Жуырда әлеуметтік желіде 82 жастағы ауыл тұрғыны Уахит МАСАЛОВ аудандағы кәріз суы мен қоқыс алаңының айдалада қоршаусыз жатқаны жөнінде шағымданғаны туралы видео пайда болды.
- Бұл нәжіс толған сасық «көлдің» пайда болғанына бірнеше жыл болды. Бұл жер басында терең шұңқыр болатын. Енді ол үлкен көлге айналған. Сасып жатыр, айналасына бару мүмкін емес. Құрманғазы ауылының РТС, Тәжібай, Сазтүбек, Әлсейіт, Ескі аэропорт елді мекенінің бар малы осы жердің нәжіс суын ішеді. Себебі айналадағы мал су ішетін көлдер тартылып қалған, оның үстіне қоқыс алаңы да жақын орналасқан. Бәрі қоршаусыз, иесіз жатыр. Малды өсіруден қалып барамыз, себебі целлофан, басқа да түрлі қоқыстарды жеп, боқ суды ішкен мал союға да, сүтін ішуге де келмейді. Ал ауыл халқының басым бөлігі малмен күн көріп отыр. Амал жоқ екі-үш сиырымның артынан таңертеңнен кешке дейін еріп жүргенім. Жыл сайын жиындарда әкімдер қоршайтын болады да, онысы аяқсыз қалады. Әкімдер жыл сайын құр уәде бермей, қоршауларын талап етеміз, - дейді У. Масалов.
Зейнеткер мен өзге де тұрғындардың наразылығын Құрманғазы ауданы әкімдігіне жолдадық:
- Құрманғазы ауылында 1,5 км қашықтықта тұрмыс қалдықтарын төгетін бір қоқыс алаңы бар. Жер көлемі 13,65 гектар. Бұрын құжаттары толық рәсімделмеуіне байланысты қоршауға қаржы бөлуге мүмкіндік болмады, - дейді Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман МУСА. - Қоқыс алаңының жер телімі аудандық ТКШ бөліміне берілді. Қазіргі уақытта қоқыс алаңын қоршау үшін сметалық жобасы жасақталған болатын. Ангар және тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау қондырғысын сатып алу үшін 60 млн теңге қаржы қаралып, конкурстық құжаттарын жасақтау жұмыстары жүруде.
Құрманғазы ауылының маңында пайда болған көлді жою керектігі туралы билік жақ ашпайды.
Алайда, Ақкөл ауылынан 25 шақырым жерде қоқыс полигоны болса да, оған жеке тұлғалардың кәріз суын жасырын төгетінін біледі. Жеке тұлғаларға Ақкөлге барғаннан гөрі бір жарым шақырым жерге кәріз суын төгу жылдам әрі арзанырақ екенін айтудың қажеті жоқ шығар.
Біз «Құрманғазы су арнасы» ЖШС-нің директоры Ерлан ТАКИШЕВТЕН мұны кім істеп отырғанын білесіз бе деп сұрадық:
- Ақкөл маңындағы полигон туралы айта аламын, себебі оны ЖШС басқаратындықтан Құрманғазыдағы мемлекеттік мекемелер бұл жерге ағынды суларды әкеледі, бірақ жеке тұлғалардың нәжіс суларын қайда төгетінін білмеймін, - дейді ол.
Көл мен қоқыс мәселесі түпкілікті шешілмей, құрманғазылықтар іргедегі сасық көлден ауру тарап, экологияға зор қауіп тудыра ма деп алаңдайды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Видео Құрманғазы ауданының тұрғыны Серік Баязитовтікі