Атырау, 25 қараша 14:26
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Бұқардағы» бұқара жұтта қала ма...

3 551 просмотра

Индер ауданына қарасты Бұқар елді мекенінде (Оны Сармайшағыл деп те атайды) бар болғаны 18 отбасы (121 адам) тұрады. Осы кезге дейін мұнда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды тарту үшін (ауыз сумен, газбен, жарықпен қамту, телефонизациялау) бірнеше миллиондаған қаржы бөлінген болатын. Бірақ, жергілікті тұрғындар әлі күнге дейін ауыз судың игілігін көре алмай келеді. Оның үстіне, олар «билік болашағы жоқ елді мекенге қырғын қаржы жұмсағанша, халқын көшіруді неге ойланбайды?» деп налиды.

Олардың бұл сөздерінің жаны бар. Өйткені, елді мекен жері кезінде полигондық сынақ жүргізу мақсатымен Ресей әскерилеріне жалға берілген болатын. Сол себептен қарапайым халық жер телімдері, тұрғын үй, әлеуметтік жәрдемақылар және т.б. құжаттарын ресімдей алмай дал болып отыр.  

ЖОЛ ТУРАЛЫ

- Біз өз жерімізде жетім баланың күйін кешіп отырмыз. Жарсуат селолық әкімі Сәрсенбай ДӘУІТБАЕВ жағдайымызды білгенмен, оның жалғыз өзі не істей алады? Ал Индер ауданы әкімі Берікқали СӘРСЕНҒАЛИЕВ бұл жаққа бірде-бір рет келген жоқ,- деп шағымданды бұқарлықтар.  

Бұқар елді мекені Қызылқоға ауданының ауылдарымен шектесіп жатыр. Жол атымен жоқ. Кеңестік үкіметтен қалған қырдағы ескі сүрлеу жолдың таптаурыны шыққан, жол таңдамайтын көлік болмаса, басқасы жүрмейді. Қалың  құмды шағылда орналасқан елді мекеннің тіршілігіне наразы халқы бізге шағымдарын жеткізу үшін Бұқар бастауыш мектебіне жиналды (суретте).

- Кеңес үкіметі құлап, совхоз тарағаннан кейін жетім баланың күйін кеше бастадық. Біз 120 шақырымдағы Жарсуат округіне қараймыз. Аудан орталығы - Индер 112 шақырымда жатса, Қызылқоға ауданына қарасты Қарабау селосы12 шақырым жерде орналасқан. Қатынас өте қиын. Бір жапырақ анықтама үшін Жарсуатқа бару әбігерге салып тұр, - дейді бұқарлықтар.

Бұқар тұрғындарына Жарсуат-қа жету үшін Қарабау Атырау қаласы мен Индербор поселкесі арқылы айналып өтулеріне тура келеді. Сонда айналып жеткенше, 470 шақырым жол жүреді екен.   

- Біз тек малмен күнелтіп отырмыз. Арнайы анықтама қағазынсыз малды сата да алмайсың. Ал округке барып келуге екі күніңді жоғалтасың. Үйге жеткенше ол анықтаманың жарамдылық мерзімі де бітіп кетеді. Амал жоқ, осындай әуре-сарсаңның кесірінен  алыпсатарларға малдың жарты бәсін кемітіп бересің, - дейдіБердімұрат ТӨЛЕУҒАЛИЕВ.

 

СУМЕН ҚАМТУ ТУРАЛЫ

Бұқар елді мекенінің жері Қызылқоға ауданына қарасты, ал халқы Индер ауданына қарайды. Бұқар 1963 жылы Жамбыл атындағы (Индер ауданы, Жарсуат селолық округі) совхоздың №3 ферма орталығы болып құрылған.  Полигон жерінде  орналасқандықтан (Қызылқоға ауданы) жер мен үй құжаттары әлі күнге дейін заңды түрде ресімделмеген. Бұрын мұнда малшылар мен механизаторлардың 40-қа жуық үйі болған. Кейін осындағы клуб пен кітапхана жабылып қалды. Ал Бұқар бастауыш мектебі сақталып қалды және осы күнге дейін жұмыс істеп келеді.

- Бізді қазір бәрінен бұрын қинап тұрғаны – сумен қамту мәселесі. Ауыз суды 20 шақырымдағы «Ақмола» учаскесіндегі құдықтан, болмаса Қарабау селосынан тасымалдап ішіп отырмыз, - дейді жергілікті тұрғындар.

Қарабау селосынан 2011 жылы Бұқардағы әр үйге дейін су құбыры тартылған болатын. Бұқарды ауыз сумен қамту жұмысы сол жылдың аяғында аяқталуы тиіс еді, алайда, аяқталмай қалды. Су да жаңа құбыр желісінен жүргізілген жоқ. Ал бұл жұмысты жүргізуге облыстық бюджеттен 133,6 млн теңге қарастырылып еді. Мердігер тағы да сол басы дауға қалған - «Снабойл» ЖШС, ал тапсырысшысы - Индер аудандық сәулет, құрылыс және қалақұрылысы бөлімі.

Бұқарлықтар ауыз суды бірдеңе етіп тасып ішіп отырғанымен, малдарын суаруға су таба алмай отырғандарын ашына жеткізді. Оның үстіне өр суының келмеуінен жерасты суы өте ащыланып, терең қазылған құдықтағы су деңгейі 6-7 метрге дейін төмендеп кеткен.

- Су тапшылығы соңғы үш жылда қатты сезіліп тұр. Әсіресе, жаз айларында кәдімгідей қиналып қаламыз. Ал ащы суға шөлі қанбаған малдан не қайыр болсын? Амал жоқ, мал арам өліп қалар деп, басын күрт кеміттік. Ауылда түйе атымен жоқ, 15 жылқы, 230 ірі қара, 1460 қой-ешкі қалды. Енді бірер жылда бұдан да айрылатынымыз анық, - дейді Алпысбай ЖАЛҒАСОВ. 

 

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ, МЕКТЕП ЖӘНЕ ФЕЛьДШЕР ТУРАЛЫ      

Елді мекен бойынша саусақпен санаулы ғана адам жұмыспен қамтылған. Олар екі мұғалім, бір оператор, бір еден жуушы, фельдшер және газ бақылаушы маман. Қалғандары – жұмыссыз. Себебі, ауылда жұмыс жоқ. Ал зейнет жасына жетпеген бұрынғы механизаторлар мен малшылар екі қолға бір жұмыс таба алмай қиналуда.

- Жастардың бірен-сараны ғана әке-шешесіне қарайласып жүргендіктен осында. Ал көпшілігі ауылдан баяғыда кетіп қалған. Олар үйленсе де келмейді мұнда. Қалада пәтер жалдап тұрса да сонда жағдай бар ғой, шүкір. Ал бізде түк жоқ қой, түк жоқ. Тіпті ертеңгі күніміздің қалай болатынын білмейміз, - дейді елдің өміріне алаңдаған байырғы механизатор Жолдас ГАПУҒАЛИЕВ.

Бұқар бастауыш мектебінің 1-сыныбында үш оқушы ғана оқиды. 3-ші сыныпта да сонша бала бар. Бала санының кемуіне орай аудандық білім бөлімі жыл сайын «жабылады» деген желеумен  құрал-жабдықпен қамтуды тыйып тастаған. Бұдан бөлек, тұрғындар фельдшер тарапына да көп сын айтты.

- Біз жазып берген емді алу үшін Қарабауға баруға мәжбүрміз. Себебі, біздің фельдшер тіпті тамырішілік инъекцияларды салуды білмейді. Газ, жарық, телефонның төлемақысын да Қарабауға барып төлейміз. Газет пен зейнетақы айына бір рет келеді. Ауылда дүкен болмағандықтан, тамақ, басқа да қажетті заттарды бірігіп көлік жалдап, Қарабаудан болмаса, Индербордан сатып аламыз, - дейдіБұқар тұрғындары.

Бізге фельдшермен сөйлесудің сәті түспеді. Бұл кезде ол елді мекенде болмады. Кәсіби біліктілігін жетілдіруге бағытталған оқуға кеткен екен.

 

ЖЕР ТУРАЛЫ

Бұдан екі-үш жыл бұрын аудандық әкімдік Бұқарды Қызылқоға ауданының Қарабау селосы қарамағына беруді ұйғарған. Қызылқоғалықтар да ықыласты болып, бірнеше рет жиналыс өткізген. Бірақ елді мекен тұрғындарының қарсылықтарынан кейін бұл әңгіме басылыпты.

Бұқар жері Ресейге жалға берілгендіктен тұрғындар өзі тұрған үйлерінің құжаттарын заңдастыра алмай отыр.

- Сәбилердің туу куәлігінде туған жері Жарсуат селосы деп көрсетіледі. Шындығында біз «ауада» тұрған адамдармыз. Өйткені біз үкімет тарапынан берілетін көмектерге құқылы емеспіз, - дейді ашынған аналар.

Бұқарлықтардың үй құжаты болмағандықтан жұмыссыз ретінде тіркелуден, ақылы қоғамдық жұмысқа тартылудан, балаларға берілетін жәрдемақыдан ада қалған. Мәселен, Қ. Ищанов ауылдағы бір адам қайтыс болғанда жерлеу көмегін ала алмаса, Б.Төлеуғалиевтың жас босанған келіншегі жөргекпұлды ала алмай отыр. Ал шаруа қожалығын құру, кәсіпкерлікпен айналысу, субсидия, болмаса банктерден төменгі пайызбен несие алу т. б. көмектер жері, үй кітапшасы болмауына байланысты берілмейтін көрінеді. 

- Мал басы күннен күнге азайып барады. Кейбірінде 3 сиыр, 10 қой қалған. Мұнымен олар қалай күнелтеді. Күнкөрісі барлар баяғыда көшіп кетті. 40 үйден 18 үй, 30 шақты оқушыдан 6 бала қалған. Бізді көшірсін. Жарсуаттан, Индербордан үй сатып алуға шамамыз жоқ. Сондықтан, үкіметтен көмек сұрап отырмыз, - дейді жергілікті тұрғын Жанғабыл МҰЗДАЛИФИН.

 

КӨШІРУ ТУРАЛЫ

Ресейліктер жалға алған Тайсойған полигонын кері қайтару жөнінде депутаттар кезінде мәселе көтерген болатын. Алайда...

- Біз жалға алған жерді кері алу жөнінде Үкімет тарапына мәселе қойғанбыз.  Сең орнынан қозғалғандай болды деуге болады. Бірақ Үкімет басшысы ауысқаннан кейін бұл проблема туралы тағы ұмытылды. Жақында осы мәселені қайтадан қолға алдық. Алайда, бұл Ресеймен арадағы үкіметаралық мәселеге қатысты болғандықтан оны бір күнде шешу мүмкін емес. Бірақ қалай болғанда да мен бұл мәселенің оңды шешілетініне сенімдімін, - дейді сенатор Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ.

Біз Индер ауданы әкімі Берікқали СӘРСЕНҒАЛИЕВПЕН сөйлесіп көрдік.

- Ауыл адамдары су тапшылығына байланысты дағдаруда. Оның үстіне осы күнге дейін аудан әкімі келген жоқ, көрмедік, мұң-зарымызды кімге айтамыз дейді.

- Олар бәрі аудан әкімінің кінәсі дей ме? Мен жақында бардым («АЖ» тілшісі барған соң үш күннен кейін).Негізі Бұқарға бару кестесі мамырда деп белгіленген еді. Онсыз да мен ол жақтың жағдайын жақсы білемін. Жерасты суының ащыланғаны рас. Ал ауыз суды жеткізуші мердігердің ісі тексеруде болғасын, ештеңе айта алмай отырмын. Жалпы, ауыз су жүйесі дайын, бір рет сынақ та жүргізілді. Тұрғындармен кездесуде тұщы суға толы құдықтар барын анықтап жатырмыз. Олар 25-50 шақырым жерде жатыр. Тұрғындар жайлауға көшу керек. Жайылым жерлері Қызылқоға ауданына қарайтын болғандықтан көршілермен келісу қиынға соқпас деп ойламын. 

- Халық еңбек биржасында жұмыссыз ретінде тіркеле алмай отыр. Әлеуметтік жәрдемақыларға да қол жеткізе алмай отыр...

- Біз бұдан хабардармыз, бұл мәселені шешудің жолдарын қарастырудамыз. Мамандарға тапсырма бердім.    

- Газ, электр энергиясы, телефонмен қамтуды айтпағанда, 133 млн теңгеге ауыз су құбырын жүргізгенше, перспективасыз ауылды көшіруді ойластыру тиімдірек емес пе?  Есептеуімізше, бұған 60 млн теңгедей (үй сатып алу, көлік жалдау және т. б. ) ақша жұмсалар еді.

- Кезінде тұрғылықты халық көшуге қарсы болған (алайда,  Бұқар елді мекенінің тұрғындары бұл фактіні жоққа шығарып отыр. Л.Қ.). Ал мен ол кезде болған жоқпын

- Сіз Бұқар халқын көшірудің қажеті жоқ деп ойлайсыз ба?  

- Барлық инфрақұрылымдарды жүргізіп келіп, халқын бірден көшіру - ойланарлық жайт. Жоғары жақтармен ақылдасамыз. Биыл, болмаса келесі жылы көшеді деп те ештеңе айта алмаймын. Әуелі бәрін зерттеп, зерделеу керек. Ауылдың малын сумен қамту үшін водовоз керек. Мүмкін водовоз сатып алып берерміз. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

11 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.