Биыл Атырауда агроаймақ құрылысы басталады. Ол үшін Бірлік елді мекенінің артында жалпы ауданы 70 гектар аумақ дайындалуда. Жылыжай салып, егін шаруашылығымен айналысуға дайын тұрғындарға жергілікті билік жер телімін бермек, ал қала әкімдігі инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етуге уәде беріп отыр.
Бұл туралы жергілікті шаруалармен және Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен кездесу барысында қала әкімі Мейірім ҚАЛАУИ мәлімдеді, деп хабарлайды ӨКП баспасөз қызметі.
Билік өз өндіріс көлемін ұлғайту арқылы азық-түлік бағасының өсуімен күреспекші.
Шаруалардың басты мәселесі – ауылшаруашылық аумағындағы инфрақұрылымның жоқтығы екені белгілі. Мәселен, Сарыөзек каналының бойына электр желісін тарту мәселесін шаруалар бірнеше рет көтерді. Кездесуде қазір бұл учаскеге электр желісі тартылып жатқаны, содан кейін Зарослый елді мекеніне электр желісін тарту жоспарланып отырғаны белгілі болды. Жұмыс жеке компаниялардың демеушілік қаражатына жүргізіліп отыр.
Мейірім Қалауи бұған жауап ретінде жергілікті билік шаруалардан жылыжай санын көбейтіп, тиісінше жақсы өнім күтетінін атап өтті.
– Бұл мәселелер ұзақ уақыт ашық күйде қалды, енді біртіндеп шешіліп келеді. Биыл Сарыөзек, Соколок каналдарының бойындағы жұмыстарды толық аяқтасақ, келесі жылы Зарослый ауылына электр желісін тартуды жоспарлап отырмыз. Каналдарды тазарту және толтыру жұмыстары да кестеге сай жүргізілуде, - деді әкім. – Екінші өзекті мәселе – игерілмеген жерлер. Қазір жер инспекциясы қызу жұмыс істеп жатыр, игерілмей жатқан жерлердің барлығы мемлекетке қайтарылады, бұл біздің ұстанымымыз. Үлкен аумақтар бос тұр, ал біз сонда шынымен жұмыс істегісі келетіндерге жер таба алмай жатырмыз. Биыл 3 мың гектардай жер мемлекет меншігіне қайтарылуы керек, біз оларды тез арада конкурсқа шығарамыз.
Кездесу барысында шаруалар өздерін толғандырған, негізінен ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемін ұлғайтуға қатысты сауалдарын қойды.
«Феликс» шаруа қожалығының басшысы Енисей ЮННЫҢ айтуынша, сыйымдылығы 3 мың тонна өнім болатын көкөніс қоймасын салу үшін жерді кеңейтуге (шамамен 70 сотық) құжаттарын тапсырған. Бірақ тапсырылған құжаттар жер бөлімінде «ілініп тұрғандықтан» іс қозғалмай тұр.
– Сондай-ақ, біздің шаруашылық тұрақтандыру қорының операторы болып табылады, келесі жылы өнім көлемін көп жеткізуді жоспарлап отырмыз. Кәсіпкерлік бөліміне хат жолдап, қосымша үш сауда нүктесін сұрадым. Осы мәселелердің шешілуіне ықпал етуіңізді сұраймын, – деді шаруа қала әкіміне.
– Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы - жер комиссиясының мүшесі және облыстық жер қатынастары басқармасының басшылығымен байланыста, сондықтан онымен осындай мәселелерді тікелей шешуге болады. Бизнесті дамытуға жауапты орынбасарым да бар. Егер олар өз деңгейінде шеше алмаса, маған тікелей қоңырау шалуыңызға болады. Шаруалар үшін жерді кеңейту мәселесін жедел шешу қажет. Сауда нүктелеріне келетін болсақ, шаруалар өз өнімдерін халыққа тікелей сатқысы келсе, ешқандай проблема жоқ, мен толық қолдаймын. Мамырға дейін өтініш беру керек, содан кейін шешім шығарып, рұқсат береміз, - деп жауап берді М.Қалауи.
Ол сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты қандай түрлері тапшы, облысымызға қандай көлемде және қайдан әкелінетіні туралы өзекті мәліметтерді шаруаларға жеткізу қажеттігін айтты. Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан СҮЙІНБАЕВ Палата бұл ақпаратты жинауға және шаруалар арасында таратуға белсенді атсалысатынын жеткізді.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА