Атырау, 28 қараша 03:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

«Миссис ARU PROJECT-2023: аналар сайысы

Сурет
1 207 просмотра

27 сәуірде «Mиссис ARU PROJECT -2023» байқауының гранд-финалы өтті. Атырауда мұндай форматтағы байқау алғаш рет өтіп отыр. Осы жобаның ұйымдастырушысы әрі авторы Сұлубике ҚАРЫМОВАМЕН әңгімелескен едік.

– Сұлубике, жоба және оның мақсаттары туралы айтып берсеңіз.

– Идея бұған дейін көп уақыт бұрын пайда болды. Бәрін жинап алып, бір күнде дайындап, шыға қойған жоқпыз. Екі ай бұрын кастинг жариялаған едік, оған 60-тан астам адам қатысып, бар болғаны 12 адам өтті. Біздің жобаның мақсаты – біздің әйелдерді жан-жақты дамыту, өйткені әйел тек ананың рөлін ғана ойнамайды, ол психологиялық, эмоционалдық, физикалық және рухани тұрғыда дамиды. Мұның бәрін жоба аясында жасап жатырмыз, ұлттық салт-дәстүрге де көңіл бөлеміз, қазақ тілін қолдаймыз – байқағаныңыздай, байқау қазақ тілінде өтіп жатыр. Бізде қазақша оқымаған қыздар бар, ал қазір олар оқып та, тіпті ән айтып та жатыр! Мұның бәрі мәдениетімізге деген сүйіспеншілікті тудырады, біз оларды мақтан тұтамыз және олардың дамуына үлес қосқанымызға қуаныштымыз.

– 12 қатысушының бәрі финалға шықты ма?

– Жоқ, небәрі тоғызы, олар Айгүл Қалыбаева, Әсел Мырзағалиева, Ұлболсын Сатанова, Әзиза Әубекерова, Әйгерім Сәулен, Наргиз Бақтығалиева, Гүлнұр Мұқанбаева, Лунара Апанаева және Шолпан Сиссеналиева. Үшеуі дайындық кезеңінде жарыстан шеттетілді, оның себептері болды. Барлық қатысушы үшін шарт бірдей және бәрін алдын-ала талқылап, осында келген екенсіздер, белсенді дайындалуға, барлық сабақтар мен жаттығуларға қатысуға келісесіздер деп ескерттік. Мұның бәрі тегін жасалып жатыр. Құдайға шүкір, бізді қолдап, жобамыздан шабыт алып жатқан сарапшыларымыз бар.

Бастапқыда бізде гипотеза болды – бәлкім, бұл жақсы болар, мүмкін көмектесер, өйткені біз де қатысушылар секілді анамыз, біз де бір кездері белсенді болдық, мысалы, өзімізді қайтадан көрсеткіміз келеді ғой дедік. Біз оларды, олардың ішкі күйін түсіне отырып, осындай іс-шара ұйымдастырдық. Біздің барлық ойымыз бен идеяларымыз шынымен де біз қалағандай, тіпті одан да жақсы жүзеге асты. Екі ай бойы финалистерімізді дайындадық, өзгерттік, дұрыс тамақтануды үйреттік, стрейчинг, хореография және т.б. бойынша сабақ өткіздік.

Сонымен қатар Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» атты қазақ тіліндегі кітабын оқыдық. Әрқайсысы өз бетінше оқып қана қоймай, апта сайын кездесіп, кітап клубының маманы оларға ақпаратты талдап, синтездеуді үйретті. Айтпақшы, бүгін бізде осы кітап бойынша өте қызықты сайыс болады.

- Неге «мисс» емес, «миссис» деп таңдадыңыздар?

– Бастапқыда, қазан айында, идея пайда болғанда «біздің өз жұлдызымыз болсын, «Мисс ARU PROJECT» болсын» деген ұсыныс жасадым. Бірақ кейін оны «миссис» деп, проблемалары, отбасы қамы бірдей тұрмыстағы әйелдер мен аналар арасында ұйымдастыруды жөн деп ұйғардық, өйткені барлығына берілген мүмкіндік бірдей болды.

Ал бүгін үлкен сахнада қыздарымыздың қалай өзгергенін, байқауға қаншалықты ыждағаттылықпен дайындалғанын көріп отырмыз. Ең маңыздысы: залға қараңыздар, бүгін біздің қатысушыларды қолдауға олардың отбасы - жолдасы, ата-анасы және балалары келіп отыр. Бұл үшін оларға өте ризамыз. Оның үстіне байқауға дайындық барысында кейбір қыздар күйеуінің өзімен бірге кітап оқи бастағанын, дұрыс тамақтанып, отбасындағы қарым-қатынастың жақсарғанын байқай бастаған.

Бізге әртүрлі қаладан делегация келетінін, біз бір-бірімізді танитынымызды, пайдалы ақпараттармен бөлісетінімізді  және олар біздің тәжірибемізге сүйене отырып, өз қалаларында дәл осындай клубтарды ашып жатқанын атап өткім келеді, мысалы, Ақтауда «Асылым» клубы, Өскеменде «Сырласу» және т. б. Біз, әрине, бір-бірімізбен бәсекелеспейміз. Керісінше, пікірлес жандарға қол созуға әрқашан қуаныштымыз.

Біз қыздарымызға, бізге, жобамызға сенім білдіргені үшін ризамыз. Бүгінгі іс-шараның нәтижесіне қарамастан біз үшін олардың бәрі жеңімпаз, бір-бірімен тең. Болашақта жыл сайын осындай байқау өткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі финалистеріміз оған тәлімгер ретінде белсенді қатысады.

Біз кейбір қатысушылармен тілдескен едік.

Айгүл ҚАЛЫБАЕВА, отанасы, екі қыздың анасы, экобелсенді, жалпы өте белсенді әрі позитивті жан:

- Бұл клубқа екі жылдан астам уақыттан бері барып жүрмін. Өтінім берген кезде ең алдымен ұйымдастырушыларды қолдап, жаңа жандармен, жаңа ортамен танысқым келді. Өйткені адамдармен араласқанды жақсы көремін. Финалға дайындалған 1,5 айдан кейін қыздардың бәрі ет жақын, туғанымдай болып кетті.  

Қатысу мақсатым – кез келген сайыстағы секілді жеңіске жету. Финалға бір апта қалғанда кім жеңіске жетсе де сол жан үшін өте қуанышты боламын деп өзімді дайындадым. Жеңіске жеткен жақсы ғой, бірақ адам әдемі жеңіле де білуі керек. Бұл қолымнан келді деп ойлаймын. Байқаудан кейін таныстарым да, тіпті бейтаныс жандар да келіп құттықтап жатты. Бастысы – көпшіліктің сүйіспеншілігі ғой. Мұның бәрі маған шабыт береді, одан әрі алға басуыма, дамуыма ықпал етеді, келіп, кешкі уақыт болғанына қарамастан соңына дейін отырған баршасына алғыс білдіремін. Бізге күш-жігерін жұмсаған ұйымдастырушыларға алғысым зор. Шара жоғары деңгейде өтті.

Ұлболсын САТАНОВА, қазіргі уақытта декреттегі ана:

- ARU PROJECT жобасы туралы бір жыл бұрын білдім, клубқа бара бастадым. Кастинг жариялаған кезде дереу бардым. Екі ай бойына бізді дайындап, үйретті. Өз басым қатты өзгердім. Көп нәрсе үйрендім, дұрыс тамақтануды білдім, камерадан қорықпайтын бодым. Байқау керемет өтті, сахнаға алғаш рет шықтым. Мені қолдауға бүкіл отбасым – жұбайым, балаларым, ата-анам келді. Дайындық барысында қыздармен жақын араласып кеттік. Әрбір қатысушының үйренетін нәрсесі бар және бұл қуантады.

Әрине, кез келген байқауда жеңімпаз болады, бұл байқауда ол Шолпан СИССЕНАЛИЕВА.

– Шолпан, жеңіс құтты болсын. Бұл байқауға қалай келгеніңізді айтып берсеңіз.

– Мамандығым журналист, осы салада 15 жыл қызмет етіп келемін. Қазіргі уақытта декреттік демалыстамын, кішкентайым қазір бір жарым жаста. Байқау туралы кездейсоқ білдім, барып сауалнама толтырдым, кастинг болады деген хабарлама келіп мені шақырған кезде, ең алдымен күйеуіммен ақылдастым. Ол ойланбастан: «Бар!» - деді, бұл үшін оған көп рахмет! Мен тек қызығушылықпен, барып көрейін деп ойладым.

Кастингке келгенде, таң қалдым - біріншіден, өтініш берушілер көп болды, екіншіден, бәрі өте талантты еді, бірі билесе, бірі шпагатқа отырды, ән айтты, білесіз бе, мен айналама қарап, жооқ, менен қандай миссис болсын, маған бармайтын нәрсе екен деп ойладым (күлді).

Бірақ соған қарамастан өнер көрсеттім, өйткені бекер келген жоқпын ғой. Барлық сұраққа жауап беріп, өтпеймін деп кетіп қалдым. Финалистер арасында өз есімімді көрген кездегі таң қалғанымды көрсеңіз. Осыдан кейін, жасырмаймын, қатысу керек пе, жоқ па деген күмәнім болды. Бірақ соңына дейін жетіп, қолымнан келгеннің бәрін жасаймын деп нық шештім. Екі ай бойы тыңғылықты дайындалдық. Мен билеуді ерекше ұнататынмын, өйткені бұл менің бала кезімнен арманым еді. Күндіз-түні дайындалдым, бәріміз тырыстық, ең алдымен ұйымдастырушыларды жерге қаратқымыз келмеді, сонымен қатар өзімізге деген сенімімізді жоғалтпадық.

Мұндай жобалар өте қажет деп есептеймін. Жас кезімізде көбіміз «Күз аруы», «Университет аруы» және т. б. түрлі байқауларға қатыстық қой. Жас, белсенді болдық, ал тұрмысқа шыққаннан кейін күйеу, отбасы, балалар сияқты басқа құндылықтар пайда болды. Әйелдер ешқайда қатыспайды ғой, күйбің тірлік оларды ақырындап «жеп жатыр». Бұл байқау енді ешқашан жарысқа қатыспаймыз деп ойлаған отбасылы әйелдерге арналған. Ал мен, 36 жасымда сахнаға шығып, жас кезімдегі арманым орындалады деп ойламаппын. Бірақ бәрі де мүмкін болып шықты, бастысы адам қалау қажет екен.

Елена СҮНДЕТОВА

Автор түсірген және байқауды ұйымдастырушы жолдаған суреттер

30 сәуір 2023, 18:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.