Атыраудағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы митинг. 2009 жыл, наурыз.2012 жылы бұрмаланған іс бойынша заңсыз сотталған («Жоғарғы сот Нақпаевты ақтап шығарды» жарияланымын қараңыз) Атырау облысы әкімінің орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВ (суретте - ортада) қаржы министрлігінен мүліктік және моралдық зиян шеккені үшін 10 миллион теңгеден астам сома өндіріп алды.
2012 жылдың сәуірінде ҚР Қылмыстық кодексінің «Өзінше билік ету» деп аталатын 327-бабы бойынша төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасымен сотталған С. Нақпаев 2010 жылдың маусымында бұрынғы облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ орынбасары лауазымынан кетіп, «Аджип ҚКО» компаниясының шақыртуын қабылдап, жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджер лауазымына келген еді. Алайда бірнеше уақыт өткен соң бұрынғы бастығы оның ізіне түскен болатын. Рысқалиев қашан да Нақпаевты бәсекелесі деп қабылдайтын еді деседі. Қалай дегенмен де, сол кезде Рахмаджан ДОСАНОВ басшылық еткен облыстық ІІД қылмыстық іс қозғап («АЖ», 05.04.12 ж. – «Бұрынғы әкімнің құпия ісі – 2» , «АЖ», 29.03.12 ж. – «Бұрынғы әкімнің құпия ісі» және т.б. жарияланымдарды қараңыз), 2012 жылдың сәуірінде судья Айгүл ҚАЛИМҰҚАШЕВА Нақпаевқа төрт жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарған болатын. Алайда тергеу изоляторында отырған Нақпаев Ақордаға бірнеше хат жолдаған.
Кейінірек ҚР Бас прокуроры Асхат ДАУЫЛБАЕВ осы дерекке сілтеме жасаған еді:«Биылғы жылдың тамызында ел президентіне Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары, қазір өзінше билік етті деп сотталған Сәлімжан Нақпаев заңсыз сотталғандығы үшін, сонымен қатар бюджет қаржыларының жұмсалуы және мемлекеттік сатып алулардың сызбалары бойынша Атырау облысындағы мемлекеттік органдардың қызметіндегі заң бұзушылықтар туралы шағыммен шыққан еді (...). Мемлекет басшысы Бас прокурор мен Қаржы полициясы агенттігінің төрағасына осы жағдайларды анықтауға және тексеру нәтижелері туралы баяндауға жеке тапсырма берді. Атырауға барып тексеру үшін арнайы топ құрылды», - деді ол 2012 жылдың 31 тамызында Атырау облысының партия активінің жиналысында.
Сол кезде ол Нақпаевтың ісінде анықталған көптеген заң бұзушылықтарды еске салып, сол бойынша Жоғарғы сотқа қарсылық енгізгенін мәлімдеді. 2012 жылдың қыркүйегінде іс қайта қаралды. 11 қыркүйекте ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі қадағалау сот алқасының қаулысымен С. Нақпаевқа қатысты үкім жойылып, қылмыс құрамы жоқ болғандықтан қылмыстық іс тоқтатылды.
Босатылғаннан кейін Нақпаев Аджиптегі өз қызметіне қайта орналасты. Бірақ ол қайтадан мемлекеттік қызметке шақырылып, биылғы жылдың ақпанында облыс әкімінің орынбасары лауазымына қайта келді. Біздің дереккөздерімізден енді ғана белгілі болғандай, өткен жылдың желтоқсанында ол Атырау қалалық сотына «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі» Мемлекеттік мекемесінің, «Атырау облыстық ішкі істер департаменті» Мемлекеттік мекемесінің үстінен заңсыз соттау нәтижесінде тигізілген зиянды өндіріп алу туралы талап-арыз беріпті.
Онда ол жауапкерлерден адвокаттың қорғау қызметі үшін, соттау нәтижесінде ала алмай қалған жалақысы бойынша (жеті ай мерзім ішіндегі) 11,1 млн теңгеден астам мөлшердегі шығындар сомасын, моралдық және физикалық тұрғыда шеккен зардабының өтемақысы ретінде 10 млн теңге мөлшерінде өндіріп алу талабын қойған.
ҚР Жоғарғы Сотының сайтындағы мәліметтер бойынша, Атырау қалалық сотының 2012 жылғы 10 желтоқсандағы шешімімен талап-арыз ішінара қанағаттандырылған. Сот республикалық бюджеттен (Қазақстан Республикасының «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына сәйкес, мемлекеттік қазынаның өкілі – қаржы министрлігі боп табылады – З.Б. ескертпесі) Сәлімжан Нақпаевтың пайдасына 9,1 млн теңге мөлшерінде мүліктік зиян мен сот шығындарының сомасын өндіруге қаулы еткен, ал моралдық зиян мөлшері миллион теңге сомасымен шектелген. Сот сонымен қатар, ҚР Қаржы министрлігін Нақпаевқа тиесілі зейнетақы жарналарын оның жеке зейнетақы есепшотына аударуға міндеттеген.
Бір қызығы, қосалқы жауапкер, ал факті бойынша тікелей айыпкер – облыстық ІІД жауапкершіліктен құтылып кеткен. Өйткені талап-арыз берушінің осы мекемеге қатысты талабы қанағаттандырылмай қалған. Бұл жұмбақтың шешуі – «Адамға заңсыз ұстаудың, қамауға алудың, соттаудың нәтижесiнде келтiрiлген зиян қылмыстық процестi жүргiзушi органның кiнәсiне қарамастан толық көлемде республикалық бюджеттен өтеледi» делінген ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің баптарының бірінде жатыр.
Атырау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы жауапкердің – ҚР Қаржы министрлігінің апелляциялық шағымын қарады. 2012 жылғы 27 ақпандағы өз қаулысымен алқа бұл шағымды қанағаттандырмай, бірінші сатыдағы сот (Атырау қалалық сотының 2012 жылғы 10 желтоқсандағы) шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Сотта Нақпаевтың өкілі бүкіл моралдық шығын сомасын қайырымдылық мақсатқа беру жөніндегі оның ниетін мәлім еткені белгілі болды.
______________________________________________________________________
Бүгін, 15 сәуірде Нақпаев өтемақыдан бас тартты. Бұл туралы жауапкерге - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне, сонымен қатар Атырау облыстық сотына, облыс прокуратурасына және сот актілерін орындау жөніндегі департаментке жеделхат жолдады. Мәтінде: «Сотта өндірілген сомадан толықтай бас тартамын» делінген.
Телефон арқылы Сәлімжан Нақпаев сотқа талап-арызды шенеунік болғанға дейін жолдағанын түсіндірді. Енді ол «қазіргі уақытта мемлекеттік қызметте жүргендіктен», бұл әрекеттерін «қателік» деп есептейді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА