АСТАНА, 11 сәу – Қазақстан жаңалықтары АА. Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысы өтті, деп хабарлады республика президентінің баспасөз қызметі.
Отырыс барысында Ұлттық қордың қаражатын пайдалану жөніндегі тұжырымдамалық тәсілдер, сондай-ақ оның активтерін орналастыру бағыттары қаралды.
Мемлекет басшысы бүгінде еліміздің экономикалық саясатындағы ұзақ мерзімдегі перспективаға арналған Ұлттық қордың одан арғы рөлі мен орнын нақты айқындау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Ұлттық қор, бұл ¬– болашақ ұрпақтың ақшасы, соған байланысты оның тек ең айрықша жағдайда ғана пайдаланылуы мүмкін екенін атап көрсетті.
Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қордың қаражатын ағымдағы мәселелерді шешудің көзі ретінде қарастырмауды, ал оның орнына тиімсіз бюджет шығысын қысқарту, қаржы тәртібін күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу және салық салынатын базаны арттыру қажеттігін қадап айтты.
Осы орайда, Қазақстан Президенті таяу уақытта бюджеттің теңгерімділігі жөнінде нақты шара қабылдаудың маңыздылығына назар аударды.
Мемлекет басшысы отырыс барысында маңызды мәселелер бойынша келісімге қол жеткізілгеніне тоқталды.
- Біріншіден, Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп 1 маусымға дейін қаржы-кредит қатынастарының жаңа жүйесі аясында Үкімет пен Ұлттық Банктің үйлестірілген шарасы есебінен тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі толық есеп жөнінде бірлескен ұсыныстар енгізсін. Екіншіден, Ұлттық қордың республикалық бюджетке мақсатты трансферттер бөлу бөлімінде ұсынылған өзгерістер мақұлдансын. Бұл ретте мен Үкіметке өзге мүмкіндіктерді мейлінше пайдалану туралы тапсырма беремін. Ұлттық қор тек егер стратегиялық маңызы бар жобаларды қаржыландырудың басқа көздері болмаған жағдайда ғана пайдаланылуы тиіс. Сондықтан бірінші кезеңде, жоба, оның техникалық-экономикалық негізі әзірленіп, сондай-ақ қаражат қайтарымы есептеліп болғаннан кейін ғана біз аса маңызды автомобиль жолдарын қалпына келтіру жұмыстарын бастау үшін қаржы бөлетін боламыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осыған орай, Қазақстан Президенті Астана-Алматы жоғары жылдамдықтағы пойызға арналған теміржол жобасы қосымша талдауды қажет ететінін мысал ретінде келтірді.
- Осындай теміржол салғымыз келді, алайда мен Қытайда болғанымда бұл мәселені зерделей келе, біріншіден, оның өте қымбатқа түсетін жоба екенін байқадым. Екіншіден, мұндай теміржол үнемі назарда ұстап отыруды және жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Оның үстіне, Астана мен Алматы арасындағы жолаушылар ағыны осынау жолдың мол табыс әкелуін қамтамасыз етпейді. Сондықтан бұл идея, ең алдымен біз қаржыландыруды бастамай тұрып, мұқият есептеуді қажет етеді, - Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Үкіметке 1 маусымға дейін ұсынылған инфрақұрылымдық жобалар жөніндегі қажетті құжаттарды әзірлеуді және бекітуді және оларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордың қаражатын пайдаланудың тетіктерін айқындауды тапсырды. Сондай-ақ, бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылау үшін жобалардың қаржылық бөліміне мониторинг және аудит жүргізу тетіктерін пысақтаған жөн.
«Белсенді талқыланып жатқан тағы бір мәселе – Ұлттық қордың екінші деңгейдегі банктерді қорландыру үшін қаражат бөлуі. Мен бұған үзілді-кесілді тиым саламын, бұл мәселе жөнінде нақты шешім қабылданды. Екінші деңгейдегі банктерде қаражат тарту үшін көптеген түрлі мүмкіндік және құралдар, сондай-ақ, өзге де резервтер бар. Және оларды пайдалану керек, біреу тегін ақша береді деп сенбеу керек. Жұмыс жүргізіп, бәсекеге түсу қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Отырыс барысында Премьер-Министрдің орынбасары Қайрат Келімбетов пен Ұлттық Банк төрағасы Григорий Марченко есеп берді.
Мемлекет басшысы отырыс қорытындысы бойынша қаралған мәселелер жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Дереккөз: newskaz.kz