Уругвайдың Дурасно қаласында салынып жатқан зауытта атыраулық он жігіт жұмыс істейді. Бұған дейін олар Теңіз кен орнында жұмыс істеп, кейін шетелден жұмыс тауыпты.
Атырау қаласының тұрғыны Аймұрат Алдоңғарұлы бірнеше жыл Теңіз кен орнында оқшаулағыш маман болып жұмыс істеген. Кейін келісім-шарт біткен соң, Уругвайдан жұмыс тапқан. Қазір Дурасно маңында салынып жатқан зауытта сол мамандық бойынша жұмыс істеп жатыр.
– Бұған дейін таныстарым Уругвайда жұмыс істеді. Мен оларға түйіндемемді жібердім, олар мені жұмысқа шақырды. Теңіз кен орнында салынып жатқан зауыттың жаһандық жоба екені сөзсіз. Менің ойымша, жұмысқа қабылдануымның басты факторы осы болды. Билеттер мен жұмысқа тұруға қажетті құжаттар шығынын компания көтерді. Әріптестерім Литва мен Швеция азаматтары.
– Теңізбен салыстырғанда еңбек жағдайында айырмашылық бар ма?
– Теңіз кенішінде шай ішу және түскі үзіліс Уругвайға қарағанда ұзағырақ – мұнда біз күніне он сағат жұмыс істеп, түскі асты жарты сағат ғана ішеміз. Жалақымыз Теңіздегіден жоғары. Теңізде жинақталған тәжірибе, қауіпсіздікті білгенім өз пайдасын тигізді. Бұл жерде қазір ыстық. Наурыз немесе мамыр айларында Қазақстанға келуді жоспарлап отырмын.
– Әріптестеріңізге, жұмысшыларға не айта аласыз?
- Кім жұмыс іздесе, сол табады. Үміт үзбеу керек, тек Теңізден ғана емес, басқа жерлерден де іздеу керек, әсіресе қазір қысқартулар көп болып жатыр.
Ал Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат МӘМБЕТОВТІҢ айтуынша, Теңіз кенішінен босатылған жұмысшыларға қолдау көрсету шаралары жүргізілуде. 9645 адам тұрақты жұмысқа, 4179 адам мемлекет субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылады.Сонымен қатар Қашаған кен орнында жаңа газ өңдеу зауыты, бутадиен өндіру зауыты, полиэтилентерефталат мен тазартылған терефтал қышқылы өндіретін зауыт және біріктірілген газ-химиялық кешені құрылысында 16 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Арман АЙБАСОВ