Лаки естеріңізде ме? Ішімдікке тойған иесі тоңазытқыштың есігімен қылғындырған сол Еркінқаладағы ит. Қатыгез кадрлар бүкіл әлемге дерлік тараған кезде, көп адам – Германиядан, АҚШ-тан, ТМД елдерінен бейшара итті алып кету үшін картадан біздің қаланы іздеген еді. Итті АҚШ-қа жаңа иелеріне алып ұшқан шетелдік әуе компаниясы бұл Лакидің кім екенін білетін, оған бөлек орын берді. Бірнеше жылдан бері Лаки Элен мен оның ұлы Беннің отбасында тұрады.
Дегенмен, Лаки төрт аяқты жалғыз «эмигрант» емес. Белгілі болғандай, ол АҚШ-қа жіберілгелі 30-дан астам атыраулық ит- мысықтың да осылай жолы болған. Олардың бәрі жарақат алған жануарлар.
ПУШКАНЫҢ ХИКАЯСЫ: ИНДЕР – КРЕМНИЙ АЛҚАБЫ
Пушок өзінің лақап атын әдемі ұзын түгіне байланысты алған жоқ. Ол туғалы дұрыс тамақ жеп көрмеген. Жүдеу, аурушаң, асқазан-ішек аурулары бар, созылмалы тұмауға шалдыққан мысық еді. Көрген жан шошитын. Шұжық сөресінің орнына жиһаз дүкенінің жанынан жаңсақ мекен таңдаған қарапайым мысықтан да мүшкіл болатын. Бірақ мұның бәрі өткен шақта қалды. Қазір Пушканың астауын Силикон алқабының технологиялық прогресс және венчурлық капитал салымы орталығының жетекші қызметкері тазалайды. Әрине, Пушка емделді, енді өз иесінің адал досына айналған.
Айтпақшы, Пушка өзіне үй тапқаннан кейін, оған атыраулық Рудольф есімді тағы бір мысық қосылды. Ол бір өзі бір топ иттен қашып жүріп, артқы аяғынан айырылған.
КҮШІК АРЧИ: ТОМАРЛЫ – ЛОС-АНДЖЕЛЕС
Арчи еріктілерге рахитпен және демодикозбен (қышуды, қабыршақтану және таздануды тудыратын кенеден туындаған тері ауруы) келді. Оның алдыңғы аяғының қисайғаны сонша, «о» әрпі секілді болып кеткен еді. Қазір Арчи ересек ит, тек оның толық түзелмеген оң аяғы ғана мұңды балалық шағын еске түсіреді; дегенмен, бұған оның иесі Райан мен Мэдди секілді ол да алаңдамайды.
Жаңа отбасында қазір сәл маймақтығы үшін сүйкімді болып кеткен итті Мишка деп атайды. Адамдардан басқа, Арчидің тағы екі ит досы бар, олар да отбасы мүшелері.
ВИСКАС, РОККИ, ФЕЛИКС: АТЫРАУ – САН-ФРАНЦИСКО
Олардың жарақат алу себебі белгісіз. Рокки еріктілерге ашық жарақаты, сынықтары бар, тегістегіштің астына түсіп кеткендей қорқынышты жағдайда келді. Алдыңғы аяқты жартылай және артқы аяғын кесуге тура келді, ал сынған иегінен төменгі азу тістері көрініп тұратын. Феликстің де сол жақ алдыңғы табаны жоқ. Ал Вискастың алдыңғы аяғы көсеу сияқты болып қалған, оған ештеңе істеу мүмкін емес. Бірақ үшеуін де американдық Илона асырап алған.
- Бізге сау мысықтардың өзін орналастыру қиын, - дейді «Sen Foundation» тобының еріктісі Бану. - Ал мыналар мүгедектер. Бірақ іс жүзінде олардың мінез-құлқы сау жануарлардан еш айырмашылығы жоқ және олар басқалар сияқты емес екенін түсінбейді, олар ешқашан тұйықталып, күйзеліске түспейді. Иә, олар үш аяқпен зырылдап жүгіргенде, маневр жағынан болмаса, сау мысықтан кем түспейді.
СЭММИ: АТЫРАУ – САН-ФРАНЦИСКО
Сэммиді көлік қағып кеткен. Ол еріктілердің қолына барғанда өмірі қыл үстінде тұрған болатын: бас сүйек-ми жарақатын алған, жоғарғы және төменгі жақ сүйектері сынған, сонымен қатар сүйектері жарылып, буындары шығып кеткен еді. Операциядан кейін де мысық өздігінен тамақтана алмады, оны шприц арқылы тамақтандырды. Сэмми сауығып кетті, бірақ мұндай жарақаттар салдарсыз өтпейді: мысық соқыр болып қалды. Дегенмен, орынжайда бағдары болуы үшін бар болғаны бір-екі сағат қажет, содан кейін ол заттарға соқтығыспайды, тез бейімделеді, өзінің науасы мен тостағанының қайда екенін біледі.
Қазір иттерді жіберуге мораторий жарияланған, ол коронавирус кезінде енгізілген және әлі жойылған жоқ. Сондықтан қазір негізгі саяхатшылар - мысық тұқымдастар. Банудың айтуынша, оларға құжаттарды еріктілер жасайды, ал Алматы мен Оралға ұшақтар ұшатын негізгі транзиттік пункттерден АҚШ-қа қарай жануарлар жолаушылар арасынан еріктілермен бірге сапар шегеді. Олар мысыққа деген жауапкершілікті өз мойындарына алады. Содан кейін олар басқа қалалардағы бізбен достық ниеттегі еріктілерге тапсырылады. Мейірімділік тізбегіндегі келесісі – Джошуа есімді жігіт, ол жұмысына байланысты Алматыдан Стамбулға, одан әрі АҚШ-қа жиі қатынайды. Атап айтқанда, Калифорнияда Америка Құрама Штаттарына баяғыда қоныс аударған бұрынғы қазақстандық Галина барлық ит-мысықты қарсы алып, орналастырады және оларға отбасын тауып, табыстайды.
– Мұнда, Америкада «ерекше» жануарларды өте жылдам алып кетеді, – дейді телефон арқылы Галина.
- Неге олай етеді?
– Қазақстаннан жануарлар алатындардың көбі бұрын сонда тұрған. Олар үшін бұл туған жердің символы. Жалпы, Америкада жан-жануарларға деген жанашырлық пен сүйіспеншілікке бала кезінен тәрбиелейді. Көп адам мүгедек жануарларды өздері немесе балалары мүгедек болғандықтан алады. Шындығында, мұндай жануарлармен қарым-қатынас жасап, оларға қамқорлық жасайтын, олардың мінез-құлқын және жарақаттарына ешқандай қысылмайтынын бақылайтын ерекше адамдар өздерін мүмкіндігі шектеулі адам ретінде сезінуді доғарады. Бұл шынымен жақсы әсер етеді!
Галинаның бұл сөзінен кейін басқа сұрақ болған жоқ. Бұл Мейірімділік, кәдімгі адами мейірбандық.
Уголёк есімді жарымжан мысықты Google корпорациясында жұмыс істейтін Доминик асырап алған. Үш соқыр жирен мысықты қатар асырап алған. Өйткені американдық отбасы оларды ажырату қатыгездік деп ұйғарған.
Төменгі азуы жоқтықтан, тістері ақсиып шығып тұрған, көздері қиғашталып тұрғандықтан құбыжықтай көрінетін Ляля есімді мысық та өзін жақсы көретін отбасын тапты. Жартылай соқыр Кассандра, «Дина» базарындағы мысық Дина, құтқарушысы Альфияның атымен аталған мысық Альфик, тісі жоқ Шотик, Базилио және мұнда қажетсіз болған 30-дан астам жануар Америкада сүйікті және мейірімді үй жануарларына, отбасының ажырамас бөлігіне айналды. Қазір тағы үш мысықты жөнелтейін деп жатыр, біреуінің алдыңғы аяғы, құйрығы жоқ, екіншісінің көзі, үшіншісінің жағы жоқ.
БАРМАЛЕЙГЕ АЙНАЛҒАН ҚОҢЫР
Жануарға деген сүйіспеншілікке толы сезіммен «Sen Foundation» питомнигінен шығып бара жатып, қақпа алдында бір топ мектеп оқушысын кездестірдім. Сөйтсек, бүгін еріктілер НЗМ оқушыларына мейірімділік сабағын өткізіп жатыр екен. Кетіп қалуыма бір нәрсе кедергі болды. Оным бекер емес екен. Иттер қамалған қоралардың біріне жақындаған қыздардың бірі:
– Мына ит Қоңырға ұқсайды екен, - деді.
– Оның аты Бармалей, – дейді Бану қыздың жанына отырып, – Бұл сенің итің болуы екіталай. Ол бізде көп уақыттан бері тұрады.
– Қоңыр менің емес, құрбымның иті, – деді қыз қорықпай қолын темір торға сұғып. – Қоңыр, бұл сенбісің?
Ит келісіп, қыздың жіңішке саусақтарын жалап, құйрығын ерекелете бұлғаңдатты.
- Оны көлік қағып кеткен, - деді Бану әлі сеніңкіремей. - Әлиев көпірінде. Екі жыл бұрын.
- Ол екі жыл бұрын жоғалып кеткен еді. Бұл дәл сол.
Сәлден соң Қоңырдың жанұясы оны суретінен таныды. Әрине, олар үшін бұл үлкен қуаныш болды. Қазір ол үшін үйшік дайындап жатыр - екі жылдан кейін ол айтарлықтай өсіп кетті, жақын арада үйіне оралады.
…Бәлкім, біз де мейірімділікті жоғалтпаған шығармыз.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор және «Sen Foundation» еріктілері