Атырау, 28 қараша 12:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Атырау облысы су тасқынына қаншалықты дайын

1 679 просмотра

Өңіріміз бойынша 86 мыңнан астам тұрғын бар 36 елді мекенде көктемгі су тасқыны болу қауіпі бар. Бұл туралы облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВТЫҢ төрағалығымен өткен жиында Атырау облысы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Нұрлан ЖАҢАБАЕВ мәлімдеді.

Нұрлан ЖАҢАБАЕВ

Н. Жаңабаевтың мәліметінше, Атырау қаласы мен 4 ауданда (Қызылқоға, Құрманғазы, Индер, Махамбет) су тасқынына әзірлікі тексеру жұмыстары жүргізілген. Тексеріс нәтижесінде Сағыз, Ноғайты өзендерінің арналарына тереңдету жұмыстарын жүргізіп, қорғаныс бөгеттерін тұрғызу қажеттігі анықталған.

- «Миялы-Қарабау-Индер» тас жолы бойындағы Миялы ауылынан шамамен 600 метр жердегі тас жол бойына және «Сағыз-Миялы-Индер» тас жолының Сағыз ауылынан шамамен 12 шақырым қашықтықта су өткізу құбырын орнату қажет. Сонымен бірге Сағыз ауылындағы электр подстансиясының аумағына қорғаныс бөгеттерін тұрғызбаса, су тасқыны ауылды жарықсыз қалдырғалы тұр, - деді Н.Жаңабаев.

Құрманғазы ауданы бойынша Дыңғызыл, Көптоғай және Шортанбай ауылдық округтеріндегі Қиғаш өзенінің арнасындағы айналма жерінде судың келу бағытының соғуы нәтижесінде қорғаныс бөгетін бұзу қаупі бар. Ал Атырау қаласы және аудандардағы жауған қарды шығару жұмыстарын жеделдету қажет.  

Былтыр көктемгі су тасқыны кезеңінде Ноғайты өзенінің арнасының тереңдетілмеуі салдарынан өр суының ағысы жолды екіге жарып өтіп, су өткізгіш құбырлар ағыспен ағып кеткен еді. Тасқыннан кейін жол қалпына келтірілгенмен, құбыр қайта орнына орнатылмады.

Қызылқоға ауданы әкімі Қанат ӘЗМҰХАНОВ аталған жерге су өткізгіш құбырды салу жұмыстары күн жылына, наурыз айында басталатынын мәлімдеді. Айтуынша, барлық құрал жабдықтар дайын.

- Аудан бойынша бөгеттердің жағдайы қанағаттанарлық күйде. 25 техника, 3 мың қапшық, 5 тонна дизель отыны, 500 тонна ПГС, 1 үрмелі қайық, 15 мотопомпа сатып алынды. Сағыз ауылы мен Ноғайты өзені бойынша су өткізу құбырын реттесек, толық дайын боламыз, - деді Қ.Әзмұханов.

- Былтыр су қай жерде қауіп бар екенін көрсетті. Сондықтан Сағыз өзені мен Ноғайты, Ойылға мұқият болу қажет, - деді С.Шәпкенов.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Сурет ӨКҚ және «АЖ» мұрағатынан алынды

22 ақпан 2023, 13:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.