«Қамауға алу» және «арнайы қабылдау орны» деген сөздер бізде криминал деген, әрі кеткенде жанұя жанжалқоры деген түсінікпен астасып жатады. Алайда біраз уақыттан бері ІІМ біздің санамызды жаңғыртуды ұйғарыпты. Арнайы қабылдағыштың үйреншікті контингентін енді басқа тұрғындар: қоқыс жәшігіне жете алмай қалған парасатты адамдар алмастырған. Айыппұл салу үшін немесе бірнеше тәулікке әкімшілік қамауға алу үшін темекі тұқылын, қағазды немесе сағызды қоқыс жәшігінің қасына тастай салудың өзі жетіп жатыр.
ЖОҒАРЫ КӨРСЕТКІШТЕР
…Қала тұрғыны Артур (есімі өзгертілді) кешкісін көлік жөндейтін орыннан машинасын алған екен. Таңертең оған кеңсеге жұмысқа баруы керек болады. Ал жөндеуден кейін көлігі ластанып қалыпты. Артур ертеңгісін кеңсе маңына қойылған машиналардың арасында ерекшеленбес үшін ең болмағанда көлігінің төбесі мен капотындағы шаңды қағып түсірмек болады. Көлігінің төбесін сүртіп болғаны сол еді, оған екі патруль жетіп келеді. Ақыр аяғында жас жігіт түнді ҚІІБ-де өткізеді, ал таңертең айыппұл төлеуге аттанады. Артурдың пікірінше, ол қайта оңай құтылған екен. Патрульдік-бекет қызметінің қызметкерлері оны ресімдегенше, жерге темекі тұқылын тастаған тағы бір жігітті ұстапты. Оны бірнеше тәулікке отырғызып тастаған:
- Мен үйге қоңырау шалып, отбасым алаңдамас үшін ескертіп үлгердім. Өзімде құжаттарым болмаған еді, дегенмен олар қажет те болған жоқ, полицейлер менің аты-жөнімді сұрап, дерекқорларына енгізіп, айыппұл жазып берді. Ол жерге түскен адам өзін құқығы жоқ, дәрменсіз сезінеді екен. Айыппұлды ресімдеуді тездету туралы өтінішіме «наразы болсаң, соңғы етіп ресімдеймін» деп, қоқан-лоққы көрсетті. Ұзын-сонар кезек, өз есімдерін естеріне әзер түсіретін мас адамдар толып тұр. Оларды ресімдеу қырғын уақыт алады, - деп әңгімеледі Артур.
Атырауда осындай хикаялар жетерлік.
Осыдан бір жыл бұрын астананы жаңғырту жөніндегі кеңес барысында Нұрсұлтан Назарбаев ұсақ құқық бұзушылық үшін жазаны күшейтуді талап еткен болатын.
«Қаладағы ұсақ қылмыстың бірде-біреуіне жол бермеу керек. Адам жүретін жерлерге сағыз жапсыратындардың бәрін ұстап, тіркеп, саусақ таңбаларын алып, хаттама толтыру керек. Әкімшілік жаза, айыппұлдар салып, үш тәулікке қамау керек дегендей. Бүкіл ұсақ құқық бұзушылардың барлығын көшеден ұстау керек, сонда жазаланатындықтарын бәрі де білетін болады. Сол кезде тәртіп орнап, сонда ғана үлкен қылмыстар болмайды», - Астаналық полицейлерге президенттің жүктеген тапсырмасы осындай еді.
Сол сәттен бастап елде: шемішке қабығы мен темекі тұқылы үшін қай жер азаматтарды көп тартады екен деген өзіндік бәсеке басталды. Оларға тек айыппұл жазып беріп қана қоймай, әкімшілік қамауға алғандары жақсы екен. Бейресми әңгімеде сот корпусының өкілдерінің бірі атап өткендей: «Заңда алғашқыда тек айыппұлмен шектелуге болады деген еш нұсқау жоқ. Әрі ұсталушылардың көпшілігінің ақшалары жоқ, сондықтан оларды қамаған дұрыс, қамауға алу көрсеткіштері де жоғары болады. Біз қазір (ұсталушылар санының халық санына) пайыздық ара қатынасы бойынша Қазақстанда бірінші орында сияқтымыз».
АРНАЙЫ ОРЫН ТАРЛЫҚ ЕТЕДІ
Біздің сауалымызға берген ІІД-нің жазбаша жауабына сәйкес, өткен жылы Атырау облысында әкімшілік жауапқа 13248 адам тартылған: Әкімшілік құқықбұзушылық туралы ҚР Кодексінің 330-бабы (ұсақ бұзақылық) бойынша – 2613, 336-бабы бойынша (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға мас күйiнде келу) -7366, 336-1-бабы бойынша (Жекелеген қоғамдық орындарда темекi шегуге тыйым салуды бұзу) – 2690, 333-бап бойынша (тыныштықты бұзу) – 579. Ағымдағы жылдың бастапқы екі айында 1932 құқық бұзушыға жалпы сомасы 7 млн 764 мың теңгеге айыппұл салынған, 970 адам әкімшілік қамауға алынған (3-тен 15 тәулікке дейін).
Ұсталушылар саны туралы біз редакцияға соғылған қоңыраулар саны арқылы шамалай аламыз. Қоқыс жәшігінің жанына тасталған темекі тұқылы үшін ұсталған қала тұрғындарының туыстары күн сайын соғады деуге болады. Ұсталушылар арнайы қабылдағыштың тарлығына шағымданады, ол осынша лық толы адамдар саны үшін аздық етеді. Бұл туралы, айтпақшы, ІІД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Жәнібек ШӘРІПОВ облыстық прокуратурадағы таяуда болған кеңесте еске салған еді. Оның айтуынша, әкімшілік істердің көбеюіне байланысты әкімшілік қамауға алынған азаматтардың саны артқан, арнайы қабылдағыштың ескі ғимаратына қамауға алушылар әзер сыяды. Соған байланысты жаңа 200 орынды ғимарат салу туралы мәселе қойылған. ІІД-нің жазбаша жауабында «ғимарат ескірген» деп, басқа себеп көрсетілген. Дегенмен, оның ескіргені де рас.
БІРДЕН ОТЫРҒЫЗУДЫҢ ҚАЖЕТІ ҚАНША?
Адамдарды, әрине, басқа мәселе алаңдатып отыр – неліктен сәл ғана айыпты болған азаматтарға бастапқыда ескерту жасап, әрі кеткенде айыппұл салмайды. Бірден отырғызудың қажеті қанша?
- Жұбайымды күйеу баламмен екеуін темекі тартып болған соң тұқылын жерге тастағандары үшін 3 тәулікке отырғызды. Біздің аулада қоқыс жәшігі деген атымен жоқ. Патрульдерге жасаған өтініштеріміз бен түсіндірулеріміз еш әсер етпеді. Күйеу балам тіпті тұқылды жерден алып, темекі қорабына салыпты. Жұбайым патрульдермен бірге барудан бас тартып, дәлел талап еткен (ауламызда бейнебақылау камералары жоқ, ал патрульдер куәгер бола алмайды). Сол кезде оған қарсылық көрсеткені үшін 15 тәулікке қамап тастаймыз деп қоқан-лоққы көрсеткен. Екеуінің де ішімдік ішпегені жақсы болды. Бір банка сыра ішкендерді еш әңгімесіз 5-10 тәулікке қамап тастайды деседі. Сөйтіп баруға тура келген. Оларды тек үш тәуліктен кейін ғана босатты, - дейді Нұргүл апа.
Атырау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Ренат АЛДАМЖАРОВТЫҢ айтуынша, президенттің ұмытылмас сөзінен кейін ұсақ бұзақылық фактілері бойынша істер саны әжептәуір көбейген. Күн сайын оған және оның әріптестеріне 10-15 істен қарауға тура келеді екен. Негізінен азаматтар темекі тұқылын, шемішке қабығын тастағандары үшін және тиісті емес жерлерде, кешіріңіздер, дәрет еткендері үшін ұсталады. Қоғамдық орындарда айыппұлдарды полицейлердің өздері ресімдейді. Кейде, егер адам бәрін жоққа шығаратын болса, дәлел ретінде бақылау камераларындағы жазбалар қолданылады. Бірақ көбінесе ұсталушылардың көбі өз кінәларын мойындайды екен. Қала тұрғындарының түні бойына ұстап, тек таңертең ғана сотқа жібереді деген шағымдарына түсінік берген Алдамжаров мырза, ішкі істер органдарының қызметкерлері жағдайды анықтау үшін 72 сағатқа дейін оларды ұстауға құқылы екенін айтты.
- Неліктен алғашқыда судьялар айыппұлмен шектелмейді?
- Ересек адамдар заңды, көшедегі тәртіпті сақтау керектігін түсінулері тиіс. Бұл тұрғыда қамауға алу - өте ықпалды шара.
- Кінәні ауырлататын және жеңілдететін не нәрселер?
- Алкогольдік масайған күйде болу, қарсылық көрсету – минус болады. Екінші жағынан алып қарасақ, адамның өкініш білдіргенін, сонымен қатар, алғаш рет құқық бұзушылық жасағанын, оның жұмысы бар екенін, жақсы отағасы екенін назарға аламыз. Біздің І және ІІ топ мүгедегін қамауға алуға құқығымыз жоқ, тек айыппұл саламыз.
АЛДЫМЕН – ЕСКЕРТУ
Бұл «түйелерді» жуасытатын кез баяғыда болды, әйтпесе кез келген жерге түкіре салады дегендей, қоғам бастапқыда бұл жаңалықты жақсы қабылдаған еді. Алайда мұның тек бос сенделген жастарға ғана қатысты емес екенін, «түйенің» орнында кез келген адам болуы мүмкін екенін тез түсіне бастады. Мұндай жағдайда адвокаттың кеңесі артықтық етпейді.
- Патрульдік полицейлер көбінесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған сәтте (темекі тарту, көшеде ішімдік ішу, қоғамдық орындарда балағат сөздер айту, жалпы пайдалану орындарын ластау және т.б.) біреулерді бірден полиция бөлімшесіне сүйрей жөнеледі. Бірақ заң тұрғысынан алғанда бұл заңсыз нәрсе, - дейді адвокат Гүлсім САБЫРОВА. – Алдымен ол адам құқықбұзушылық жасауды тоқтату үшін олар шаралар алуға міндетті. Егер ол содан кейін өз әрекетін жалғастыра беретін болса, хаттама толтырылып, әкімшілік ұстау жүргізіледі.
Ішкі істер министрінің 2002 жылғы 5 шілдедегі N475 бұйрығымен бекітілген «ҚР iшкi iстер органдары патрульді-бекеттiк қызметiнiң қоғамдық тәртiпті сақтау және қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi нұсқаулығында» ПБҚ қызметкерлерінің барлық құқықтары мен міндеттері жазылған. Атап айтқанда, қызмет кезінде патрульдік қызмет азаматтарды заңға қарсы iс-әрекеттер жасаудан дер кезiнде сақтандырады, оларға қоғамға жат әрекеттерге жол бермеудi түсiндiреді (87-тармақтың 3-тармақшасы). Азаматтармен қарым-қатынас жасағанда полиция қызметкерлері Заң күшіне ие ҚР президентінің 1995 жылғы 21 желтоқсандағы «ҚР Ішкі істер органдары туралы» Жарлығына сәйкес әрекет етуге міндетті. Онда ішкi iстер органдарының қызметкерлері өз құзыретi шегiнде азаматтардан қоғамдық тәртiптi сақтауды талап етуге, құқыққа қарсы iс-қимылдарды тоқтатуды талап етуге құқығы бар. Бұл талаптар орындалмаған жағдайларда тиiстi мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы (11-баптың 1-тармағының 1-тармақшасы).
- Мұны бұлай түсінген жөн: ұстау және полиция бөлімшесіне жеткізу құқық бұзушының бас бостандығын шектеу боп табылатындықтан, полицейлер осы шараны қолданбас бұрын құқық бұзуды тоқтатуды талап етіп, сол жерден ауызша ескерту жасаулары тиіс. Егер сізді бөтелке сырамен немесе темекімен ұстаған болса, алдымен полиция қызметкері осы құқық бұзушылықты тоқтатуға (бұл жерде сыра ішуге болмайды деп айтуға) міндетті. Содан кейін сізге (егер әрі қарай іше беретін болсаңыз, әкімшілік хаттама толтырамыз деп) ауызша ескерту жасап, содан кейін ғана, егер сіз оның айтқандарын елең қылмасаңыз, әрі қарай әрекет жасауға құқылы, - деп түсінік берді Г. Сабырова.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстегі осы үзінділерді әр адамның білгені жөн:
17-бап - Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу кезiнде iске қатысушы адамның ар-ожданын қорлайтын немесе қадiр-қасиетiн кемiтетiн шешiмдер мен iс-әрекеттерге тыйым салынады.
22-бап – Ешкiм өзiне-өзi, жұбайына (зайыбына) және заңмен белгiленген шектегi жақын туыстарына қарсы айғақ беруге мiндеттi емес.
23-бап – Әркiмнiң әкiмшiлiк iс жүргiзу барысында заңға сәйкес бiлiктi заң көмегiн алуға құқығы бар. Заңмен қарастырылған жағдайда, заң көмегі тегін көрсетіледі.
60-бап - Әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуға тиiс.
55-бап – Әкімшілік қамауға алуды судья ерекше жағдайларда тағайындайды. Жүктi әйелдерге және он төрт жасқа дейiнгi балалары бар әйелдерге, он сегiз жасқа толмаған адамдарға, I және II топтардағы мүгедектерге, сондай-ақ 58 жастан асқан әйелдер мен 63 жастан асқан еркектерге әкiмшiлiк қамауға алуды қолдануға болмайды. Әкiмшiлiк ұстау мерзiмi әкiмшiлiк қамауға алу мерзiмiне қосылады.
САБЫРЛЫ БОЛУ КЕРЕК
Енді ПБҚ қызметкерлерінің міндеттеріне тағы бір көз салып өтейік (Нұсқаулықтың 6-параграфы): Полиция қызметкерлері кез келген жағдайда азаматтармен әдепті және сыпайы болуы тиіс, олармен «Сіз» деп қарым-қатынас жасауға, өзінің талаптары мен ескертулерін сенімді және түсінікті түрде баяндауға, олардың ар-ожданын балағаттайтын әрекеттерге және сөз таластыруға жол бермеуі тиіс. Азаматтармен сөйлескенде, полиция қызметкерлері ұстамдылық пен байсалдылық көрсетуге міндетті, ұрыс-керіске бармауға, ұстамдылығын жоғалтпауға, дөрекілікке дөрекілікпен жауап бермеуге міндетті. Егер тәртіп бұзушы оған жасалынған ескертуге қызбалықпен жауап берсе, оған тынышталуға уақыт және оның заңсыз іс-әрекеттері бойынша түсініктеме беру мүмкіндігін беріп, содан кейін тиісті заңдар немесе өзге нормативтік құқықтық актілерге жүгіне отырып, оның тәртібінің дұрыс еместігін түсіндіреді. Тек осыдан кейін ғана хаттама жасауға, бұзақыны ІІО жеткізу немесе ескертумен шектелу туралы шешім қабылдануы мүмкін. Жандарында балалары бар бұзақыларға ескерту жасағанда, мүмкіндігінше, балалар естімейтіндей етіп жасау керек. Жасөспірімдермен де патрульді-бекеттік нарядтар үлкен адамдар сияқты сыпайы сөйлесуі қажет.
Егер сізге ПБҚ қызметкерлері жақындап келіп, хаттама толтыру үшін бөлімшеге баруды ұсынса, осы нормаларды білу артықтық етпейді. Ең бастысы – мұндай жағдайға түсуге жол бермеу керек.
Зульфия ИСКАЛИЕВА