Атырау, 25 қараша 14:49
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Геология жандана бастады

2 141 просмотра

Геологтар күнінің қарсаңында, 2 және 3 сәуірде Атырауда «Ренессанс» мейманханасында «АтырауГео-2013» деп аталатын екінші халықаралық ғылыми геологиялық конференция өтті.

Шараны ұйымдастырушылар – «Қазақстан мұнайшылары мен геологтарының қоғамы» және Қазақ мұнай және газ институты (ҚМГИ). Конференция жұмысына 8 елдің өкілдері – Қазақстан, Ресей, Корея, Қытай, Франция, Белоруссия, Украинадан 200-ден астам мамандар қатысты.

Шамамен 20 жыл бұрын отандық (кеңестік) геология құлдырай бастаған еді. 90-жылдары бұл сала ұмытылып, соның салдарынан бір кездері романтикаға толы болған мамандықтың беделі күрт төмендеп кетті. Рекрутингтік компаниялардың мәліметтері бойынша, геологтар көп жылдардан бері ең тапшы мамандықтар қатарынан орын алған.

Ұзақ уақыт Қазақстанда жұмыс істеген Ресей Ғылым академиясының қызметкері Юрий ВОЛОЖ соңғы 20 жылда ешкімнің де жаңалық ашпағанын атап өтті:

- Қашағанның бар екенін және тағы да басқасын түсінемін, - деді ол. – Бірақ «дайындамасы» болғанын бәріміз де түсініп отырмыз. Қазір ТМД-ның кез келген еліндегі жағдай осындай.

Соңғы жылдары үкімет отандық геологияны жандандыруға әрекет етуде.

- Қазіргі уақытта «Сәтпаев», «Махамбет» және «Бөбек» келісімшарт аумақтарында геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Каспий теңізінің қазақстандық секторынан болашағы бар жаңа учаскелерді анықтау үшін «Абай», «Исатай-Шағала», «Хвалынское» және «Центральная» секілді жаңа жобалар жасақталып жатыр, - деді ҚР ИЖТМ Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай НҰРАБАЕВ. – Арал теңізінің аумағында әр жылдары көмірсутек шикізатын іздеу жұмыстары жүргізілді. Аралдың жағалау бөлігінен осы өңірдің мұнайлы-газды болашағы анықталып, Бозой және Аққұлақ газ кеніштері ашылды.

Қазақ мұнай және газ институтының (ҚМГ ҰК-ның 100 пайыз еншілесі) директоры Ұзақбай ҚАРАБАЛИН елдің мұнай-газ саласын әрі қарай дамыту үшін барланған қорларды жыл сайын кем дегенде 100 миллион тоннаға көбейту керек екенін атап өтті.

- Соңғы жылдары елімізде мұнай өндіру көлемі 80 млн тоннаға жетті, бұл 20 жыл бұрынғы көрсеткіштен 2-3 есе асып түседі, - деді ол. – Нәтижесінде біздің саламыз елдің ішкі жалпы өнімінің төрттен бір бөлігін қалыптастырады.

Қарабалиннің айтуынша, 2011 жылы Атырау мен Ақтаудағы ҚМГИ-дің еншілес институттарын заманауи зертханалық кешендермен жарақтаудан тұратын біріктірілген ғылыми зертханалық жүйе құрыла бастаған.

Сонымен қатар, осыған қарамастан бізде жұмыс жасайтын шетелдік компаниялар әлі күнге дейін шетелге егжей-тегжейлі зерттету үшін елден топырақ үлгісін алып кетеді. Алайда осындай сападағы жұмыстар бізде Ақтау мен Атырауда да жүргізіледі.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

11 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.