27 наурызда облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнәр САДУАХАСОВА «Атырау облысының білім беру басқармасының 2022 жылғы атқарылған жұмысы және 2023 жылға арналған алдағы жоспарлары туралы» тақырыпта өткен брифингте біраз жайттарды хабардар етті.
Оның мәліметі бойынша, облыстық білім беру басқармасына қарасты 8 білім бөлімінде 423 мекеме жұмыс жасайды. Ыстық тамақпен қамту 100 пайызға орындалып отыр.
Балабақшалар және мектепке дейінгі даярлық тобы
Атырау облысындағы ең басты проблема - балабақша жетіспеушілігі. 1-6 жастағы 14809 бала балабақша кезегінде тұр. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту туралы ақпар бойынша облыс бойынша күні бүгінде 42895 баланы қамтитын 319 мекеме жұмыс жасаса, оның 252-сі мемлекеттік нысан, яғни 151-і балабақша, 101 шағын орталық және 67 жекеменшік балабақшаға тиесілі. Облыстың бас педагогының пікірінше, бұлар аздық етуде.
Брифингте айтылғандай, балабақша кезегін шешу жолында 2023-2027 жылдарға арналған жұмыс жоспарлары бар, яғни бес жылда 16882 орын ашу жоспарланған. Өткен жылдың желтоқсан айында Атырау қаласында «Теңізшевроил» ЖШС-нің демеушілігімен «Игілік» бағдарламасы негізінде 160 орнындық екі балабақша «Жұлдыз» және «Көктем» ықшам аудандарында іске қосылды.
290 орындық 9 балабақшаның құрылыс аяқтала келген, көп ұзамай іске қосылмақшы. Қалада «Өрлеу» ықшам ауданында 160 орындық және Бесікті ауылында 280 орындық балабақшаның құрылысы жүруде. Геологтағы «Шаңырақ» балалар үйінің апатты жағдайға жетуіне байланысты оның орнына 320 орындық балабақша салу үшін жобалық сметалық құжаты жасақталмақшы.
Орта білім беру
Облыста 200 мектеп жұмыс жасайды, оның 1-уі кешкі мектеп. Апатты жағдайға жеткен 4 мектеп және үш аусыммен оқитын 11 мектеп басты проблема болып тұр. №1 Жұмабаев атындағы, Құлсары қаласындағы Абай атындағы, Индер ауданы Есбол ауылы Қ. Есқалиев атындағы, Махамбет ауылындағы Д. Төленов атындағы мектеп гимназия апатты деп танылған. Бүгінде осы аталған орындарда жаңадан төрт мектептің құрылысы жүруде. Осы жылдың аяғында бұлардың құрылысы толық бітпекші.
- Үш ауысымды мектептерге келетін болсақ, олар №2, 3, 16, 17, 18, 22, 24, 32, 39, Амандосов атындағы, Еркінқаладағы орта мектептерге тиесілі болып тұр. Үш ауысымдық мектептердің көбеюі демографилялық өсім мен қала тұрғындарының көбеюінен, орыстілді мұғалімдердің жетіспеуінен туындап отыр, - дейді облыстық білім басқармасының басшысы Г. Садуахасова.
Сонымен бірге бұл проблеманы шешу жолдары қарастырылып жатқанын басқарма басшысы атап өтті. Осы жылдың басында «Балауса» ықшам ауданында 600 орындық мектеп іске қосылса, ал Жаңаталап ауылында және Дамбыдағы 300 орындық мектептердің құрылысы аяқталуға жақын.
Қазір Дамбыдағы мектеп құрылысы қылмыстық іс көтерілуіне байланысты тоқтап қалғаны белгілі. «Ақжар-2» поселкесінде 600 орындық мектеп салынуда. №3, 16, 17 мектептердің әрқайсысына 250 орындық жапсаржай салу үшін сметалық құжаттамасы жасақталуда.
Биыл шілде айында қалада екі мектеп, «Сарыарқа», «Нұрсая» ықшам ауданындағы, жалпы әрқайсысы 2 мың баланы қамтитын білім ошақтары пайдалануға берілмекші.
«Өркен» ықшам ауданында, Еркінқалада 600 орындық мектептер бой көтеруде.
«Жұлдыз-2», «Жұлдыз-3» ықшам аудандарына жаңа мектептің жобалық сметасы қолға қолға алынған. Жалпы Үкіметтің «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2023-2025 жылдар аралығында 12 замануи үлгідегі мектептер бой көтермекші. Қалада тоғыз (Жұлдыз-2, Жұлдыз-3, Ақсай -2, Водниковта, т.б) , қалғаны Жылыой, Құрманғазы, Қызылқоға ауданында салынбақшы.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған сурет