Осы жылдың соңына дейін Атырау мұнай өңдеу зауыты төрт газ құбырына олардан шығатын шығарындылардың құрамын жазып, мемлекеттік бақылаушы органдарға деректерді үздіксіз жіберетін датчиктер орнатуға уәде беріп отыр.
Автоматты мониторинг жүйесі (АМЖ) кокс пен күкірт өндіретін, жылу мен электр қуатын және хош иісті көмірсутектер өндіретін қондырғыларда жұмыс істейтін болады. АМӨЗ көкжиегінде осы төрт құбыр көрініп тұр, сонымен қатар олар тұрғындардың жіті назарындағы нысандар, өйткені шын мәнінде зауыттағы ластаушы заттар шығарындыларының негізгі көзі осылар.
АМЖ автоматты түрде пайдаланылған газдардың құрамын бақылаушы органдарға жолдайды, ал олар өз кезегінде бұл деректерді бізге беймәлім жолмен адамдарға жеткізеді. Бәлкім, лэд-дисплейлерде ауа температурасымен бірге күкіртті ангидрид, күйе, метан, азот оксидтері және көміртегі оксиді туралы деректер көрсетілетін шығар.
АМЖ 1 шілдеге дейін аяқталады
Осы және кем дегенде тағы төрт жобаны зауытта Атырау облысындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл туралы дүйсенбі күні «Атырау МӨЗ» ЖШС бас директоры Мұрат ДОСМҰРАТОВТЫҢ төрағалығымен өткен брифингте айтылды.
Шиеленіскен экологиялық ахуалды сейілтетін тағы бір жаңалық – мұнай өңдеу зауыты 2028 жылға қарай атмосфераға шығарындыларды 82%-ға – жылына 1242 тоннадан 223 тоннаға дейін азайтуды жоспарлап отыр. Ал бұл уақытқа дейін барлығына жиіркенішті иістер азаяды. Қалайша?
- Біз Tazalyq жобасы аясында сарқынды суларды механикалық тазарту қондырғыларын (МТҚ) жаңғыртуды аяқтауды жоспарлап отырмыз, - деді М.Досмұратов. – Мұнай өнімдері иісінің 80 пайыз көзі солар. Қазіргі уақытта 3 ашық ағынды су бассейні жойылды, тағы 2-уі қалды, қалғандары 1 шілдеге қарай жойылады. Сондай-ақ авариялық қамба бар, шын мәнінде бұл да мұнай өнімдері бар бассейн. Ол буланудың алдын алатын және тұрғындарды наразы қылатын иістің алдын алатын шатырмен жабылады. Осы әрекеттердің нәтижесінде атмосфераға зиянды заттардың таралуын толығымен жоямыз.
Күрделі кадр мәселесі
Брифингте зауыттағы соңғы екі апатты жағдай туралы да сұрақ қойылды. Белгілі болғандай, екі жағдайда да адам факторы себеп болған:
– Зауытта білікті кадрлардың тапшы екенін жасырмаймын, – деді зауыт басшысы. – Көп мамандар жалақысы жоғары басқа компанияларға кетіп қалады, біз оларды күштеп ұстай алмаймыз. Атырау облысында мамандарымызға жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалатын жаңа кәсіпорындар ашылып жатқандықтан, біз кадрлардың болашақта кететініне әзір отырамыз. Қазіргі уақытта алдын алу шараларын жүргізіп жатырмыз – стажерларды оқытып, біліктілікті арттыру бағдарламаларын жүргізіп, мамандарды шақырып жатырмыз. Республикалық мұнай өңдеу зауыттары арасында ең жоғары жалақы бізде, бірақ біз бұл мәселеде, мысалы, KPI сияқты жаңа мұнай кәсіпорындарымен әлі де бәсекеге түсе алмаймыз. Ол жердегі жалақы АМӨЗ-ден 1,5-2 есе жоғары.
Иіс жайлаған күні келіңіздер
– 7 сәуірде зауытқа мониторингтік топ барды: күкіртсутегі, азот диоксиді және күкірт диоксиді бойынша ауа сынамалары алынды. Өлшемдер ауада күкіртсутегі мен азот диоксиді жоқ екенін көрсетті. Бұл өлшемдерді өзекті болу үшін шығарынды болған күні жасауға болады ма, олар табылады ма? – деп залдан сауал қойылды.
– Әрине, келіңіздер, өлшеңіздер, – деп жауап берді М.Досмұратов. - Біз де бұған мүдделіміз. Егер бізде иіс болмаса, басқа кәсіпорындарға назар аударуға болады, өңірде олардың саны 100-ден асады, ауаның ластануына жауаптыларды іздеңіздер.
Бізге тыныс алуға мүмкіндік беретін 3 жоба
2025 жылдың соңына дейін жүзеге асыруды жоспарлаған жобалардың бірі – жаңа сорғы стансасының құрылысы. Бұл бензин құю кезінде көмірсутектердің булануын азайтатын тағы бір нысан. Барлық құю жұмыстары зауыт аумағынан тыс, қаладан алыс жерде, ашық түсті мұнай өнімдерін автоматтандырылған тактілік құю қондырғысына көшіріледі. Бұл зауыт аумағының газбен ластану қаупін жояды және жылына 50 тоннаға дейін көмірсутектердің таралуын аңғаруға мүмкіндік береді.
Брифингте айтылған тағы бір жоба – мұнай және бензин резервуарларына понтондар орнату. Олардың саны 22. Олады жоспармен 2025 жылы жабу арқылы әрбір резервуардан көмірсутек шығарындылары 80%-ға азаяды, бұл да мұнай өнімдерінің жануына кедергі болады. Қазіргі уақытта 22 резервуардың 3-еуі жабық болса, биыл тағы 7-еуін жабу жоспарланып отыр.
2027 жылдың соңына қарай АМӨЗ баяу кокстеу қондырғысында (БКҚ) мұнай буларын қайтару блогын салады, бұл да атмосфераға ластаушы заттардың шығарылуын азайтады. Жобаның мақсаты – физикалық тұрғыда тозығы жеткен жабдықты ауыстыру. Сыйымдылығы үлкен 2 реактор салуды жоспарлап отыр. Бұл да, брифингті ұйымдастырушылардың айтуынша, ластаушы заттардың шығарылуын азайтады. Рас, қаншалықты азайтылатыны айтылмады. «Мұны жобаны жүзеге асырғаннан кейін ғана есептеуге болады», - деді М.Досмұратов.
Жайықтан су аз алынатын болады
АМӨЗ-де ауадан бөлек өзен суын тұтыну мәселесі де қалып отыр. Брифингте айтылғандай, жобалардың ұзақ мерзімді бесжылдығына «Сарқынды суларды тазарту қондырғысының құрылысын» жүзеге асыру жоспары бар. Осылайша, бұл Жайық өзенінің суын пайдалануды жылына 5 млн текше метрге дейін қысқартуға мүмкіндік береді, олай болса, сарқынды сулар шығарындысын 70%-ға азайтады.
Брифинг соңында «АМӨЗ» АҚ баспасөз қызметі 2022 жылы «АМӨЗ» ЖШС атмосфераға ластаушы заттардың шығарындылары 10 412 тоннаны құрағанын, бұл рұқсат етілген лимиттен 45%-ға аз екенін атап өтті.
Отырғызамыз, суарамыз, кері отырғызамыз ...
Журналистердің жартысы тарап кеткенде, кенеттен тағы бір өзекті мәселе – қаланы қорғауға тиісті жасыл белдеу туралы мәселе көтерілді. Белгілі болғандай, жыл сайын 126 мың көшет отырғызылғанымен, бұл жердің жағдайы мәз емес екен:
– Көшеттердің көбі өліп жатқанын жасырмаймын, – деді М.Досмұратов ашық сөйлеп. – Мердігер оларды суарып, күтіп-баптайды... Бірақ жерсіну көрсеткіші әлі де төмен. Бізге бөлінген жерлерде тұз көп, соры шығып жатыр деуге болады. Біз қала басшылығының алдына бізге осындай ауқымды мөлшерде көшеттерді босқа ысырап етпей, басқа аумақтан жер бөлу туралы мәселе қойып отырмыз...
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА