5 сәуірде облыстық әкімдікте облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті. Онда әйелдерді жұмысқа орналастыру және ерте жүкті болу мәселелері талқыланды.
-Жыл басынан бері жұмыспен қамту органдарына 2917 адам тіркелген, олардың жартысынан көбі (1750) – әйелдер, - деп атап өтті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира ШАКИРОВА.Жұмыс берушілер жұмысқа ер адамдарды алуды қалайды, өйткені олар іссапарларға оңай барады, декретке шықпайды, бала күтіміне байланысты демалыс алмайды. Әсіресе, жұмыс тәжірибелері жоқ немесе декреттік демалысқа байланысты ұзақ уақыт бойы жұмыстан қол үзіп қалған әйелдерге жұмыс табу өте қиын.
Жұмыстың жоқтығы – аз қамтылған отбасылардың ауыр жағдайының басты себептерінің бірі. Өткен жылы осындай 649 аз қамтылған отбасы 75 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алған. 18 жасқа жетпеген балалары (барлығы 18,9 мың бала) бар аз қамтылған отбасыларға өткен жылы жергілікті бюджеттен 255 млн теңге төленді.
Атырауда соңғы кезде бала көтерген кәмелет жасқа толмаған қыздардың саны артқаны туралы мәселені облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина КАМЕЛОВА көтерді:
- 2012 жылы жүктілік бойынша есепте 15-18 жас аралығындағы 1153 қыз болған. Олардың 12-сі ауылдық жерлерден. 64 жасанды түсік жасалған, олардың екеуінде 15 жасқа толмаған қыздар тіркелген. Ерте жүкті болу, әсіресе, дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанушылар ішінде көп кездеседі. Мен өзім кәмелетке толмаған екі жасты, бірін 14 жаста, екіншісін 16 жаста күйеуге берген отбасыларды білемін. Бұл уақытта адам ағзасы ана болуға дайын болмайды және өмірге келген балаларының денсаулығында проблемалар болуы мүмкін. Мәселенің әлеуметтік жақтарын да ұмытпауымыз керек: некелер АХАТ-та емес, мешіттерде тіркеледі. Бұл құжат емес. Жас анада білім де, мамандық та болмайды, бұл оны қорғансыз етіп, қаржылық тұрақсыздық тудырады.
- Асығыс шешім шығарудың қажеті жоқ. Бұл қыздар белгілі бір діни көзқарастарды ұстанатынын қайдан білесіздер, сіздерге өздері айтты ма? - деп сұрадыоблыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияныңтөрағасы, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН.
- Бұл олардың сыртқы келбеттерінен белгілі, олар түгелдей оранып, беттерін жауып алған, - деп жауап берді Д. Камелова.
Қазір барлық емдеу мекемелерінде «Жастар орталығы» кеңес беру кабинеттері жұмыс жасайды, алайда жастар онда бармайды. Олар ол жерде таныстары көріп қалады деп қорқады. Д. Камелованың пікірінше, мектептерде алдын алу жұмыстарын жүргізіп, қыздар кеңесін ұйымдастыру керек, жастарға ерте жүкті болудың зардаптарын түсіндіру қажет. Ал облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Зылиха ДҮЙСЕКЕНОВА мұндай кеңестер қазірдің өзінде бар екенін хабарлады. Алайда, балалар жастар орталығына хабарласуға ұялатын болса, мектеп кеңесіне екі бастан бармайды – мұғалімдері мен құрдастары біліп қояды деп қорқады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА