Мемлекет нарықтық емес шарттармен триллиондаған теңге арзан ақша берген банктердің төңірегінде қызық жайттар жалғасуда. Бұл банктер мемлекетке ақшаны қайтармаған. Олар ақшаны пайдаланып, пайда табуды жалғастыруда. Ал банк акционерлері осы пайдадан үнемі дивиденд алып отырады.
Мемлекет ақшаны денсаулық сақтау, білім беру, халыққа әлеуметтік көмек, инфрақұрылым, шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиелеу және т.б. салаларға жұмсай алар еді. Оның орнына ол банктерге ақшаны түрлі уақытта, тіпті 2040 жылға дейін жылдық 0,1%-бен - іс жүзінде тегін беріп келді.
Енді банктер сол ақшаны мемлекеттік облигацияларға салады – яғни олар мемлекетке жылдық 16,75 пайызбен несие береді. Өте табысты бизнес! Одан түскен пайданы банк иелері дивиденд түрінде өздері алады.
Бұл 0,1 пайызбен депозит ашып, сосын сол банктен 16,75 пайызбен несие алған сияқты. Әрине, біз жынды емеспіз, өз ақшамызбен бұлай жасамаймыз. Бірақ мемлекет ақшамызды осылай басқарады және бізден сұрамайды. Бұл көптен бері болып жүрген жағдай, бірақ енді ғана ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұған бірдеңе жасау керек деп ұйғарған.
Агенттік мемлекет ақшасын алған банктерге дивиденд төлеуді шектеу туралы қаулы жобасын әзірледі. Жобаның бірінші нұсқасында агенттік меншік иелері мемлекет қаражатын пайдаланбай алған пайданың 50 пайызынан ғана өздеріне дивиденд алуды ұсынған. Банктердің бұл пайданы мемлекеттің көмегінсіз тапқанын халықаралық аудиторлар растауы керек еді.
Жоба ашық талқылауға ұсынылып, сынға ұшырады. Пайда мемлекет ақшасын пайдаланғаннан түсті ме, жоқ па, қалай санауға болатыны түсініксіз болды. Шамасы өздерінің халықаралық тәжірибесінде мұндайды кездестірмеген аудиторлар бұл идеяға күмәнмен қараса керек.
Жақында Агенттік жобаның жаңа нұсқасын жариялады. Енді ол мемлекет қаражатын пайдаланудан түсетін пайдадан асатын сомадан ғана дивиденд төлеуді ұсынды. Яғни, әдістеме аздап өзгерді, бірақ мәні бұрынғыша – ақшаны мемлекетке қайтарудың орнына меншік иелері дивиденд төлеуді жалғастырады.
Бұдан басқа, егер әртүрлі банктегі жағдайды мұқият зерделесе, ұсынылған шаралар оларға өте таңдамалы түрде әсер ететінін көруге болады. Мәселен, бұған дейін «Цеснаға» ақша алған АТФ үшін мемлекет ақшасын алған «Жусан» дивиденд төлеуді қысқартуы тиіс болады. Ал бұрын БТА-ға ақша алған «Қазкомға» мемлекеттің арзан ақшасын алған «Халық» үшін іс жүзінде ештеңе өзгермейді.
Қаулы жобасы әлі де талқылануда. Енді банктерге мемлекеттен алған ақшаны толық қайтармайынша дивиденд төлеуге тыйым салуға мүмкіндік бар. Әйтпесе, бұл қандай «Жаңа Қазақстан»? Ал реттеуші органға мемлекет ақшасы кімде, қандай жағдайда екенін жариялайтын кез келген шығар.
Елена СҮНДЕТОВА