10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында елімізде, сонымен қатар Атырау облысында Ұлттық бірыңғай тестілеудің қысқы кезеңі өтуде. Өңірімізде 6 мыңға жуық адам 11-сыныпты бітіріп жатса, оның 84 пайызы ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген.
– Талапкерлер таңдаған бейіндік пәндерді талдау соңғы жылдары мына бағыттардың ең танымал болғанын көрсетіп отыр: медицина, IT-технологиялар, техникалық мамандықтар және педагогикалық мамандықтар. Техникалық мамандықтарды таңдау біздің мұнайлы өлкенің ерекшелігімен түсіндіріледі – бізде мұнай-газ ісінің мамандары сұранысқа ие. Неліктен педагогикалық мамандықтар танымал екені де түсінікті: мемлекет мамандықтың беделін арттыруға жұмыс жасауда, соңғы 3 жылда мұғалімдердің жалақысы айтарлықтай өсті. Сонымен қатар, өңірде педагогика кадрлары тапшы, ал бұл жоғарғы оқу орындарының түлектеріне педагогикалық факультеттерді бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуға кепілдік бар деген сөз. Сонымен қатар, заң факультетіне оқуға түсу балын 75-ке дейін көтерді, бұл менің ойымша, дайындық деңгейін көтеруге әкелуі керек, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА.
Оның айтуынша, 11-сынып оқушыларының 84 пайызы ҰБТ тапсыруға өтініш берген. Тестілеу күнін өздері таңдайды және облыстың екі қаласында – Атырау мен Құлсарыда емтихан тапсырады. Қаңтардағы ҰБТ-ға жоғары оқу орнына шартты түрде қабылданған студенттер; жоғары оқу орнында оқитын және шығармашылықтан оқытудың басқа бағыттарына ауысқысы келетін студенттер; ақылы негізде оқытудың педагогикалық бағыттарына ауысқысы келетіндер, сондай-ақ қалауы бойынша ақылы негізде ЖОО-ға түсу үшін мектеп түлектері қатысады.
Тіркелу кезінде тестілеушілер емтихан өтетін орынды, күні мен уақытын таңдайды. Тәжірибе көрсеткендей, түрлі лектегі ҰБТ-ға қатысушылар саны арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. 11-сынып оқушылары тестілеудің барлық легіне қатысуға тырысады, өйткені бұл оларға психологиялық және практикалық түрде негізгі тестілеуге дайындалуға мүмкіндік береді. Оның қорытындысы бойынша мемлекеттік грант алу конкурсына қатыса алады. Ақылы тестілеу құны – 4230 теңге. Қатысу ақысын банк картасымен немесе Kaspi.kz қосымшасы арқылы онлайн-өтінім берген кезде төлеуге болады.
БҰЗБАҒАН ЖӨН
ҰБТ өткізудің компьютерлік форматы 2021 жылы енгізілді. Ережеге сәйкес, әрбір тестілеушіге - бір компьютер және бір бейнекамера. Алдымен әр адам жеке басын сәйкестендіруден және металл іздегішпен тексеруден өтеді. Тыйым салынған заттар, ақпарат тасымалдаушы болуы мүмкін кез келген электрондық құрылғылар анықталған жағдайда құқық бұзушыны аудиториядан шығару туралы акт жасалады. Тестілеу кезінде сөйлесуге, орнын ауыстыруға, рұқсатсыз және жалғыз аудиториядан шығуға, шпаргалка қолдануға және ақпарат алудың басқа да заңсыз әдістерін пайдалануға тыйым салынады. Тыйымдарды бұзған жағдайда тест нәтижесі жойылады. Компьютер интерфейсінде орналасқан калькуляторды, Менделеевтің және тұздардың ерігіштігі кестелерін пайдалануға болады.
ҰБТ-2023 тестілеу форматы өзгеріссіз қалды. Қазақстан тарихынан 20 тапсырма, математикалық сауаттылық бойынша 15 тапсырма, оқу сауаттылығы бойынша 15 тапсырма және екі арнайы пән бойынша әрқайсысы 35 тапсырма қарастырылған. Барлығы – 120 сұрақ, максималды балл саны – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат, ерекше білім қажеттілігі бар балалар үшін қосымша уақыт – 40 минут беріледі. Бірақ жауаптар нұсқасы азайды. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны бестен төртке дейін, ал бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тапсырмаларда (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны сегізден алтыға дейін қысқарды.
Бірінші ҰБТ 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді. Қысқы ҰБТ емтиханына тіркелу 2022 жылдың 20 желтоқсаны мен 2023 жылдың 6 қаңтары аралығында жүргізілді. ҰБТ-ның келесі кезеңдері бойынша: 20 ақпаннан 10 наурызға дейін (ҰБТ 1 - 31 наурыз); 28 сәуірден 14 мамырға дейін (ҰБТ 16 мамыр – 5 шілде); 15-30 шілде аралығында (ҰБТ 10 - 20 тамыз) өтініштер қабылданады.
Түлектер мен олардың ата-анасын бұдан басқа қайда оқуға түсу, алдағы жылдары қандай мамандықтар сұранысқа ие болады деген сұрақтар мазалайды. Бұл жөнінде «FSSA» ЖШС рекрутинг бөлімінің басшысы Ержан САҚТАҒАНОВТЫҢ пікірін сұраған едік.
– Бүгінгі таңда жергілікті еңбек нарығында қандай мамандықтар сұранысқа ие?
– Инженерлер мен менеджерлер барлық салада сұранысқа ие. Құрылысшы-инженерлер, технологтар, машина жасаушылар жетіспейді. Сондықтан 2022-2023 жылдары ҚР Білім министрлігінің мәліметі бойынша бакалавриат гранттарының ең көбі (17 794) машина жасау, өңдеу және құрылыс салаларына бөлінген.
– Ең жоғары жалақы алатын салалар мен лауазымдар қандай?
– Атырау облысының Статистика департаментінің мәліметі бойынша, 2022 жылдың екінші тоқсанында өңірдегі ең жоғары жалақы тау-кен (мұнай-газ) өнеркәсібіндегі жұмысшыларда болды.
ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ГРАНТТАРЫ МІНДЕТТІ ТҮРДЕ БОЛАДЫ
Айнагүл Дүйсекеноваға қайта оралсақ: оның айтуынша, мемлекет жыл сайын білім гранттарын көбейтіп, жастардың тегін жоғары білім алуына мүмкіндік артып келеді. 2022 жылдағыдай, биыл да өңірлерге мақсатты гранттар бөліне ме, белгісіз. Бірақ облыс әкімінің гранттары міндетті түрде болады. Қазіргі уақытта әртүрлі басқарма мен департаменттерден қай мамандар көбірек қажет екені тұралы сұранымдар жиналуда. Әдеттегіше ауыл шаруашылығы, педагогика және медицина саласы көшбасшы болып тұр.
Ал Ұлттық тестілеу орталығы елімізде қаңтар айында өткен тестілеудің аралық қорытындысын шығарды. Тестілеуге қатысқан 57 мың адамның 78%-ға жуығы шекті балл жинады, орташа балл – 70. Ережені бұзғаны үшін 93 адамның нәтижесі жойылды, атап айтқанда: смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғандар ( 36 талапкер), тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін 57 адам аудиториядан шығарылды. Көптеген қатысушылар «Математика-Физика» және «Биология-Химия» пәндерінің комбинациясын таңдады. IT-бағытына түсу үшін қажет «Математика-Информатика» жаңа комбинациясын ҰБТ қатысушыларының 9%-ы таңдады.
Зульфия НОМАД