Индер ауданы арқылы өтіп жатқан Жайық өзені Ресей Федерациясынан бастау алатыны белгілі. Соңғы жылдары өзен суының азайып кеткені жасырын емес.
Осы аудан территориясындағы өзен ұзындығы 217 км, ені 100-200 метр, тереңдігі 0,5-6 метр, ал ағыс жылдамдығы 5 м/сек. Жалпы өзен қар және жаңбыр суымен толығып келеді. Индер ауданы әкімшілігінің хабарлауынша, су деңгейі 3,5 метр биіктікке дейін көтеріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 1 метрге жоғарылаған.
"Судың көтерілуінен ауданға келер қауіп жоқ, - деп хабарлайды Ресей "Гидрометерология және қоршаған ортаны бақылау жөніндегі Приволжа басқармасы" ФМБМ. - 2023 жылғы Жайық өзені бассейнінің көктемгі су тасқынының максималды деңгейі норма негізінде және одан 50-270 см жоғары болады деген болжам бар. ҚР "Қазгидррметеорталығы" РМК зерделеуі бойынша, өзеннің биылғы көтерілу деңгейі 490-550 см болады деген болжам бар».
Биыл өзенге судың келуінен құрғап қалған көлшіктерге су шығуда. Мәселен, Елтай ауылы тұсындағы "Қарасу" көлшігі 10 жылдан бері құрғап жатқан. Соңғы мәлімет бойынша өзен сағасындағы екі Қарасу көлшігі суға толған.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор