Қызылқоға ауданында көктемгі су тасқыны биыл тағы да Миялы-Жангелдин тас жолын шайып кетті. Еріген қар суы Миялы ауылына қауіп төндіргендіктен, жергілікті билік жолды екіге жарып, суды осылай өткізуге мәжбүр болды.
Облыстық полиция департементі хабарлағандай қазіргі таңда облыстық маңызы бар «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» тас жолының 248-260 шақырым аралығы (Миялы-Жангельдин) барлық автокөлік түрлері үшін қозғалыс шектелген.
Еске салсақ бұған дейін көктемгі су тасқынына дайындық жөнінде облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында ТЖД мамандары «Миялы-Қарабау-Индер» тас жолы бойындағы Миялы ауылынан шамамен 600 метр жердегі тас жол бойына су өткізу құбырын орнату қажеттігі айтылған еді. Себебі былтыр сәуірде осы тас жолдың астында орналасқан су өткізгіш құбырды өр суы шайып кеткеннен, су өткізгіш құбыр әлі күнге дейін қайта орнатылмады. Ал биыл облыстағы су тасқынының алдын алу бойынша өткен жиында Қызылқоға ауданының әкімі бұл жолға су өткізгіш құбыр орнату наурызға жоспарланғанын мәлімдеді. Алайда төтенше жағдай әкімдіктің "жоспарынан" ерте келді. Қазіргі кезде Миялы ауылын су басу қаупінің алдын алу үшін бөгет соғу жұмыстарына ауыл тұрғындары да атсалысып жатыр.
Кейін Өңірлік коммуникация қызметі баспасөз хабарламасын жариялады: "Соңғы күндері Ақтөбе облысы Ойыл өзенінен тасқын судың көп келуі байқалады, бұл Қызылқоға ауданы Миялы ауылын су басу қаупін тудыруы мүмкін, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Миялы ауылы маңындағы тасқын су деңгейін төмендету мақсатында 11 наурыз күні сағат 04.30-да Миялы және Жангелдин елді мекендері арасындағы жолдың бір бөлігін арнайы техниканың көмегімен ашу туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде ауыл маңындағы су деңгейі төмендей бастап, тасқын судың негізгі бөлігі Жарыпшыққан өзенінің арнасымен ағып кетті. Осылайша елді мекенді су басудың алдын алуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, өткен жылдан бері осындай жағдайға құмды бөгеттің бір бөлігі қалдырылған жол учаскесі ашылғанын да айта кету керек.
Қазір барлық қауіпті учаскелерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады. Ойыл өзеніндегі су деңгейі төмендеп, 2,5 м шамасын көрсетіп тұр".
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Бейнежазбаны ПД жолдады