Атырау, 28 қараша 04:34
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Жем суға толды

1 947 просмотра

Биыл Жылыой ауданына Ақтөбенің табиғи Мұғалжар тауынан қар суы молырақ келіп, Жем өзені бойын суға толтырды. Жемнен бастау алатын Құрсай өзегі мен Қамыскөл суға толып тұр. Қуантарлық жағдай.  

Жалпы Жылыой ауданына жыл сайын сәуірдің 5-10 аралығында су келе бастайтын. Биыл өр суы наурыздың басында, яғни бір ай бұрын ерте келді. Су мол келгесін ауданда су басу қаупін болдырмаудың жолдары қарастырылып, су тасқынына байланысты алдын ала шаралар ұйымдастырылды. Құлсары қаласын 1993 жылы су басқан еді. Аудан әкімінің орынбасары Әнуар ШАКИРОВ арнайы техникалар жұмылдырылып, Жем ауылдық округі Тұрғызба ауылы маңына көлемі 4 км жуықтайтын қорғаныс бөгеті, Қарағай елді мекені маңындағы Құрсай өзегі бойындағы жыраларды топырақпен биіктету, нығайту жұмыстары жүргізілгенін айтты. Сондай-ақ демеушілікпен арнайы техникалардың күшімен «Сегізінші», «Тоғызыншы», «Бесінші», «Жетінші», «Атырау», «Автожолшылар», «СМП-224» ықшамаудандарын су басудың алдын-алу мақсатында топырақпен биіктету жұмыстары іске асырылған. «Құлсары-Шоқпартоғай» тас жолының су өткізгіш тұрбалардың айналасына да осындай жұмыстар жүргізілген.

СУ ҚАНШАЛЫҚТЫ КЕЛДІ?

2018, 2019, 2020, 2021 жылдары өр суының тым аз келуінен ауданда құрғақшылық орын алған болатын. Шабындық жерлер қалмай, мал азығы көрші аудан, облыстардан тасылып, егіншілер егін егуден амалсыз бас тартқан. Тіпті кейбірі Махамбет ауданынан жер алып, егістік салуына тура келді. Аудандағы жалғыз Қамыскөл құрғап қалудың аз-ақ алында тұрса, жерасты сулары қашып кетті.

- Бейсеке ата учаскесі маңындағы көпір астында келген судың биіктігін көрсететін баған бар. Жалпы қаншалықты су келіп, кетіп жатқанын осы бағандағы сандарға қарап топшылаймыз. Бұрын су тереңдігі 1 метр 80 см көрсетіп тұратын, биыл 2 метр 40 см биіктікке көтерілген. Су ерте келді, Құрсай өзегі арқылы Қамыскөлді толтырып, Бақашы өзегіндегі шлюзді жаптық, - дейді аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұртас ҚУАТБАЕВ. - Су жайымен келіп жатыр, бұрынғы арнасынан төмен түсті, қалыпты деңгейде десе болады. Жем өзенінің бойындағы шабындық, тоған, көлшіктер түгелдей суға толып, қуантып тұр. Бұрын құрғап жататын «Айранкөл» учаскесі маңына да су жетті. 

- Жем суға толып жатыр екен, теңізге құйды ма?

- Жете қойған жоқ. Жылма-жылғы құрғақшылықтан теңіз де «қашып» кеткен. Жалпы Құлсарыдан 100 шақырым қашықта жатыр. Өзен суы теңізге дейінгі 30 км жетпей қалды. Теңізге жетуі үшін Жем өзеніне түп-тереңдету, тазалау жұмыстары жүруі керек. Өзеннің бойы тазартылмағандықтан, көп жерін топырақ басқан, арналары да бітеліп қалып жатыр. Жем өзенінің жалпы ұзындығы 712 км болса, оның 500 км Ақтөбе облысына тиесілі, ал 212-сі Жылыой ауданында жатыр. Жалпы өзен бойын тазарту жұмыстары алдағы даму жоспарына енгізілген. Ол жұмыс қашан басталатынын нақты айта алмаймын.

- Келген бар суды тиімді пайдалану мүмкін бе?

- Судың келгені жақсы, ол молшылық қой. Мұғалжар тауы қарға толса су жақсы келеді, ал қар аз түссе, қуаңшылықтың орын алғаны. Оны бастан өткеріп жатырмыз. Дегенмен келген суды тиімді пайдалану ол басқа әңгіме. 2016 жылы Парламент депутаты болып тұрғанында Сарсенбай ЕҢСЕГЕНОВ  «Аралтөбе» учаскесінен су тоғанын салу мәселесін көтерген болатын. Жалпы 1969 жылы 50 млн текше метрлік тоған салу жоспары жасақталып, кейін орындалмай қалған. Еңсегенов те осы мәселені қайта жаңғыртқанмен тағы да аяқсыз қалып тұр. Сол себептен осы  жай қайта қолға алынса дейміз. Әйтпесе келер жыл мол су бола ма, жоқ па белгісіз, ол табиғатқа байланысты. Соңғы жылдары қуаңшылықтың орын ала бастауы осы жұмысты жеделдете шешуді талап етеді.

Р.S. Бүгінде судың келуі бұрынғы деңгейден төмен түсе бастады, бірақ әлі де келіп жатыр. Өзен бойында шағалалар үні шалықтап естіледі.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор   

18 сәуір 2023, 10:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.