Атырау, 28 қараша 04:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

«Жанармай бағасын реттеу шағын мұнай компанияларының күйреуіне әкеледі»

1 148 просмотра

Қазақстанда Энергетика министрлігінің бензин мен дизель отынының шекті бөлшек сауда бағасы туралы бұйрығы күшіне енгені белгілі. «Светланд-Ойл» ЖШС бас директоры Жеңіс ӘБІЛҚАРЕС жанар-жағармай бағасын мемлекеттік реттеу мұнай өндіруші шағын компаниялардың күйреуіне әкеледі деп есептейді. Өз пікірін ол Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Жер қойнауын пайдалану және мұнай сервис қызметтері жөніндегі кеңестің отырысында айтты.

ӨКП баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта ҚР Энергетика министрлігі «Светланд-Ойл» ЖШС үшін мұнай экспортына квота белгіледі. Компания өндірілген мұнайдың барлығын ішкі нарыққа жеткізеді. Бұл шара көктемгі дала жұмыстары кезінде қабылданған.

 – Экспортты шектеу және жанар-жағармайға шекті рұқсат етілген бағаны белгілеу біздің компанияға қатты әсер етті. Ал енді біз үшін тығырықтан шығудың бірден-бір жолы – инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды тоқтату, оның ішінде жаңа ұңғымаларды бұрғылауды белгісіз мерзімге шегеру, - дейді Ж.Әбілқарес. – Ұңғымаларды бұрғылауды тоқтата тұру мұнай өндіруді азайтумен қатар, келісімшарт міндеттемелерін орындамағаны үшін Энергетика министрлігінің бәлен миллиондаған айыппұл салуына әкеп соғуы мүмкін. Аталған факторлардың жиынтығы мұнай өндірудің қысқаруына, жұмысшылар санын мәжбүрлі қысқартуға ғана емес, сайып келгенде, өндірістің толық тоқтап қалуына әкелуі мүмкін. Компания шығынға ұшырайды, барлық деңгейдегі бюджеттерге төлемдер тоқтатылады, мұнай және мұнай өнімдері нарығына ресурстар аз түседі, адамдар жұмыссыз қалады. Осы орайда тығырықтан шығу үшін ұсынысымды айтқым келеді. Отандық компанияларды санаттарға бөлу керек деп ойлаймын. Ай сайынғы мұнай өндіру көлемі 10 мың тоннадан аспайтын кәсіпорындар экспорт бойынша шектеулерден босатылуы керек немесе шектеулер кезеңінде оларға салық жеңілдіктері берілуі керек. Әріптестерім мені қолдайды деп ойлаймын. Бірге бас қосып, осы мәселені шешу жолдарын талқылауымыз керек.

Сондай-ақ ол Атырау мұнай өңдеу зауытындағы мұнай өңдеу қызметінің құны Павлодар мұнай-химия зауытына қарағанда әлдеқайда жоғары екенін айтты. Осыған байланысты өңірдегі жер қойнауын пайдаланушылар ПМХЗ қызметін пайдалануға мәжбүр.

ӨКП баспасөз қызметінің хабарлауынша, талқылау қорытындысы бойынша Кеңес мүшелері өңірдің жер қойнауын пайдаланушылармен кездесу ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, Атырау облысының басшылығына және Энергетика министрлігіне өндіріс көлемі айына 10 тоннадан аспайтын компанияларды экспорттық шектеулерден босату немесе оларға шектеулер кезеңінде салық жеңілдігін беру мүмкіндігін қарастыру, сондай-ақ мұнай өңдеу зауытының қызметтеріне бірыңғай тариф белгілеу ұсыныстарымен хат жолдау жоспарлануда.

Айта кету керек, бүгінгі таңда өңірімізде 18 мұнай өндіруші компания бар болса, оның ең ірісі үшеу – «Теңізшевройл», «НКОК» және «Ембімұнайгаз» компаниялары.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

20 сәуір 2023, 00:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.