3 сәуірде «Абылайхан» ЖШС-нің бригадалары теңізге балық аулауға шыға алмады.
«Абылайхан» ЖШС директоры Еркін КӨШӘЛИЕВТІҢ айтуынша, сағада орналасқан Жайық-Каспий облысаралық бассейні балық шаруашылығы инспекциясының (балық қорғау инспекциясы) бекеті алдында көптеген балық аулау кооперативтерінің балық аулау қайықтары «кептеліске» тап болды. Инспекторлар үш вентерден (цилиндрлі ау құралы) артық ау құралдары бар қайықтарды теңізге жібермеді.
Естеріңізге салып өтсек, 20 наурызда болған жиналыста балық қорғау инспекциясының бастығы Әлібек БҰХАРБАЕВ вентерлерді қолданудағы шектеулер – бір қайыққа үш вентерге ғана рұқсат беру туралы хабарлаған болатын («АЖ» 28.03.12 күнгі №14 «Мәселені төтесінен қойды-2» мақаласын қараңыз).
- Осындай норманы белгілеген адамды сауатсыз деуге болады, - деп кейістігін білдірді Е. Көшәлиев. – «Қанат» екі вентерден тұрады. «Қанат» деп көлденең қабырғалап салынған ау құралын атаймыз. Осы қабырғаға тірелген балықтар оны айналып өтем деп, жанында орналастырған вентерге келіп түседі. «Қанатсыз» үшінші вентерді қалай саламыз? Қайықтар теңізден балық аулау үшін «Ақжайық» резерваты акваториынан өтуі керек, бұл - шамамен 45 шақырым. Барып-келу 90 шақырым деп есептеңіз. Бұл АИ-93 маркалы 60 литр бензин. Оған қоса бригаданы азық-түлік және сумен қамтамасыз ету қажет. Бір вентермен 50 келіден аспайтын балық аулауға болады. Қазір ауға көбіне табан ғана түседі. Оның сатып алу бағасы – бір келісіне 20 теңге. Осылайша, балықшылар тамақтарын да өтей алмай қалады.
Вентермен балық аулауды қысқарту туралы ұсынысты балық қорғау инспекциясына ҒЗИ-дің жергілікті филиалы беріпті. Егер тендердің қорытындысы бойынша теңіздегі ғылыми жұмыстармен Қазақстан қолданбалы экология агенттігі айналысуы керек деп шешілген болса, олардың ұсыныс беруге қандай құқылары бар?
ҒЗИ филиалының директоры Әбілхайыр МҰХСАНОВТЫҢайтуынша, ихтиологтар бұл туралы ұсыныс беруге мәжбүр болған. егер 2007 жылы балық артельдері теңізде 700-ге дейін вентер салса, қазір бұлардың саны 10 есеге дейін өсті. Ал балық азайып жатыр.
Балық қорының азайып бара жатқаны және вентермен аулауды нормалау туралы балық қорғау инспекциясының бастығы Ә. Бұхарбаев «АЖ»-ға жолдаған хатында былай деп жазған: «Кәсіпшілік балық қорының мөлшері Жайық өзені ағысының азаюына, Каспий теңізіндеге техногендік жүктелімдердің көбеюіне, уылдырық шашу аудандарының қысқаруына және браконьерлік фактілердің артуына байланысты төмендеп отыр.
Балық аулау лимиттері игерілмейді. Мысалы, егер 2008 жылы сағалық кеңістіктен көксерке аулау 3,1 мың тоннанны құраса, 2012 жылы 673 тоннаға дейін, яғни 4,6 есе төмендеген. Табан аулау – 2008 жылы 2,9 мың тоннаны құраса, 2012 жылы 1,1 мың тонна болған, бұл да 2,7 есе төмендеген. Қарагөз 1,7 мың тоннадан 1 мың тоннаға азайған.
Балық шаруашылығы ҒЗИ филиалы «Жайық-Каспий бассейніндегі су қоймаларының балық өнімділігін анықтау және ЖРБ-дың (жалпы рұқсат етілген балық аулаудың) биологиялық негіздемелерін әзірлеу» биологиялық негіздемесінде бізге өзеннің сағалық кеңістігіндегі кәсіпшілік қарқынын 2007 жылғы масштабқа дейін төмендетуді ұсынды: балық аулау қайықтары 200-ден, ау құралдары 2070-тен, вентерлер 700-ден аспауы керек.
Балық аулау ережесінің 14-тармағына сәйкес, вентерлерді бір-бірінен 1,5 шақырым қашықтықта, теңізде аралары 1 км және өзенде 50 м қашықтықта салуға рұқсат етіледі. Теңізде әр қанатта үш вентерден артық салуға болмайды және вентер қанатының ұзындығы 40 метрден аспауы керек.
Артельдердің басшылары әр бригадаға қанша вентер беру керектігін өздері шешуі керек. Егер артель 30 вентер салуға рұқсат алса, оны үш бригадаға 10 данадан бере ме немесе үш данадан 10 бригадаға бере ме, өздері шешеді».
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ