6 сәуірде сағат 21.30-да Каспий теңізінің жағалауында қамыс өрті толық сөндірілді. «Қазақстан Ғарыш сапары» космомониторингіне негізделген «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты ақпаратына сәйкес, өрттің жалпы ауданы 1200 га құрады. Флора мен фауна зардап шеккен жоқ, өйткені құстардың ұя салу кезеңі әлі басталмаған.
5 күн бойы өрт сөндірушілер жалынмен күресті. Жел бағытының өзгеріп отыруы, аумақтың сулы, батпақты болуы, сондай-ақ қамыстың тығыз қалың баурайы өрт сөндірушілерге қиындық туғызған.
«Өрт сөндіру автотехникасы өтетін жолдың болмауына байланысты, өртті сөндіру жаяу түрде өрт сөндіргіштер мен сапалақтарды қолдану арқылы жүзеге асырылды. Қамыс өртін жоюға ТЖД 42 қызметкер мен 7 бірлік техника және «Ақ Жайық» табиғи мемлекеттік резерватынан 30 адам мен 9 бірлік техника, 2 қайық, 4 мотопомпа, сонымен қатар, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның СТҚ-5 су төгетін құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы жұмылдырылды. Тікұшақ өрт ошақтарына әуеден 86 рет, жалпы көлемі 260-қа жуық тонна су төгілді, деп хабарлады облыстық ТЖД.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді ТЖД жолдады