Атырау, 25 қараша 14:29
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Динадағы» сиқырлы шөп

13 119 просмотра

Қала базарларынан ыдысқа шөп өртеп, түтіндетіп жүрген әйелдерді көп көруге болады. Олар аз-мұз ақшаға сатушы мен оның тауарларын, қаласаңыз, сізді де бастан аяғыңызға дейін қою түтінмен айналдырып шығады. Шөп адыраспан деп аталады. Сенушілердің ойынша, ол зұлымдықты қуып, сәттілікті шақырып қана қоймайды, сонымен қатар 80 аурудан сақтайды. Басқасы басқа, өзбекстандық қонақтарымыз бұған өте сенімді.

МЕХРИБАННЫҢ ҚҰПИЯСЫ

Өзбекстанның Калайчорбог ауылынан келген Мехрибан атты әйел бірнеше жылдан бері «Дина» базарында адыраспанның бір бумасын 100-200 теңгеден сатып жүр.

- Күніне 25 бумаға дейін сатамын, - дейді ол.– Менің елімде осы шөптерді жинайтын арнайы орындар бар. Адыраспан, сондай-ақ, боян тамыр деген шөптер – өте пайдалы. Бізде бұларды дәріханаларда сатады. Ал мұнда тек адыраспандарды ғана әкелеміз. Біз әрқашан сонымен емделеміз, тұнбалар жасаймыз...

Мен фотоаппаратымды шығарып едім, әйел шошып кетіп, тез кетіп қалуға тырысты. Бірақ мен соңынан қалмадым. Ауыр күрсініп алып, Мехрибан (егер шын аты болса) тұнба құрамын айтып берді:

- Cынған, жарықтары бар ескі қазанды аласың. Тесік неге керек дейсіз бе? Ауа кіріп тұру үшін. Осы қазанды өсіп тұрған адыраспан түбінің үстіне тастайсың. Мұны көктемде жасау керек. Бес-алты аптадан кейін қазан ішінде жабысқақ қабат пайда болады. Пышақпен қырып аламыз. Оның бойында өмір рухы бар, өйткені ол басқа өсімдіктер тамыр жібере алмайтын жерде өседі. Сексен ауруға ем...

Осы аурулардың, ең болмаса, екі-үшеуінің атын білгім келіп еді, алайда шөп сатушы көз алдымнан ұшты-күйлі жоқ болып кетті.

 

КӨЗ ТИЮ МЕН ЖАМАНДЫҚТАРДАН ҚОРҒАЙДЫ

АдыраспанАдыраспанБазардағы сатушылардың адыраспан жағушы әйелдердің қызметін жиі қолданатынын анықтадық. Ол ештеңе емес, олар осы шөптің сиқырлы күшіне шынымен сенеді екен.

- Аурулар туралы білмеймін, бірақ сатып алушыларды шақыратыны сөзсіз, - дейді киім сатушы Зарина. – Үйімде есік алдына іліп қойдым. Тіл-көзден сақтайтынына сенем – күні бойы қаншама адамдармен кездесеміз... Олардың ойында не бар екенін кім білсін? Адыраспан маған сәттілік әкелетінін де білемін.

Айта кетсек, адыраспанды қайнатып, тұнба жасайды, ал күлі және күйесімен тәуіпсымақтар жеңіл бас ауруы мен Паркинссон ауруын емдеп жүр. Алайда, адыраспанның (ғылыми атауы – кәдімгі гармала) улы екенін білуіміз керек.

Осы шөптің құрамындағы алколоидтар кезінде КСРО қорғаныс министрлігі жасаған токсинді және улы заттар тізбесіне енгізілген. Оның тіл-көзден қорғайтыны туралы ғылымда мәліметтер жоқ, алайда адыраспанның бактерицидтік және дезинфекциялық қасиеттері шүбә келтірмейді. Өзбекстанның көптеген медициналық қызметкерлері тұмау эпидемиясы кезінде адыраспанның бір бумасын үйге іліп қойып, ауру жатқан бөлмені түтінімен зарарсыздандыруды ұсынады.

 

СЕНІМ ЖӘНЕ СЕЗІМ

...Шөптің бір бумасын сатып алып, өз үйімді, бір жағынан, егер бар болса, жын-шайтандардан тазалап, екіншіден, үй ішін дезинфекциялап алуды шештім, әрине, үйдегілер риза болмады. Кішкене тәрелкеге шөбімді жақтым.

Түтіннің иісін сипаттау қиын, тек құрғақ, жусанның иісіне аздап ұқсас деп айтуға болады, бірақ тұншықтырмайды. Ал өткірлігі жақсы шылымның иісіндей. Сондай-ақ, одан көзің ашымайды екен.

Өз-өзімізді сендіру ме, білмеймін, мүмкін жын-шайтандар шынымен үйден кетіп қалды ма, шөп жаққаннан бір минуттан кейін үйде ерекше бір жайлылық сезімі пайда болды.

 

АЛДИЯР АҒА, БҰЛ – СИҚЫР

Мехрибан айтқан тағы бір шөп – боян тамыр туралы Балықшы поселкесінің тұрғыны, бір жағынан менің әкем Павел ШЕРСТЯНКИН былай дейді:

- Оқиға былтырғы жылдың күзінде болған еді. Біз бір топ гастарбайтерлермен бірге ашық далаға бір жұмысты жасау үшін шықтық. Іссапар бір аптаға созылды.Осы күндердің бірінде мен ауырайын деп тұрғанымды сезіндім. Левомецитиннан басқа қолымызда дәрі болмады. Сондықтан да маған өз ағзама сенуден басқа еш амал қалмады. Түнге қарай қызуым көтерілді. Жұмысшыларымның бірі Алдияр аға бір қайнатынды әзірлеп жатты. Біздің шағын вагонымыздың ішінде белгісіз бір иіс аңқып кетті. Өңім бе, түсім бе, білмеймін, қарт алақанымен бір нәрсені уатып, қайнаған суға салды. Біраз уақыт тұндырғаннан кейін, менің аузыма тосты. Тұнбаның дәмі ащы, өткір екен. Ол қайнатпаны түбіне дейін ішуімді сұрады... Содан соң ұйықтап кетіппін. Түсіме түсініксіз нәрселер енді. Таңертең денем дел-cал болып, аздап жүрегім айнып тұрдым. Бірақ түске қарай аздап жеңілдеп, кешке құлан-таза сауығып кеттім.

Кейіннен маған Алдияр ағамен әңгімелесудің сәті түсті. Бір-біріміздің тілімізді білмеуіміз себебінен көп нәрсені түсіне алмадым. Білгенім, шөп боян тамыр деп аталады екен, қайнатындыны ол осы шөптің тамырынан жасаған. Ол осымен өзін де, туыстарын да емдейді екен.

Бір өкініштісі, бәрін білетін ғаламдық гугл Өзбекстанда жақсы танымал және жиі қолданылатын боян тамыр шөбі туралы еш ақпарат бере алмады.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

 

Ғаламторда адыраспан туралы мынадай ақпараттар бар (қысқаша): «Осындай құрамдық мөлшерде белсенді заттары бар өсімдік, сөз жоқ, адам саулығына әсер етеді. Адыраспан белгілі бір адамға, мөлшеріне қарай, пайдалы жағынан да, зиянды жағынан да әсер етуі мүмкін. Өсімдікті өртеп, түтінін пайдалануға келсек, мөлшерлемесін зертханалық жағдайда да анықтау өте қиын. Сол кездегі денсаулық жағдайын, орынжайдың желдетілуін, шөптің әр байламындағы белсенді заттардың шоғырын есепке алу керек. Есірткілік қасиеттері байқалмады, бас айналып, елес көру сияқты белгілері өте сирек кездеседі. Ал мөлшерден артық қолдансаңыз, ауыздан көпіршік атып, еріксіз зәр шығаратын азапты қалтыраулар міндетті түрде болады» 

11 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.