Атырау, 25 қараша 16:44
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Прокуратура балық қорғау инспекциясы мен су полициясының қызметіне риза емес

3 823 просмотра

9 сәуірде облыстық әкімдікте өткен кеңесте Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы (балық қорғау) инспекциясының қызметі өткір сынға алынды.

Облыс прокурорының орынбасары Серік ШАЛАБАЕВ баяндама жасады. Ол атап айтқанда, балық қорғау инспекциясының қызметі қанағаттанғысыз екенін мойындау керектігін, өйткені бүгінде оның негізгі жұмысы – ескі және иесіз ау-торларды тралдау екенін айтты.

2012 жыл ішінде балық қорғау қызметінің инспекторлары құрылған 1294 торды, 2013 жылдың 1-ші тоқсанында - 314 ау-торларды залалсыздандырған. Осы жерден мынадай қорытынды жасауға болады: өткен жыл ішінде жинақталған қылмыстық сипаттағы заң бұзушылық туралы материалдардың 77%-ы торларды анықтаумен байланысты.  

- Өздеріңіз ойлап қараңыз. Өткен жылда және өткен тоқсанда штатында 306 адам бола тұрып, инспекторлар браконьерлікпен байланысты бірде бір қылмысты анықтамаған. 22 қаңтарда табиғат қорғау прокуратурасының қызметкерлері мен қаржы полициясы Атырау-Астрахан трассасынан 16 тонна қара балық тиеген «MAN» жүк көлігін ұстады. 1 ақпанда Атырау-Доссор трассасында 11 тонна қара балық тиелген КамАЗ ұсталды. Тергеу барысында тәркіленген балықтың браконьерлерден алынғаны белгілі болды. Сонда балық қорғау инспекциясы нашар жұмыс істейді немесе олар браконьерлермен бірге деген тұжырым жасауға болады, -деп мәлімдеді Шалабаев. Ол су полициясын да сынға алды:

- Браконьерлікпен күресте ІІД-нің балық қорына қол сұғушылықпен күрес бөлімі де дәрменсіздік танытып отыр. Өткен жылда және 1-тоқсанда бөлім бар болғаны 119 қылмысты анықтады. Оның 110-ы – заңсыз ауланған балықты сату фактілері, тек 9-ы ғана браконьерлік фактісі. Сонда су полициясының жұмысы заңсыз балық саудасын анықтаумен шектелетін болғаны ғой. Ал браконьерлікпен айналысатын қылмыстық топтар жазасыз қалады.

Прокурордың айтуынша, браконьерлерден тәркіленген балық пен уылдырық уақытында сауда нүктелеріне өткізілмей, тәркіленген мүлік талан-таражға түседі екен:

- Браконьерлерден тәркіленген балықтарды сақтаумен айналысатын «Надежда-1» ЖШС-ін тексеру кезінде қылмыстық қудалау органдары қызметкерлерінің немқұрайлылықпен қарауы салдарынан 2010-2013 жылдар ішіндегі жетіспеушілік 757 келі қызыл балық пен 179 келі қара уылдырықты құрады. «Надежда-1» ЖШС қоймасынан пайдалануға жарамсыз 430 келі қызыл балық пен 18 келі қара уылдырық табылды. Осы факті бойынша тергеуге дейінгі тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Осы баяндамадан кеңеске қатысқан облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТІҢ және құқыққорғау органдары басшыларының қандай тұжырым жасағаны бізге беймәлім. С. Шалабаевтың баяндамасынан кейін журналистерден залдан шығуды өтінді. Келесі күні біз балық қорғау инспекциясының бастығы Әлібек БҰХАРБАЕВҚА қоңырау шалдық. Ол кеңесте ешқандай қарар қабылданбағандығын айтты. Орган басшылары басталып жатқан «Бекіре-2013» операциясы барысында өзара байланыста әрекет етуге келісім жасапты.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

11 сәуір 2013, 19:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.