Атырау, 5 қазан 10:57
 ашықВ Атырау +25
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Ержүрек Еркін

2 303 просмотра

5 сәуірде Төтенше жағдайлар департаментінде Индер ауданындағы иесіз қалған тұз шахтасына құлаған адам денесін шығарып  алу операциясының қатысушыларына сый-құрмет көрсетілді.

Өткен жылдың 16 желтоқсанында атыраулық құтқарушылар командасы он күн бұрын иесіз шахтаға құлап кеткен 50 жастағы жергілікті тұрғынның денесін жер бетіне шығарған болатын. Ол бірден көз жұмған болуы мүмкін. Бірақ туыстары оны жер қойнына тапсырулары үшін әрекет ету маңызды болатын.

Кен төлқұжаты бойынша шахтаның тереңдігі 350 метрді құрайды. Шамамен 65 метрдей жеріне су толған. Ал құтқарушы түскен 285 метр тереңдік 100 қабаттық зәулім үйдің биіктігіндей жер. ҚР ТЖМ бұл операцияны Қазақстан үшін теңдессіз операция деп атады.

Қауіпті операцияға басшылық ету үшін Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстарынан үш тау-кен мамандары келді. Шахтадағы құтқарушыға «Көмір» әскери апаттан құтқару қызметі» директорының орынбасары Берік ТАТИПАНОВ нұсқау берді. Ол кейін «Құтқару операциясына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Шахтаға түсетін құтқарушы төменге құлайтын тастардан жарақат алмас үшін оның төбе жағына АМӨЗ шеберханасында арнайы жоба бойынша дайындалған болат «шатыр» бекітілді. Осы үшін зауыттың бас инженері Денис КОЗЫРЕВ ТЖМ-нен алғыс хат алды.

Құтқарушыны көлік кранының көмегімен шахтаға түсірді. Операцияның осы бөлігі үшін «ҚазМұнайГаз-Бурение» ЖШС жауап берді. Машинист Нұрлан ТӘЖІКЕНОВ өзін шебер краншы ретінде көрсете білді. Құтқарушы жер астында 4 жарым сағат болған уақытта оның агрегаты бірде-бір рет ауытқымады. Нұрлан да «Құтқару операциясына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Осындай төсбелгілерді «Ескерткіш Қызмет Қазақстан» компаниясының қызметкерлері Рауан СИСЕНОВ, Сергей КОНОВАЛЕНКО жәнеАртур ЮСУПОВ облыстық ТЖД бастығы Болатбек Омаровтың қолынан алды. Олар «ЕҚҚ» негізгі құтқарушысы, шахтаға түскен Еркін УТАШЕВТЫ (суретте) сақтандырды. Еркіннің өзі «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен және Индер ауданының әкімі атынан «Hisense» теледидарымен марапатталды. Марапаттаудан кейін Еркінмен шағын ғана сұхбат жүргізген едік.

- Қай жердің тумасы боласыз?

- Махамбет ауданының Сарытоғай ауылынанмын. Қазір Атырау қаласының Лесхоз ықшамауданында тұрамын.

- Төменге түсу қорқынышты болған шығар?

- Әрине, қорқыныш болды. Үш ұлымды ойладым. Операцияға «Ескерткіш Қызмет Қазақстанның» төрт құтқарушысы қатысты. Олардың кез келгені де шахтаға түсуге дайын болатын. Менің 2008 жылдан бері альпинистік құралдармен жасаған жұмыс тәжірибем мол болатын. Осы жағынан үздік болғандықтан, өзім сұрандым. Мені байланыстың үш аспабымен: бір-біріне тәуелсіз жиіліктегі екі рациямен және Татипановпен үздіксіз сөйлесіп тұру үшін желілі байланыспен жарақтады. Қазір онымен не туралы сөйлескенім есімде жоқ. Штабтағылар маған үнсіз қалма деп айтқан болатын.

Әрине, «ЕҚҚ» жігіттерінің мені қалай болғанда да шығарып алатынына сенімді болатынмын. Шахтаға түсер алдында барлау жасадық. Троспен бейнекамераны төменге түсірдік. Ені 6 метр болатын қақпа төменге дейін таза болды.

Мені шахтаға жаймен түсірді. Металл «шатырдың» маған тіпті қажеті де болмады. Жоғарғы жақтан ештеңе құламады. Менің басты міндетім – шырмалып қалмау еді. Мен троспен, сақтандырғыш екі арқанмен және телефон желісімен салбырап тұрдым. Өзінен өзі айнала бастаса, менің шырмалып қалуым мүмкін еді. Арқанның осындай қасиеті бар екенін өзіңіз де түсінесіз ғой. Бірақ достарым жоғарыдан бұлай болдырмас үшін арнайы жабдықты - вертлюгті орнатты. Шахта қабырғалары тегіс, бетонды болатын. Әр 3 метр сайын мені көлденең болат бөренелер – қалың швеллерлер «қарсы алды». Олардан мұқият өттім...

- Сіздің тереңдікті анықтайтын құралдарыңыз болды ма?

- Жоқ. Маған жоғарыдағылар хабарлағандай, үш сағаттан астам уақыттан кейін шамамен 285 метр тереңдікте шахта түбіндегі суға жеттім. Шахта ішіне қолшамымды жағып қарағанда, суда жүзіп жүрген адам денесінің бөлшектерін көрдім. Дене көлденең бөренелерге соғылғандықтан бөлшектеліп қалған болуы керек. Мен тросты шайқалтып, дене бөлшектерін қапшыққа жинай бастадым. Бір сағаттан кейін мені жер бетіне шығарып алды. Осы жағдайды пайдаланып, өзімнің үш әріптесіме және Батыс өңірлік аэромобильді құтқару жасағының қызметкерлеріне мені жоғарыда сақтандырғандары үшін алғысымды білдіргім келеді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

9 сәуір 2013, 17:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.