Атырау, 13 қазан 05:46
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Мұнайға малынғандар

6 508 просмотра

Атырау облысындағы «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының айналасындағы жанжал үдеп бара жатыр.

ҒАЛАМТОРҒА ЕНІП, БАТЫР АТАНДЫ

Жанжалдың туындауына ғаламторда «Атыраудағы жаңаөзендік синдром. Неге «Ембімұнайгаз» Жаңаөзендегі қанды қырғыннан қорытынды шығармайды?» деген айқай тақырыппен шыққан анонимдік хат себепші болды. Онда «Ембімұнайгаздың» қазіргі бас директоры Жұмабек ЖАМАУОВ жасады деген мемлекет мүлкін талан-таражға салу фактілері келтірілген.

Хаттың авторлары «ұжым атынан» қорқытып та қойған: «егер Атырау облысының көптеген мұнай, газ кен орындарын әзірлейтін, жұмысшылар саны алты мыңнан асатын «Ембімұнайгаз» компаниясында етек жайған жемқорлық, тендерлердің туыстық пен таныстық белгілері бойынша ғана бөлінуі тоқтатылмайтын болса, онда бұл өлкеде де 2011 жылы Жаңаөзенді сілкіндірген қанды оқиға қайталануы мүмкін».

Хатта, сондай-ақ, өңірлік құқық қорғау органдары, қаржы полициясы және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқармасының төрағасы Ләззат ҚИЫНОВ бұл заң бұзушылықтарға еш көңіл бөлмейді деп көрсетілген. 

Хат мәтінінен авторларының көп нәрседен хабардар адамдар екені және олар кәсіпшілікте шаң жұтқан қарапайым мұнайшылар еместігі көрініп-ақ тұр. Хатта өңірдегі белгілі мұнай кландарымен үлестес компаниялардың атаулары, нақты сомалар мен олардың пікірінше, отандық мұнай өндірісін жетілдіруге және сервиске бөлінген қаражаттарды «қымқырумен» айналысатын адамдардың тегі көрсетілген.

ДОСЫҢ КІМ ЕКЕНІН АЙТШЫ...

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ                                       Жамауов Жұмабек Қадырбайұлы 1955 жылы 17 шілдеде туған. В.И. Ленин атындағы ҚазПТИ-ды «Мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау» мамандығы бойынша бітірген. «Гюрал» БК бас директорының өндіріс бойынша орынбасары, «Армак» ЖШС-нің бас директоры,  «Қазақмұнайсервис» ЖШС-нің директоры. 2008-2010 жж. – «ҚазМұнайГаз - Бұрғылау» СБӨ ЖШС-нің бас директоры. 2010 жылдан бастап «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ «Ембімұнайгаз» ӨФ-ның директоры

Сонымен қатар, хатта Жамауовқа Бергей РЫСҚАЛИЕВПЕН бірлесіп жұмыс жасады деп кінә артады. Авторлардың пікірінше, ол бұрынғы әкім адамдарына Құлсарыдағы «ЖылыойМұнайГаз» компаниясының ғимараты мен шаруашылық имараттарына күрделі жөндеу жүргізу, «ҚайнарМұнайГаз» («Ембімұнайгаздың» бөлімшесі) үшін сорғылар қондыру сияқты «майлы» мердігерлік жұмыстарды берген.

«Тендер өткізу нәтижесінде бұл жұмыстарды Жамауов Құлсары қаласының сумен қамту, жылу, газбен қамту және жарық беру жүйелерін басқаратын ағайынды БАЛЖІГІТОВТЕРГЕ тиесілі «Ғимарат» ЖШС-іне береді. Балжігітовтер Атырау облысының бұрынғы әкімі, қазір шетелде тығылып жүрген Бергей Рысқалиевтың «адамдары» болып табылады. Кезінде «Ғимарат» компаниясы мемлекеттік тапсырыспен Махамбет ауданында тұрғын үйлер салумен айналысты және олар салған барлық үй сапасыз болып, құлап қалды. Сонда «Хабар» телеарнасынан сол кездегі облыс әкімі Бергей Рысқалиев республикалық жемқорлыққа қарсы комиссияның басшысы Оралбай ӘБДІКӘРІМОВТЕН сөгіс алды деп хабарланған еді. Міне атына осындай үлкен кір келген «Ғимарат» компаниясы осыдан кейін де «Ембімұнайгаздан» тендер алады және өзіне жүктелген міндеттемелер аясындағы жұмыстарды орындамай, мемлекетке 41 миллион теңгеден аса шығын келтірді», - дейді анонимді хаттың авторлары.

Хатта мердігерлік жұмыстар алған мердігер-компаниялардың қатарында «Фирма АТК» компаниясының да аты аталады. Оған «ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру» АҚ-ның бұрынғы бас директоры Кенжебек ИБРАШЕВ бақылау жасайды делінген.  

«Ол 2012 жылы «Жайықмұнайгаз» («Ембімұнайгаздың» бөлімшесі) компаниясының құны 361 431 900 теңге болатын тендерін ұтып алады, ал орындаған жұмыс көлемі небары 64 264 280 теңгені құрады».

Хат авторлары осылардың барлығына Жамауов неге «көз жұмып», қабылдау актілеріне қол қоя салғанын білгісі келеді: «Бұл жерде оның нені ескергені белгісіз: К. Ибрашевтың Бергей Рысқалиевпен достық қарым-қатынаста болғанын ба, әлде ол Нұрлан БАЛҒЫМБАЕВТЫҢ адамы екендігін бе, бізге беймәлім».

Нұрлан Балғымбаев.Нұрлан Балғымбаев.Сондай-ақ «домалақ» хатта Жұмабек Жамауовтың «Ембімұнайгаздың» Атырау-Астрахан магистралынан «Балғымбаев» кен орнына дейін 12 шақырым жол құрылысына арналған, жобалық құны 765 миллион теңге болатын тендерін ұтып алған «Теміржол Құрылыс-Атырау» жеке компаниясының иесі болып табылатынын да көрсеткен.

«Алайда «Теміржол Құрылыс-Атырау» компаниясы өзіне қабылдаған міндеттемелердің 26 пайызын ғана (196 миллион теңге) орындаған. Қалған ақшалар қайда кеткенін жорамалдап қана білуге білуге болады», - делінген хатта.

Хат соңында «Ембімұнайгаздағы» жемқорлықтың мұнайшылар мен жергілікті халыққа тигізетін кері әсерлері туралы әсіре нақыл сөздер берілген.

ҚҰРБАНДАР МА, ӘЛДЕ ҚЫЛМЫСКЕРЛЕР МЕ?

Хатты дайындаушылармен тікелей байланысқа шыққым келіп, мен оларға делдалдар арқылы құпиялылық толықтай сақталады деп сөз бердім, алайда олар хаттың басты мақсаты жемқорларды тауып, жазалау емес, жанжалды жария етіп, дауға Астанадан белгілі бір күштерді тарту екендігін түсіндірді. Айта кетсек, соңғы жылдары «Ембімұнайгаздың» бірнеше басшылары бұған дейін де осындай «домалақ» хаттардың құрбаны болған екен. Алайда, олардың осындай лауазымға отыруға тәжірибесі мен әл-ауқаты жетпегендіктері жөнінде де, немесе ірі көлемде ұрлық жасағандары туралы да бұқараға ештеңе айтылмады.

Жақында Прорва мұнай кәсіпшілігінің («Ембімұнайгаз») қызметкерлерінің ҚМГ басшысы Ләззат Қиыновқа жазған тағы бір хаты пайда болды. Онда мұнайшылар еңбек шартының бұзылулары туралы, атап айтсақ, жұмыс уақытын заңсыз ұзарту жөнінде хабарлайды. «Осындай заң бұзушылықтар жойылмаса, бейбіт наразылық акциясына шығу құқығымызды пайдаланамыз», - дейді мұнайшылар.

ҚАРАУЫЛДЫҢ АУЫСУЫ

Ләззат Қиынов.Ләззат Қиынов.Осы жанжалды хаттың пайда болуына, біздің ойымызша, биліктің «ҚазМұнайГаз» бөлімшелерін кезекті қайта құру әрекеттері себепші болған сияқты. Отандық мұнай саласында соңғы 20 жылда жемқорлық пен тамыр-таныстық тамыр жайғаны бұрыннан да белгілі, бұған мұнай иісін сезген оңтүстік және астаналық топтардың мүдделерін қосыңыз. Бұрын 90-жылдарда миллиардтаған ақшалар айналып жатқан барлық мұнай, газ сервисі атыраулық және маңғыстаулық мұнай кландарына дәл бөлінетін еді. Ал қазір «ҚМГ Барлау. Өндіру» АҚ өндірістік филиалдарының тендерлері айналасында кескілескен күрес жүріп жатыр, бөтен адамдарға кіруге жол жоқ.

«ҚазМұнайГаздағы» біздің ақпарат көздеріміз хабарлағандай, соңғы уақытта мұнай саласынан Ләззат Қиынов пен Нұрлан Балғымбаев кландарын шеттету әрекеттері белсенді жүріп жатыр. Олар бір кездері бұл саладағы кадрлық және қаржылық мәселелерді толықтай (әрине, үлкен күйеу балаға «МаңғыстауМұнайГазды», ортаншыға «ҚазТрансОйл» мен «ҚазТрансГазды» әншейін, ал қалған көп жерлерді шетелдіктерге арзан беріп қойғанға дейін) бақылауында ұстаған. Алайда қазірдің өзінде ардагерлер шеттетіліп жатыр, ал кейінгі толқын – бұл шетелдік дипломдары бар технократ-менеджерлер келе бастады, ал олардың артында Мұнай және газ министрлігі тұр. Қиыновқа ҚМГ басшысы креслосын босату ұсынылды, ол бас тартты. Міне, сондықтан да оның «Ембімұнайгаздағы» адамдарын жемқорлықпен айыптап отыр.

ОЙЫНҒА ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫ ҚОСЫЛДЫ

Болат Ақшолақов.Болат Ақшолақов.Егер билік Жаңаөзендегі жанжалға жарты жыл көз жұма қараса, Атыраудан болған осы дабылға тез жауап қайырды. Ақпарат көздері хабарлағандай, өткен аптада Атырауға мұнай және газ вице-министрі Болат АҚШОЛАҚОВТАН хат келген. «Ембімұнайгаз» басшылығының қазіргі тағдыры туралы мәселе жуырда ҚМГ ҰК-ның арнайы жиналысында қаралады деп қорытынды шығаруға болады. Оның төрағасы Қиынов өз кадрларын қорғай ала ма екен, оны да көрерміз.

Сонымен қатар, «АЖ»-дың ресми емес көздері хатқа қаржы полициясы да көңіл аударғаны жөнінде хабарлады, қазір олар тергеуге дейінгі тексеру жүргізіп, «Ембімұнайгаз» және оның мердігер компанияларының құжаттарын қарап жатыр.

Азамат МАЙТАНОВ

15 сәуір 2013, 13:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.