Атырау, 28 қараша 13:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Алдағы сайлау туралы не білу керек

1 359 просмотра

19 наурызда Қазақстанда Парламент Мәжілісі мен облыстық мәслихаттар сайлауы өтеді. Бұл сайлау бұрынғылардан кейбір өзгерістерімен ерекшеленеді. Мұны Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат АЙМАНАКУМОВ түсіндірді.

– Азамат Мақсотұлы, наурызда Мәжіліс, облыстық мәслихаттар, кей жерде қалалық, аудандық мәслихаттар сайлауы өтеді. Мұның бәрі бір күнде болады. Сайлаушылар қанша бюллетень алады және үміткерлерді қалай сайлайды?

– 2023 жылғы 19 қаңтарда ҚР Президентінің Жарлықтарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2023 жылдың 19 наурызына белгіленді.

Әрбір сайлаушы 5 сайлау бюллетенін алады: 1) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын жалпыұлттық бірыңғай сайлау округі бойынша сайлау үшін (барлық тіркелген партиялардың партиялық тізімі бойынша); 2) №13 бір мандатты сайлау округі бойынша Атырау облысының шекарасында Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша (ҚР Парламенті Мәжілісінде Атырау облысының атынан өкілдік ететін депутат сайланады); 3) партиялық тізімдер бойынша Атырау облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша; 4) бір мандатты сайлау округі бойынша Атырау облыстық мәслихаты депутаттарын сайлау бойынша; 5) қалалық мәслихат депутаттарын сайлау (егер ол Атырау қаласында тұрса) немесе аудандық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша (егер ол ауданда тұрса). Сайлаушылар әр мандатқа бір ғана үміткерді таңдап, алған бюллетеніне бір ғана белгі қоюы керек.

– Үміткерлерге қойылатын талаптар қандай?

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер оның аумағында соңғы 10 жыл бойы тұрақты тұратын ҚР азаматы болуы тиіс. Жасы - 25 жастан кіші болмауы керек.

(Облыстық, қалалық, аудандық) мәслихат депутаттығына кандидат ел азаматы, 20 жастан кіші болмауы керек.

Соттылығы жойылмаған немесе белгiленген тәртiппен алынбаған адамдар; белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп танылған адамдар ҚР Парламентi, мәслихаттары депутаттығына кандидат бола алмайды.

 – Атырау облысынан қанша үміткер тіркелді?

Облыс бойынша 496 кандидат ұсынылды, оның ішінде 13 ақпандағы жағдай бойынша №13 бір мандатты сайлау округі бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына 6 кандидат, облыстық мәслихатқа 32 кандидат, қалалық мәслихатқа 52 кандидат, аудандық мәслихат депутаттығына 187 кандидат тіркелді.

Облыстық мәслихат депутаттығына 68 адамнан тұратын 6 партия өз кандидатурасын ұсынды, оның ішінде «АМАNАТ» партиясының ұсынысымен 1 кандидат алып тасталды. «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» өз кандидаттарын ұсынбады.

Бүгінде 4 партия тіркелді – «Ақ жол» ҚДП (10 кандидат), «Ауыл» ХДП (7 кандидат), «АМАNАТ» партиясы (30 кандидат), «Қазақстан халық партиясы» (9 кандидат).

«Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» және «Respublica» партиясы тіркеуден өтіп жатыр.

– Бізде өзін-өзі ұсынған кандидаттар қанша болды, қаншасы қабылданбады, қандай себеппен?

– Бізде облыс бойынша мәслихат депутатығына 226 кандидат өзін-өзі ұсынған болса, 7 адам өз еркімен кандидатурасын алып тастады.

– Сайлау жарнасының мөлшері қандай және қандай жағдайда қайтарылады?

– Бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Орталық сайлау комиссиясының шотына ең төменгі жалақының он бес еселенген мөлшері – бұл 1 050 000 теңге көлемінде сайлау жарнасын төлейді.

Мәслихат депутаттығына кандидат жергілікті атқарушы органдардың шотына ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде, яғни 350 000 теңге сайлау жарнасын төлейді.

Төленген жарна кандидатқа үш жағдайда қайтарылады: егер кандидат ҚР Парламенті Мәжілісінің немесе мәслихаттың депутаттығына сайланса, кандидат кемінде 5% дауыс жинаған жағдайда және кандидат қайтыс болған жағдайда. Қалған басқа жағдайда сайлау жарнасы қайтарылмайды және республикалық бюджетке түседі.

– Кандидаттарды тіркеу қашан аяқталады және кандидаттардың тізімі қашан жарияланады?

- Кандидаттарды тіркеу 2023 жылдың 18 ақпанында жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады. Тіркеу туралы хабарлама кандидаттар тіркелгеннен кейін жетінші күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында және сайлау комиссияларының интернет-ресурстарында жарияланады. Алғашқы хабарламалар 10, 14 ақпанда облыстық газеттерде жарияланды және солай жалғаса береді.

– Сайлаушылар кандидаттардың өмірбаянымен және сайлауалды бағдарламаларымен қай жерден таныса алады?

– Сайлауалды үгіт-насихат кезінде – облыстық, аудандық газет беттерінен, интернет ресурстарынан. Сонымен қатар, плакат, билборд, ұран, үнпарақ және басқа да үгіт материалдары дайындалады.

– Жалпыұлттық бірыңғай сайлау округі мен бір мандатты №13 сайлау округінің айырмашылығы неде? №13 бір мандатты сайлау округі бойынша қанша адам үміткер?

– Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі жалпыхалықтық сайлау округі – бұл Қазақстан аумағы, яғни еліміздің біртұтас сайлау округі. Мұнда кандидаттар партиялық тізім бойынша сайланады.

Бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша Мәжіліс және мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды сайлау туралы Конституциялық заңның 87 және 103-баптарына сәйкес, саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ олардың құрылымдық бөлімшелері және азаматтар өзін-өзі ұсыну арқылы өз кандидатураларын ұсына алады.

№13 бір мандатты сайлау округі бойынша (бұл Атырау облысы бойынша Парламент Мәжілісінің депутатын сайлау бойынша бір мандатты округ) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға 20 кандидат ұсынылды. Олардың бірі заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген және алынбаған соттылығына байланысты кандидаттарға қойылатын талаптарға сай келмеді (әңгіме Макс Боқай туралы – авт.). Осылайша, 19 үміткер тіркеуге жіберілді.

– Аралас сайлау жүйесі дегеніміз не және оны қалай түсінуге болады?

- Облыстық мәслихаттың депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады: депутаттардың жартысы бірыңғай аумақтық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша, сонымен қатар қалған жартысы бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. Яғни, Атырау облыстық мәслихатының 30 депутатының 50 пайызы (15 депутат) мажоритарлық жүйе бойынша (округтар бойынша), 50 пайызы (15 депутат) партиялық тізім бойынша (пропорционалдық жүйе бойынша) сайланады.

Аудандар мен облыстық маңызы бар қала мәслихаттарының депутаттары бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады.

Атырау қалалық мәслихатының 25 депутаты, аудан мәслихатының 85 депутаты толығымен мажоритарлық жүйе бойынша сайланады.

«Сайлау туралы» Конституциялық заңның жаңа қағидаларына сәйкес, Мәжіліс депутаттары жалпыұлттық бірыңғай сайлау округінің аумағы бойынша, сондай-ақ бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша сайланады.

Бір сөзбен айтқанда, пропорционалды сайлау жүйесінде сайлаушылар партияларға, ал мажоритарлық жүйеде нақты кандидаттарға дауыс береді. Пропорционалды сайлау жүйесінде мандаттар 5 пайыздан астам дауыс алған партиялар арасында квота бойынша бөлінеді. Мажоритарлық жүйеде ең көп дауыс жинаған кандидат сайланған болып есептеледі.

– Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен Атырау облысы (орталығы – Атырау қаласы) шекарасындағы Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша №13 бір мандатты сайлау округінің шекаралары белгіленді. Бұл №13 сайлау округінен бүкіл облыстан депутаттыққа үміткер бола алады дегенді білдіре ме?

– Иә, Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау бойынша бір мандатты №13 сайлау округі бойынша Атырау облысы шекарасында ниет білдірушілердің барлығы өз кандидатурасын, тіпті Атырау облысында тіркелмеген және тұрмайтын болса да ұсынуға құқылы.

– Жаңалық – онлайн науқан туралы толығырақ айтып берсеңіз. Бұл кандидаттардың мүмкіндіктерін қандай да бір түрде шектей ме?

- Онлайн-платформаларды пайдаланушылар шарт негізінде тіркелген кандидаттар мен партиялардың тізімін ұсынған саяси партиялардың үгіт материалдарын жариялау үшін ақпарат көлемін береді. Келісім шарттары белгілі бір кандидатқа, саяси партияға артықшылықтар туғызбауы керек. Төлем мөлшері, шарттық негізде ұсынылатын үгіт материалдарын орналастыру шарттары туралы ақпаратты тиісті бұқаралық ақпарат құралдары, интернет-алаңды пайдаланушы сайлау науқаны басталғанға дейін 5 күннен кешіктірмей жариялауы тиіс. Кандидаттар үгіт материалдарын төлем мөлшері, үгіт материалдарын орналастыру шарттары туралы ақпарат жарияланғанға дейін тарата алмайды.

Сайлауалды үгiт жүргiзу кезiнде кандидаттардың, партиялық тiзiмдердi ұсынған саяси партиялардың сайлауалды үгiтiне байланысты мерзiмдi баспа басылымының таралымы барлық кандидат үшiн бiрдей болуға тиiс.

Естеріңізге сала кетейін, алдағы науқанға барлығы 9 мәслихатқа 140 депутат сайлануы тиіс.

Дайындаған Зульфия НОМАД

15 ақпан 2023, 17:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.