Атырау, 11 желтоқсан 15:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Жетім көрсең, жебей жүр

5 443 просмотра

Әлеуметтік жарнама мен әлем жұлдыздарының өнегесінің арқасында бала асырап алу біз үшін жабықтақырып болудан қалды. Посткеңестік кеңістікте бала асырап алуды насихаттаудың ауқымды науқанын ресейліктер бастаған еді. Қазақстанда да тұрақты жұмыстар жүргізіліп отырады. Соның нәтижесінде асырап алынған, сонымен қатар қамқорлыққа, патронаттық тәрбиелеуге алынған балалар саны көбейді. Атырауда осындай шаралардан соң тіпті «Ақ бота» балалар үйі жабылды. №1 интернаттың базасында ресейлік мамандар өткізген «Асырап алушы ата-аналар мектебі» тренингінде қамқорлыққа алу органдары мен асырап алушы ата-аналардың бетпе-бет келетін қиыншылықтары туралы әңгіме қозғалды.

 

ЖАҢА ӨМІР

Тренингті ТШО-ның көмегімен «Жаңа өмір» жобасын енгізуге кіріскен «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» ҮЕҰ ұйымдастырды. Ол екі бағыттан тұрады: Асырап алушы ата-аналар мектебі (ААМ) және түлектерді интернаттан кейін сүйемелдеу. Ал бастапқыда «Еуразия Орталық Азия» қоры еліміздің 4 өңірінде интернат мекемелерінің түлектері қалай өмір сүріп жатқанын зерттеген болатын. Жасалған қорытынды көңіл жұбатарлық болмады. Бүгінде Қазақстанда 13 мыңдай балалар үйінің түлектері бар екен, жыл сайын олардың қатары шамамен мың адамға көбеюде. Көбінесе олар қылмыстық құрылымдар қатарын толықтырады немесе кедейшілік шегінде қалады. Сонда тұйық шеңбер түзіледі: балалық шақта оларды берекетсіз отбасынан алып кетеді, кейін олар қайтадан осы жолдың жиегінде тұрады. Өйткені, ең алдымен, олар интернаттан кейін дербес өмір сүруге дайын болмайды.

Елімізде интернаттан кейінгі сүйемелдеу орталықтарын құру шешімі пісіп жетілді. Біздің өңірімізде енгізілетін пилотты жоба жағдайды «сезінуді», кешегі балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін қандай проблемалар анағұрлым өзекті екенін анықтауды мақсат етеді.

«Жаңа өмір» жобасының шеңберінде №1 интернаттың және Геолог поселкесіндегі отбасылық үлгідегі балалар ауылының жанында базалық кабинеттер құрылды. Интернат мекемелеріндегі балалар қарапайым емес, олар ішкі дүниелерінде не бар екенін бөліскілері келмейді, бұл жерде психологтар мен конфликтологқа өздерінің бар шеберліктерін қолдануға тура келеді. Балалармен сабақтар, іскерлік ойындар, оқуды уәждемелеу сабақтарын өткізеді. Олар қарапайым отбасыларға қонаққа барады, концерттер тамашалайды. Балалар үйі түлектерінің ақшаға қатысты кіріптарлыққа түсетін кездері жиі орын алады: үйі де, жұмысы да жоқ, бірақ мойнында қомақты пайыздары бар несие болады. Сондықтан ҮЕҰ мамандары түлектерді қаржылық сауаттылыққа оқытуды маңызды бағыт деп есептейді. Оларды үнемдеуге, қаржы жинауға, ақшаны дұрыс жұмсауға үйретеді.

Жоба үйлестірушісі Нелли Куликовскихтің айтуынша, әлеуетті ата-ана асырап алушы ата-аналар мектебінің (ААМ) сабақтарына баруға аса құлшыныс танытпайды екен, олар өздерін онсыз да жақсы ата-ана бола аламыз деп ойлайды. Ал Ресейде болашақ асырап алушы ата-аналар 64 сағаттық тренингтен өтіп, мемлекеттік үлгідегі сертификат алуға міндетті.

 

ҮРІМ-БҰТАҒЫМЕН ҚҰҚЫҚТАРЫНАН АЙЫРЫЛҒАН

Тольятти қалалық округі мэриясының отбасылық, қорғаншылық және қамқоршылық департаментінің жетекшісі Светлана ЛЫСОВА ресейлік тәжірибе туралы әңгімелеп, балаларды әлеуметтік қорғау туралы фильм көрсетті. Ресейде әлеуметтік қызметке жататын қамқоршы органдар жетекші рөл атқарады. Олар проблемалы балаларды анықтайды, оларға бүкіл құжаттар пакетін жинайды, сонымен қатар асыранды балалар баратын отбасыларды сүйемелдеумен айналысады екен. Олар ойланып, ақыл тоқтатқан ата-аналарға өз балаларына деген құқықтарын қалпына келтіруге көмектеседі. Егер тіпті баланы асырап алса да, ол бәрібір қамқоршылық органның есебінде тұрады. Өйткені 18 жасқа жеткен кезде ол жаңа баспана алу өтінішімен немесе оған бекітілген баспананы қайтаруға қайтадан келеді. Отбасылық қызметтің салаланған жүйелері бар: отбасы мен балаларға әлеуметтік көмек көрсету орталығы, кәмелетке толмағандарға арналған оңалту орталықтары, жас балалары бар әйелдерге арналған қонақжайлар, мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған орталықтар.

Тольяттиде 18 жасқа дейінгі 140 мың бала бар. Оның 1635-і – ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар. Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы секілді тәрбиелеудің мұндай түрі  Ресейде жоқ - мемлекеттік мекеме, қамқорлық органдары бар. Олар асырап алатын отбасылар институтын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Қазақстандық заңнамадан айырмашылығы, ресейліктер асырап алу кезінде туған бауырларды айырып алуға рұқсат береді екен. «Қамқоршылық және қорғаншылық органдарының қорытындысы бойынша назар аударуға тұрарлық жағдай болғанда» деген тұжырымдама бар көрінеді.

Бала асырауды насихаттау барлық деңгейде жүргізіледі. Осындай отбасыларды қолдайтын қалалық мақсаттық бағдарламалар, сонымен қатар материалдық қолдау көрсететін қосымша мемлекеттік бағдарлама бар. Соңғы 20 жылда Тольяттиде 364 асырап алушы отбасына 419 бала берілген.

Жақсы оқып, жұмыс тауып, отбасын құрып, мемлекеттен пәтер алуға қол жеткізе алған түлектердің үлесі ресейліктерде де жоғары емес екен: үштен бір бөлігінен аз. Олар бәріне бірдей толыққанды қолдау (тұрғын үй алаңы мен басқа да әлеуметтік қызметтер) көрсете алмағандықтарын жасырмады. Тольяттиде үш буын ұрпақтары қатарынан ата-аналық құқығынан айырылған отбасылар бар екен.

 

БӘРІ ДЕНІ САУ БАЛАНЫ ҚАЛАЙДЫ

Ресейлік тәжірибе осы мәселелерге жетекшілік ететін Балалар құқығын қорғау департаментінің балалар құқығын қорғау бөлімінің бастығы Гүлшәрбат ҚОСДӘУЛЕТОВАНЫ қызықтырды. Оның пікірінше, ресейлік үлгідегі отбасылық істер жөніндегі департаменттер бізге де өте пайдалы болар еді. Бұдан басқа, асырап алатын ата-аналар мектебінің санын көбейту керек, оларды әр ауданнан ашқан жөн. Әзірге бізде №1 интернат жанында бір мектеп қана бар. Отбасылық қолдау қызметі де біреу, ол Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында.

Атырауда асырап алушы ата-аналардың барлығы дерлік асырап алу фактісін жария етпеуге тырысады. Сондықтан жасы кіші балаларды, әсіресе, жаңа туған сәбилерді алуға әрекеттенеді. Ал жүйке сырқаттарына шалдыққан балаларға арналған қалалық Сәбилер үйінің (Жилгородокта) директоры Гүлмира РЫСМАҒАМБЕТОВАНЫҢ айтуынша, оларға келіп түсетін сәбилердің 80 пайызы – науқас және мүгедек балалар, әуел бастан-ақ балаларынан бас тартуға ниет қойып, жүктілік кезінде өз денсаулықтарына көңіл бөлмеген гастарбайтерлердің балалары көп екен. Ал асырап алушы ата-аналар дені сау сәбиді қалайды.

Мектеп жасындағы балалардың жаңа отбасын табу мүмкіндігі аз – асырап алушы ата-аналар олармен ортақ тіл табыса алмаймыз деп қорқады немесе балалар өз ата-аналарына ұмтылады, өйткені олар ата-аналарынан есейіп қалғанда қол үзген деп есептейді. Бұдан басқа, мамандар балаларды өз мүдделері үшін ғана асырап алатын жағдайлар кездесетінін өз тәжірибелерінен біледі. Жалғыздықтан шаршаған, осындай әдіспен отбасын сақтап қалғысы келген, айналадағылар үшін «баласы бар толыққанды отбасы» мәртебесіне ие болғысы келетін адамдар келеді. Олар психологпен жұмыс процесінде жалпы өздеріне баланың керегі де жоқ екендігін түсініп жатса жақсы-ақ.

 

АТА-АНАЛАРЫ ТІРІ ТҰРҒАНДА

№1 мектеп-интернатының директоры Сәния МУСИЕВА әлеуметтік жетімдікпен жұмысты мектептен бастау керектігіне сенімді. Қазір мектептер қиын балаларды ата-аналарының күші жетпейді, балалар сабаққа келмейді деген желеумен интернатқа жіберуге тырысады. Кәмелетке толмаған балалар істері жөніндегі комиссия отырыстарында директорлар ата-аналық құқықтарынан айыруды жақтайды.

- Бала отбасында өмір сүруі тиіс, отбасы әлеуметтік қызметтердің көмегімен өз проблемаларын шешуге әрекеттенуі керек, - деп есептейді Мусиева.

Оны отбасылық үлгідегі балалар ауылының директоры Гүлсара БОТАТАЕВА қолдады:

- Қазақстандағы отбасылар әлеуметтік қорғалмаған. Біздің ауылымызда 48 бала бар, оның 11-і ғана - тұл жетімдер, қалғандарының ата-аналары толықтай немесе ішінара ата-аналық құқықтарынан айырылған. Ата-аналарының қалауымен біз оларға балаларын қайтаруға тырысамыз, бірақ бұл өте қиын, егер олардың баспаналары немесе жұмыстары жоқ болса, бұл мүлдем мүмкін емес нәрсе. Бұл адамдарға баспанамен, жұмыспен көмектесіп, өздерінің ата-аналық құқықтарын орындауға мүмкіндік беру керек. 

Оның үстіне, тірі ата-аналары тұрғанда әлеуметтік жетім атану ата-аналарының да, балаларының да мүлікке, педагогтарға, мемлекетке, қоғамға деген тұтынушылық қарым-қатынастарын тудырады. Олар қалыптасқан жүйенің есебінен орналасуға әдеттенеді: ата-аналық құқығынан айырылған ата-аналар балаларымен байланыстарын үзбейді, балалары пәтер алғаннан кейін олармен бірге тұруға келеді. Ал жастар өз өмірлерін құрып, олар да өз балаларын интернаттарға тапсырады.

…Үш күн болған семинар барысында біздің мамандарымыз ресейлік әріптестерінің тәжірибелерінен көп қажетті нәрселер алды. Семинар тұйық шеңберді бұзу үшін, ата-аналық  құқығынан айыру және асырап алу мәселелеріне қарым-қатынасты өзгерту үшін тағы бір қадамға айналды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

4 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.