Атырау, 25 қараша 16:15
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мүгедектер мүддесін кім қорғайды?

5 084 просмотра

Атырауда мүгедектер наразылық акциясын өткізді

20 шақты І топ мүгедектері 12 сәуірде облыстық Қазақ соқырлар қоғамы басқармасының ғимараты алдына жиналып, жергілікті билікке бірқатар талаптар қойды. Олардың ішінде арбаға таңылған жандар мен көзі көрмейтін ғаріп жандар болды. Олардың бәрі де туыстарының көмегімен келген.  

- Сейсенбі күні біз қала әкіміне Исатай-Махамбет алаңында митинг өткізуге өтініш бергенбіз. Бірақ бізге рұқсат бермеді, - дейді олар. - Сондықтан алдымен осы жерде, соқырлар қоғамы ғимаратының алдына жиналуды ұйғардық.

Жиналғандардың басты талабы – жеке көмекшінің қызметі үшін төленетін мардымсыз төлемақыға қатысты. «Жеке көмекші жәрдемақысы» бөгде жандардың көмегінсіз қозғала алмайтын мүгедектерге тиесілі. Ол қалалық әлеуметтік қамту бөлімі арқылы жергілікті бюджеттен төленеді. Мүгедектердің айтуынша, өткен жылы олардың бәріне айына 25 мың теңгеден төленген. Биыл жәрдемақы мөлшері (айына 5-6 мың теңгеге дейін) қысқарған, төлемақы сағатпен төленетін болған. Мүгедек көмекшінің қызметін пайдаланғанын дәлелдеу үшін, оған күн сайын барған жерлерінің (дүкендер, мемлекеттік мекемелер және т.б.) мөртаңбасы мен қолдарын қойдырып, табельді толтырып отыру қажет.  

- Мұндай ақшамен бізді қарауға кім келіседі, - дейді көзі көрмейтін мүгедек Виктор ПЯСТОЛОВ. – Біз басқа қалалардағы өзіміз сияқты жандармен хабарласып тұрамыз. Алматыда жеке көмекшіге жәрдемақы айына 36 мың теңге, Шымкентте – 31 мың теңге берілетінін жақсы білеміз. Биыл Хабиева ханым(қалалық әкімдіктің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, яғни әлеуметтік қамту бөлімінің бастығы – С.Т.) күніне 8 сағаттан аспасын деп ескертіп, сағат бойынша төлемақы енгізді. Маған тағы да демалыс күндерінде жеке көмекші тиесілі болмай қалды.

Жеке көмекші жәрдемақысының мөлшерін ең болмағанда өткен жылғы деңгейге дейін – 25000 теңгеге көтерсе және сағатқа қарамай, бәріне бірдей етіп төлесе деген талабымыз бар. Содан соң табель жойылсын – бұл деген келемеж қылу ғой!

Фердауси ХАЙРЕТДИНОВА, I топ мүгедегі:

- Мен 17 жасымнан бері арбада отырып келемін. Үнемі жеке көмекшіге зәрумін. Тек көшеде ғана емес, бір бөлмеден екіншісіне өздігіммен бара алмаймын. Қызым менімен отыруға мәжбүр болғандықтан, жұмыс істемейді. Күтушіні жалдауға жағдайым жетпейді, бар болғаны 28 мың теңге зейнетақы аламын. Қаңтарда көмекші жәрдемақысы үшін 5800 теңге алдым. Мұндай ақшамен ешкім де бізбен жұмыс жасауға келіспейді. Әлеуметтік қамту бөліміндегілер табель толтыру керектігін талап етеді, оған серуендегеніңді көрсетуге болмайды. Бірақ біз адамбыз ғой, біз де көшеге шығуымыз керек. Мәселен, менің тахикардиям бар.  Үнемі қамалып үйде отыра алмаймын, таза ауаға шығып тұруым қажет. Ал табельге сағатты көрсетіп, мөр соғу керек. Бірақ бірде бір дүкен мұндай мөрді соқпайды. Мен, мәселен, театрға барып, бір нәрсе көргім келеді немесе супермаркетке барғым келеді, мен де адам баласымын ғой. Бірақ бізде бұл ескерілмейді. Алайда жеке көмекші жәрдемақысы туралы қаулыда сауда нүктелеріне бару туралы айтылған. Біз заңдағы өзгерістерді қадағалап отырамыз, интернетіміз бар. Қазір құқықтарымызға шек қоймаса деп өтінеміз. Астанада бірнеше жыл бойына 38-40 мың теңгеден алады. Ал біз ше? Мұнай астанасында тұрып жатырмыз деген тек атақ қана.  

Кішкентай Самаләкесіне қолдау көрсетуге келіпті. 7 жастағы бүлдіршін қолына «Инвалиду – достойные условия» деген жазуы бар плакат ұстап алған. Оның әкесі, көзі көрмейтін мүгедек Жұмабай ӘБУҒАЛИЕВбылай дейді:

- 13 жылдан бері соқырмын. Біздің көзіміз көрмейді, жеке көмекшінің арқасында қозғаламыз. Неліктен бұл төлемдерді қысқартып тастаған?

Людмила ШАРИПОВА, І топ мүгедегі:

- Мен 6 жылдан бері мүгедекпін, осы жылдар бойына әлеуметтік қамту бөлімі курорттық-шипажайлық емделуге жолдама беріп көрген емес. Алайда бұған қаржылар бөлініп жатыр. Бұл ақшалар қайда кетіп жатыр? Қалалық әлеуметтік қамту бөлімінен сұрай бастасаң, бізбен дөрекі сөйлеседі, ештеңені дұрыс түсіндіріп айтпайды.

Альфия ЖАРЫЛҒАПОВА, І топ мүгедегі:

- 6 жыл бұрын апат салдарынан мойнымнан зақым алдым. Осы уақыт ішінде маған мүлдем лайық емес бір арба ғана алдым. Ол өте үлкен, оған отыра алмаймын, арқам ауырады.  Сапалы әрі мөлшері бойынша сай келетін белгілі бір нұсқадағы арба керек. Тендерді кім ұтқанын, бұл арбаларды кім сатып алатынын ешкім бізге айтпайды. Сонда кім үшін сатып алады?

- Біздегі мүгедектер емделуге ешқайда шықпайды,- дейді Альфияны анасы. – Өткен жылы оларға Оралға барасыңдар деп уәде берген еді. Бірақ әлеуметтік қамту бөліміндегілер арбаға таңылған мүгедектерді жіберуге мүмкіндіктері жоқ екенін айтты. Бізде Қазақстанда ондаған шипажайлар бар. Ақтөбеде, Алматыда өте жақсы шипажайлар бар екенін білеміз. Неліктен оларды сол жаққа жібермеске? Бүкіл ТМД бойынша мүгедектер Украинаға барады, ол жерде балшықпен жақсы ем жүргізеді. Ал жергілікті оңалту орталығында біздің мүгедектер үшін ештеңе жоқ, ол жерде кәдімгі жаттығу құрылғылары ғана бар, оған арбамен жете алмайды.

Өз кезегінде көзі көрмейтін жандар берілетін тифлотехника сапасы жөнінде де айтып өтті:

- 2010 жылы тифломагнитола берді. Оның 4 жолды арнайы кассета салғышы және жылдамдығы 2 есе аз болуы тиіс. Ал бізге қарапайымын береді, оның үстіне ең сапасыз қытайлық өндірістен шығарылған, дискісі бар болғаны бір ай жұмыс істеді.  

Бұдан басқа, мүгедектер Н. Хабиеваның отставкаға кетуін талап етті:

- Егер біздің талаптарымызға құлақ салмайтын болса, амалсыздықтан Хабиеваның отставкаға кетуін сұраймыз. Ол бізді тәлкек етіп отыр, - деп мәлімдеді жиналғандар.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

13 сәуір 2013, 14:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.