Ресей мемлекеттік тарихи мұрағатынан атыраулық тарихшылар қызықты құжат тапты.
Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы басшысының орынбасары Фархад БАЙДӘУЛЕТОВ «AЖ» тілшісіне әңгімелегендей, Ресей мұрағаттарындағы жұмыс кезінде зерттеушілер 1842 жылғы құжатқа тап болғанын айтты. Оның мазмұны (орфографиясы мен стилі сақталған) ғажайыпқа толы!
«... Нижнеуральская линиясына жататын Жайық өзенінің бойында орналасқан Сарайшық бекінісінде өткен шілденің 3-інен 4-іне қараған түні оңтүстіктен күшті жел соғып, найзағайдың күркіреп, жаңбыр жауды. Ал келесі күні таңертең бекініске жақын жерде жаңбыр суына толған жерлерде көлемі 1-ден 5 тұтамға дейін (4,4 см-ден 22 см-ге дейін – Авт.) әртүрлі ұсақ балықтар болды. Балықтың жаңбырмен бірге жауғанын көргендер болған жоқ, бірақ табылған орындар балықтың жаңбырмен бірге жаууы арқылы ғана пайда болуы мүмкін екенін көрсетеді. Мұны Сіздің жоғары Мәртебелі Император ағзамның назарына жеткізуді парызым деп санаймын», - деп жазады Николай I патшаның атына Орынбор әскери губернаторы басқармасының кеңсесі және жеке Орынбор корпусының командирі.
Қазір екі ғасырға жуық уақыттан кейін бұл ақпараттың дұрыстығын тексеру, әрине, мүмкін емес. Дегенмен, «жануарлар жауған жаңбыр» (балықтар, бақалар, тіпті құстар) деп аталатын ерекше құбылыс жер шарының әр жерінде анда-санда болатыны белгілі. Оған ғылыми және парағылыми түсініктемелер бар.
Ал қазір бұрын балықтың көп болғаны соншалықты, тіпті аспаннан жауған деп айтып қана қоямыз...
Лев ГУЗИКОВ
«AЖ» анықтамасы. Сарайшық бекінісі 1743 жылы императрица Елизаветаның жарлығымен құрылған. XIX ғасырда елді мекен Гурьев уезіне қарады, ол өз кезегінде Орынбор губерниясының құрамына кірді. Қазір бұл атақты көне қалашықтың қасындағы Атырау облысы, Махамбет ауданындағы Сарайшық ауылы.