Атырау тұрғыны мен «Идеал Трейд Маркет» ЖШС супермаркеттер желісі мен «Мария» асүй студиясының әкімшіліктері арасындағы дау шарықтау шегіне жетіп, тығырыққа тірелді. Қарсы тараптар жағдайды тек сот залында шешуге дайын.
Жанжал желісі мынадай: 2022 жылдың аяғында Атырауда «Лидер» супермаркеттер желісінен «Арманыңдағы ас үйді ұтып ал» науқаны өтті: сатып алушылар арасында үш метрлік «Мария» асүйіне миллион теңгенің сертификаты ойнатылды. 6 қаңтарда жеңімпаз Фархат АҚМАЛИЕВ (суретте) сертификат алып, ұтысын алуға асүй студиясына жүгінеді.
– Бірақ мен сертификатты пайдалана алмадым, себебі жиһаздың барлығы тапсырыс бойынша жасалады екен, ал оның құны екі миллион теңгеден басталатыны белгілі болды. Тіпті осы«сертификат» жеңілдіктері болса да, менде қосымша ақша болмады. Сертификатымды басқа нәрсеге, мысалы, үстел, орындық, шкафқа айырбастау туралы ұсынысымды қабылдамады, – дейді Ф.Ақмалиев. - Мен «Мария» асүй студиясының директорына сертификатты «нақты» миллионға айырбастау туралы өтініш бердім, өйткені оның жарамдылық мерзімі табыс етілгеннен кейін 60 күннен соң аяқталады. Бірақ маған бұл акцияның шарттарына қайшы келетінін айтты – сертификатты қабылдау-беру актісіндегі тармақтардың бірінде оны айырбастауға, қайта сатуға немесе қайтаруға болмайтыны жазылғанын айтты. Мен тығырыққа тірелдім: миллион теңге ұтып алдым-ау, бірақ оған ештеңе ала алмаймын...».
СҰРАНЫС ПЕН МҮМКІНДІКТЕР ТУРАЛЫ
Біз түсініктеме алу үшін «Идеал Трейд Маркет» ЖШС-не хабарласып, бұл жағдайға қатысты мүлдем басқа пікірді естідік. ЖШС-нің маркетинг және жарнама жөніндегі директоры Галина ДОРОНИНАНЫҢ айтуынша, компания шынымен де «Арманыңдағы асүйді ұтып ал» акциясын өткізген және мұндай акциялар тұрақты өткізіліп тұрады:
– Бірақ жеңімпаз сертификатты ақшаға айырбастағысы келді, бұл акция шартына қайшы – мұндай жағдай бірінші рет болып тұр, – дейді Г.Доронина. – Әрине, бұл ұтыс шарттарына қайшы болғандықтан, бас тартуға мәжбүр болдық. Оның үстіне акция жеңімпазы «Мария» асүй студиясынан 1 миллион теңгеге сыйлығымды ала алмадым, оған қосымша ақы төлеу ұсынылды деген жалған ақпарат тарата бастады. Бұл өтірік. Науқан басталмай тұрып, осы сомаға ас үй жобасы әзірленген болатын. Осы соманың ішінде асүй қасбетінің түсі мен басқа сипаттамаларын таңдағаннан кейін асүйді жасау жұмыстары басталатын еді.
Мәселе басқада – Ақмалиевтің өзі 1 миллион теңгелік сертификат сомасынан асатын үлкенірек өлшемдегі асүй дизайнын қалады. Әрине, оған ол үшін қосымша ақы төлеу ұсынылды. Супермаркеттер желісінің сайтында жарияланған байқау шарттарына сәйкес, «сатып алынған тауардың құны 1 000 000 теңге сертификат құнынан асып кетсе, акцияға қатысушы айырмашылықты қосымша төлейді». Ол бұған келіспей, енді ақша талап етіп отыр.
Біз өз тарапымыздан бәрін адал жасадық: жеңімпазды кездейсоқ таңдадық, оған ұтысы туралы хабардар еттік және оған осы ұтысын алуға мүмкіндік бердік. Жеңімпаз өзінің негізсіз талаптарымен іскерлік беделімізге нұқсан келтіретініне қарамастан, біз өз міндеттемелерімізден бас тартпаймыз және «Мария» асүйі серіктесімен бірге бас жүлдені беруге дайынбыз.
«Мария» асүй студиясының директоры Виктор ПУГАЧЕВ:
– 2022 жылдың желтоқсан айында біз «Лидер» супермаркеттер желісімен бірге акция өткіздік, ол бойынша бас жүлде жеңімпазы 3 метрлік асүйді иемденеді. Акция жеңімпазы тек түсін таңдауы керек болды, сонымен қатар ол жоғары бағадағы асүйді сертификат жеңілдігімен сатып алуына болатын. Алайда жеңімпаз асүйге мұқтаж еместігін айтып, 1 миллион теңге ақшалай өтемақы талап етті. Бұл біздің іскерлік беделімізге нұқсан келтіреді, біз акция шарты бойынша әрекет етсек те, бізді міндеттемелерді адал орындамай отыр деп айыптады. Келісімшарт бойынша 1 миллион теңгеге 3 метрлік ас үйдің жобасын жасауымыз керек еді және уәде еткендей бұл жобаны жүзеге асыруға дайынбыз.
Тағы бір айта кетерлігі, біз бұл сертификатты сатпадық, біз оны ойнатқан «Лидер» желісінің өкілдері емеспіз. Біз демеушіміз және өз шартымыз бойынша жеңімпаз асүй сатып алуға пайдалана алатын соманы ұсындық.
СЕРТИФИКАТ ТУРАЛЫ ЕКІ ТҮРЛІ ПІКІР
- ҚР заңында сертификат ұғымы реттелмегенімен, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның баптары бар», - дейді заңгер Жанар НҰРМАҒАМБЕТОВА. - Менің клиентім құқығы бұзылып жатқанын білместен қол қойған сертификаттың қабылдау-тапсыру актісін қарастырайық. Біріншіден, сертификат айырбастауға, сатуға және қайта сатуға жатпайды деген тармақ. Ал екіншіден: «алынатын тауардың құны сертификат құнынан асып кетсе, онда жеңімпаз қатысушы айырмашылықты қосымша төлейді. Бірақ егер тауардың құны сертификат сомасынан төмен болса, жеңімпаз акция қатысушысына айырма қайтарылмайды» делінген тармақ. Бұл екі шарт «Тұтынушылардың құқықтары туралы» Заңның 8-1 бабына қайшы келеді, онда таңдау құқығын шектеуге және өз ережесін орнатуға жол берілмейді делінген.
Актіде жеңімпаз қатысушының берілген сертификатқа ешқандай талабы болмайды және болашақта талап ете алмайды деген тармақ бар. Яғни, тараптардың бірі тұтынушының құқығына нұқсан келтіретін шарттарды көрінеу қосып отыр. Жағдай былай - «Мария» асүйі әуел бастан миллион теңгеге асүй ұсынбай, қосымша төлем ұсынып, бұл жағдай жұртшылыққа жария болған соң, «айнып», тек түсін таңдау керек деп, 1 миллион теңгеге бұрыннан бар дизайн нұсқасын ұсына бастаған. Осы хикаяның басында оған бұл ұсыныс жасалмаған. Енді менің клиентім: «асүй керек емес, сертификат бойынша ақша керек» деп принципке көшті. Бұл оның құқығы - ол сертификатты пайдалана алады немесе орнына ақша алып, оны қайтара алады.
Осыған ұқсас жағдай бойынша dialog.egov.kz сайтында ҚР Сауда және интеграция министрінің жауабы бар, онда тауарды сатып алу, қызмет көрсету сертификаты аталған және тауар боп табылады. «Тұтынушылардың құқықтары туралы» Заңның 32-бабына сәйкес, егер сыйлық сертификаты жұмысқа немесе қызмет көрсетуге арналған болса (біздің жағдайымызда – асүй жасау үшін), тұтынушы сертификаттан бас тартуға және төлем сомасын талап етуге құқылы.
Бұл тұрғыда басқа да пікір бар, бұл жолы «Идеал Трейд Маркет» ЖШС заңгері Р.МУГАЕПОВ:
– ҚР заңнамасында сыйлық сертификаттарына қатысты нормалар нақты реттелмеген. Бұл сертификат сатып алушыларды көбірек тарту мақсатындағы маркетинг түрлерінің бірі. Ол ерікті акция бойынша ақшаны емес, сертификат шарттарымен тауарларды алу үшін беріледі. Яғни, сыйлық сертификаты тауар немесе қызмет болып табылмайтындықтан, оларды беру тәртібінде алдау немесе сатып алушы мен тұтынушының құқықтарын бұзушылық жоқ. Осыған байланысты «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының нормаларын қолдану заңсыз. Жоғарыда айтылғандардың негізінде соманы төлеу мүмкін емес, өйткені бұл төлем акция шарттарында қарастырылмаған.
...Екі тарап та өз дұрыстығын сотта дәлелдемекші.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА