар үшін ең төмен (бір киловатт үшін 6,28 теңге) тариф қолданыста екені белгілі болды.
«КҚК-К»-нің электр энергиясын тұтыну көлемі жалпы сату көлемінің 4% құрайды. Олар жылына 78 млн кВт/сағ тұтынады.
Қазір «Атырау Жарық» АҚ мен «КҚК-К» АҚ арасында сот дауы болып жатыр. «АтырауЭнергоСату» ЖШС директоры Тұрлан ДОШАТОВТЫҢ айтуынша, бүгін, 15 мамырда ол да «КҚК-К» компаниясынан олардың арасындағы келісімді заңды деп тануды талап етіп, сотқа жүгінген. Сондай-ақ ол 1 мамырдан бері ЖШС-нің келісім-шартсыз электр қуатын беруді жалғастырып жатқанын айтты. Дәл осы күннен бастап КҚК-K «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-не кетіп жатыр. Бұрын осы ЖШС-ге «Қазақстан Темір Жолы» АҚ Атырау филиалы мен «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС де кеткен еді.
Өткен жылы «ЭнергоСату» сияқты қамтушы компанияларға электр энергиясын көтерме тұтынушыларға сатуға тыйым салатын заң қабылданды. Айтпақшы, сағатына 1 мегаватттан астам электр энергиясын тұтынатындар көтерме тұтынушылар болып саналады. Мұндай жағдайларда «KEGOK» АҚ атынан жүйелік оператор («Самұрық-Қазына» АҚ) оларды тізімге енгізеді, содан кейін олар көтерме сауда нарығына шығады.
– КҚК-К көтерме нарыққа кеткенде, тұрғындарды да, заңды тұлғаларды да қамтитын қалған тұтынушыларға 78 миллион кВт/сағ қалай бөлінеді деген сұрақ туындайды. Осы 78 миллион кВт/сағатты жабу үшін мен бұл көлемді барлығына таратуым керек. Бұл ретте тұрғындарға тариф бір киловатт үшін 6,28 теңгеден 8 теңгеге дейін, ал заңды тұлғалар үшін 33,65 теңгеден шамамен 40 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Қалай еткенде де 78 млн кВт/сағ жабуым керек, – дейді Т.Дошатов. – 1 маусымнан бастап АЖЭО мен МАЭК электр энергиясына тарифті көтереді, бұл объективті инфляциялық процесс, содан кейін біз жеке және заңды тұлғаларға тарифті көтеруге мәжбүр боламыз.
Қазір «АтырауЭнергоСатуда» энергияны көп қажет ететін ірі тұтынушылардың ішінде «Ембімұнайгаз» АҚ қалды.
«Атырау Жарық» АҚ президенті Мейірбек ҒҰБАШЕВТІҢ айтуынша, қызметкерлер жалақысының төмендігі ең өзекті болып қалуда. Ол 2022 жылы материалдар мен құрал-жабдықтардың бағасы екі есе өскенін, сондықтан оларға енді жұмыс көлемін қысқартуға тура келетінін айтты.
- КҚК-K бізге бірнеше рет электр энергиясын беру туралы келісім-шарт жасасу туралы өтінішпен жүгінді, бірақ оларда «ЭнергоСатумен» бірдей көлемде келісімшарты болғандықтан, біз екі есе төлем алуға жол бермедік. Ал қазір КҚК-К бізді келісім-шарт жасасуға мәжбүрлеу мақсатында сотқа жүгінді. Егер ірі өнеркәсіп орындарында сатылатын энергия көлемі бұрынғы деңгейде қалса, электр энергиясы тарифінің көтерілуі тұтынушыларға онша байқалмас еді, ал «AМӨЗ» ЖШС бөлшек сауда нарығына қайта оралса, тарифтерді мүлдем төмендетуге болар еді, – дейді Т.Дошатов. Оның айтуынша, бақылаушының жалақысы аз, енді шығындарды азайту үшін күзет пен кассирлерді қысқартуға мәжбүр болған. Ал жеке тұлғалар арасында абоненттер саны артып келеді.
Айнұр САПАРОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор