Қыстың «және басқа да қиыншылықтардың» күтпеген жерден келетініне үйреніп қалдық. Қазір қала басшылығы қар шығару мәселесіне алаңдаулы. Бірақ көп ұзамай бізді, соның ішінде жеке секторды су басу қаупі төніп тұр. Әдеттегі маусымдық құбылыстардың апокалипсиске айналмауы үшін не істеу керек? Бұл туралы сарапшымен сөйлестік.
ҚАНША ҚАР ЖАУДЫ
Қала әкімдігінің Фейсбуктегі ресми парақшасында жарияланған мәліметі бойынша, 7 ақпанда сағат 8:00-ден 13:00-ге дейін 10 мм жауын-шашын жауған; қар биіктігі - 19 см.
Неліктен 10 мм жауын-шашынның 19 сантиметрге тең екенін бірден түсіндірейік (Google көмегімен): «жауған қардың бір мм-ы қар құрылымына байланысты қар жамылғысының биіктігі 1-1,5 см-ге тең».
Енді 8-ден 13.00-ге дейін қанша қар жауғанын есептейік. Есептеу үшін қардың биіктігін аламыз - 19 см. Бұл 1 га үшін 1900 текше метр. Қала ауданына көбейтіміз - шамамен 30-45 мың га ( аз цифрды аламыз, өйткені бас жоспар 2030 жылға дейін өсу есебімен бекітілген ). 57 млн текше метр қар шығады.
Егер біз осы көлемнің тек 20%-ын қала сыртына шығарсақ (үйлердің, саябақтардың, аулалардың және басқа да жеке және бос аумақтардың шатырларын алып тастағанда), онда 11,4 млн текше метр шығады.
ҚАНШАСЫ ШЫҒАРЫЛДЫ
7 ақпандағы жағдай бойынша 1980 текше метр шығарылды. 4 ақпаннан 9 ақпанға дейін – 15 000 текше метр; 10 ақпандағы жағдай бойынша барлығы – 18 000 текше метр (Барлық сандар Атырау қаласы әкімдігінің есебінен алынды).
Яғни, мұхит тамшысындай - 0,2% (инфографиканы қараңыз). Диаграмманы құру кезінде біз максималды көрсеткішті алдық, өйткені аз болса, ол тұтас көк болып шығар еді. Бірден ескертейін, бұл диаграмма осы күндері аянбай күні-түні жұмыс жасап жатқан қарапайым коммуналдық қызметтерді жазғыру емес.
БҮКІЛ ҚАРДЫ ШЫҒАРУ ҮШІН ҚАНША КАМАЗ КЕРЕК
Бір КамАЗ-ға 10 текше метр сыяды, шығарылған қар көлемін (11,4 млн) осы көрсеткішке бөлеміз. 1 140 000 рейс шығады. Бір КамАЗ бір жұмыс күнінде 10 рейс жасайды деп есептесек, мысалы, үш күн бойы қар тазалауға 38 000 КамАЗ автопаркі қажет болады. Мұндай көлемдегі техниканың жоқ екені анық. Ал әкімдік қосымша машина сатып алатынын жариялағанымен, тек техника сатып алумен мәселе шешілмейді. Біздің есептеулеріміз қарды түгелдей қала сыртына шығару мүмкін емес екенін көрсетеді. Біздің климатымызда су басу қаупін қалай болдырмауға немесе азайтуға болады? Осы сауалдармен біз «Атыраугидрогеология» ЖШС ғылыми кеңесшісі Едіге САБУРОВҚА (суретте) хабарласқан едік.
Біріншіден, біздің жағдайымызда орталық көшелерді ғана тазалай аламыз, әдетте осылай жасалады. Екіншіден, кеңестік кезеңнен бері қар еріткіштерді – қарды төгіп, ерітетін, ал еріген суды кәріз құбырына ағызатын арнайы құрылғылар қолданылады. Үшіншіден, қаланың әлеуметтік маңызды және өзекті нүктелерін анықтау қажет. Мысалы, ойпатты жерлерде жеке үйлерді су басу қаупі жоғары - сондықтан, ең алдымен, қарды сол жерден шығару керек.
ТОПЫРАҚ ҚАУПІ
Қар еріп, топыраққа сіңіп кететін қалалар бар. Ал біздің Атырау сияқты суды нашар өткізетін топырақты (сазды, кей жерлерде таза сазды) қалалар бар. Бізде жер асты суларының деңгейі өте жоғары. Күзден бастап капиллярлы көтеріледі - су барлық саңылау арқылы көтеріледі, ал қыста топырақ қаныққан, қар топыраққа сіңбейді. Сондықтан тәулігіне 10 мм жауын-шашын түскенде, Атырау қаласы мен облыстың басқа да елді мекендерінде төтенше жағдай жариялау туралы ережені қабылдау үшін Үкіметке жүгінуіміз керек. Дәлелдеу үшін бізде соңғы 40 жылдағы Атырау қаласындағы жер асты суларының деңгейін өлшейтін ұңғымалар тобының мониторингі бойынша жеткілікті мәліметтер бар.
ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЖАРИЯЛАУ НЕ БЕРЕДІ
ТЖ жариялау жергілікті билікке жеделдік береді, олар қажетті көлемдегі техниканы (самосвал, жүк тиегіш және т.б.) тез жалдап, қаржылық және ұйымдастырушылық шараларды тез қабылдайды, алақан жайып жүрмейді. Барлық кәсіпорындардың КамАЗ көліктері мен жүк тиегіштері ТЖД есебінде болуы керек. Сол кезде тәулік ішінде негізгі магистральдарды тазартуға болады. Бұл жолы енді кеш, бірақ 10 мм жауын-шашын түскен кезде төтенше жағдайларды енгізуді заңдастырудан бастап, осы шаралардың барлығын шұғыл қолға алған жөн.
СУ БАСУ ҚАУПІ
Бізде жылдан-жылға әдетте: «толассыз жауған жаңбыр салдарынан тұрғын үйлерді су басып жатыр» деп хабарлайды. Алайда: еріген және жер асты суларын бұру үшін инфрақұрылымның жоқтығынан үйлер су астында қалды» деген дұрыс болады. Бiзде жергiлiктi билiк нөсер кәрізін салу жұмыстарын қолға алмай отыр. Әрине, біз ауа-райына әсер ете алмаймыз, бірақ әкімдікке ықпал ете аламыз – оларды әрекет етуге мәжбүрлей аламыз.
Ең алдымен ескеретін нәрсе. Қаладағы жер асты суларының деңгейі (оның әртүрлі бөліктерінде) ай сайын өлшенеді, бізде 80-жылдардағы, яғни 40 жылдан астам уақыттан бергі деректер бар. Сондықтан топырақ толығымен ылғалмен қаныққан және енді суды сіңірмейді деп айта аламыз. Екіншіден. Қаладағы жердің беті біркелкі емес, 2-3 метр ойыс жерлері кездесетін аумақтар бар. Нөсер суының астында қалған 11 учаске бар. Олардың суын қайда бұратынын әкімдік қазір шешуі керек. Олар қаланы көктемде су басатынына дайын болуы керек. Әзірге вакуумдық цистерналарсыз (су тасымалдағыштарсыз) жұмыс істей алмаймыз. Сондықтан, мемлекеттік тапсырыс аясында барлық меншік нысанына қарамастан барлық автоцистерна иелерімен факті бойынша нақты орындалған жұмыс ақысын төлей отырып, шұғыл келісім жасау қажет.
Ал бұл жерде алдағы 5-8 жылда төрт негізгі мәселені шешуге назар аударған жөн: дренаж, нөсер, кәріз (септиктің орнына) жүйелерін және суаруға арналған техникалық су құбырын салу.
БҰЛ ШЕШІМ НЕ БЕРЕДІ
Біз жер асты суларын, нөсер суларын және кәріздік ағын суларды бұруды бастасақ, сәл жаңбыр жауса, қаланы су басатын бәледен құтыламыз. Сонымен қатар, топырақ тұзсыздана бастайды. Бізде жеке сектордың аумағы өте үлкен, алғашқы үш мәселені шешсек, топырақ шайылып, құнарлы болады. Көгалдандыру мәселесі туындайды. Сол кезде бізге техникалық су құбыры қажет болады. Ауыз сумен суару – қылмыс. Сондықтан төртінші тармақ та маңызды және ол су бұрумен қатар орындалуы керек.
Елестетіп көріңізші, 45 мың гектардың 30 мың гектардан астамы жеке сектордың аумағы. Ал әрбір жеке аулада 3-4 ағаш пен 10 түп қызанақ, қияр, таңқурай немесе қарақат және т.б. болса, бұл жазда маусымдық жеміс-көкөністердің бағасының арзандауын, еңбек терапиясын әрі денсаулықты білдіреді. Оған қоса ауа тазарады. Сонымен қатар, өсімдіктердің тамырымен қопсыған топырақ суды жақсы сіңіреді, мұндай аулалардан қар шығарудың қажеті болмайды.
ЖАЙЫҚҚА ҚАРДЫ ТАСТАУҒА БОЛАДЫ МА? («АЖ» сайтындағы пікірлерден)
Болмайды. Су кодексі мен санитариялық нормалар бар. Тазаланбаған нөсер суын ашық су қоймаларына ағызуға болмайды.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА