Атырау, 20 сәуір 12:49
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Екпені қатар салуға рұқсат бар

2 931 просмотра

– Қызым «митральды клапанның тозу өзгерістерінің типі бойынша туа бітті ауытқуы, 2-дәрежелі митральдық жетіспеушілік ФКСН-1» деген диагнозбен кардиологтың есебінде тұр. 14 наурызда мектепте ата-аналарға еш ескертпестен және хабарламастан (біз диагноз жазылған үзінді көшірмесін мектеп әкімшілігіне ұсынған едік), оған АДС екпесі мен қызылшаға қарсы қайталама вакцина егіпті. 16 наурызда қызым ауырып қалды. Осыған байланысты мына сұрақтарды қойғым келіп отыр: мектептегі медбике мектеп әкімшілігі немесе сынып жетекшілері арқылы алдын ала екпе салатындықтары туралы ата-аналарға хабарлауға міндетті ме? Менің қызымдағыдай диагнозы бар балаға қатарынан екі вакцинаны салу қауіпсіз бе? Егер вакцинадан кейін ол баланың жағдайы нашарласа, кім жауапты болады?

Телефон арқылы

Біздің жазбаша сауалымызға денсаулық сақтау басқармасының бастығы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВ жауап берді. Ережеге сәйкес, дәрігер немесе фельдшер баланы тексеріп шығуы тиіс. Тек ата-аналардың немесе балалардың заңды өкілдерінің келісімімен алдын алу екпелерін егуге болады. Мектепте сынып жетекшісі заңды өкіл бола алады, ал мектептегі медицина қызметкерлері білім беру басқармасының штатына жатады. Олар ауызша немесе жазбаша түрде ата-аналарға сынып жетекшілері арқылы алдағы екпе егу жөнінде хабарлауға міндетті. Медицина қызметкері сонымен қатар сырқатына, туа бітті даму ақауына байланысты диспансерлік есепте тұрған балалардың есебін жүргізуге тиіс.

ҚР ДCМ-нің 2008 жылғы 4 желтоқсандағы «Иммундауға қарсы көрсетілімдер, вакцинадан кейінгі асқынулардың есебі және тексеру туралы» №636 бұйрығына сәйкес, бір күнде түрлі вакциналарды қатарынан егуге рұқсат беріледі. Облыстың бас педиатры Гүлфара ӨМІРБАЕВАНЫҢ айтуынша, бұл нақты осы жағдайға жатады екен.

Алдын алу екпелерін салу ережелеріне сәйкес, егілген балалар вакцинадан кейінгі реакциялар мен асқынулар туындаған жағдайда шаралар алу үшін 30 минут ішінде медицина қызметкерлерінің бақылауында болулары тиіс.

11 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.