Атырау, 28 қараша 14:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

АМУ-де 8 оқытушы "жемқорлық әрекетке қатысқаны" үшін жұмыстан кетті

805 просмотра

Облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттерімен және оқытушылар құрамымен семинар өткізді. ЖОО-ның академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Асхат Шүкіров осы семинарда соңғы жыл жарым уақыт ішінде сыбайлас жемқорлық схемаларына қатысқаны туралы сигнал түскен 8 оқытушымен еңбек шарты бұзылғанын мәлімдеді. Олардың ішінде кафедра меңгерушісі, ғылым кандидаттары бар.   

Семинардан кейін "АЖ" тілшісіне А.Шүкіров параның мөлшері 5 мыңнан 400 мыңға дейін көлемде болғанын хабарлады. Оқытушылар бұл қаржыға студенттер үшін емтихан тапсырып, сессиясын жауып берген. Тест сұрақтарын саудалап, өндірістік практикаға жоғары баға қойған. Қызметін асыра пайдаланғандарды оқу орнының жанынан құрылған жемқорлыққа қарсы комплаенс басшысы анықтады.  

 - 2019 жылы «Жас Отан» жастар қанаты еліміздің жоғары оқу орындары арасында болатын сыбайлас жемқорлықтың антирейтингін жасағанда АМУ 2 орынға шығып еді. Бұл жағдайды түбегейлі өзгерту мақсатында 2021 жылы барлық университетте сыбайлас жемқорлықты анықтайтын, тәуелсіз комплаенс офицер қызметі құрылды. Біз оның қасына белсенді студенттерді жинап, қай жерде жемқорлық жағдайы кездесуі мүмкін екенін көрсеттік. Атап айтқанда, емтихан тапсыру кезінде, жатақханаға орналасу, оқуға түсу үшін құжаттар тапсыру кезінде тездетіп бітіру үшін сыйақы алуы мүмкін екенін жеткіздік, - дейді А.Шүкіров. - Нәтижесінде 1,5 жылда 8 оқытушы жұмыстан кетті, оның ішінде екі оқытушы биыл оқу жылының қысқы сессия кезінде жұмыстан шықты. Айта кетерлігі, басқа жоғары оқу орындарында комплаенс офицер қызметін заңгер немесе оқытушы атқарса, біздегі маман жемқорлық деректерін анықтаудан тәжірибесі мол антикордың бұрынғы қызметкері.  

А.Шүкіровтің сөзінше, университетте студенттердің білім алуына да қатаң талап қойылған. Емтихан тапсыратын аудиторияларға бейнекамера орнатылып, емтихан кезінде телефон, шпаргалка қолданған студенттер оқудан шығарылған.

- Студенттерге тек өз біліміне сену керектігін айтып жатырмыз. Мысалы, биыл қысқы сессияда компютермен тест тапсыру кезінде ұялы телефон, т. б. қолданған 272 студенттің емтиханы жойылды. Олар оқудан шығарылады немесе курсты қайтадан оқиды. Баласы емтиханнан өтпеді деп сұрап келген ата-анасына бейнежазбаны көрсетіп, себебін түсіндіріп жатырмыз, - дейді проректор.

Сонымен қатар, қазір университетте сыбайластықты болдырмас үшін студенттердің анықтама қағазын алуы, жатақханаға орналасуы қызметкердің қатысуынсыз цифрлық түрде жүзеге асады.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор

 

6 ақпан 2023, 11:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.