Облыстық әкімдікте облыс әкімінің орынбасары Қайрат НҰРТАЕВТЫҢ төрағалығымен су тасқыны кезеңіне дайындық жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының м.а. Тұрлан СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ айтуынша, өңірде 31 гидротехникалық құрылыс тіркелген, олардың көпшілігінің тозығы жеткен.
- Олардың көпшілігі өткен ғасырдың 60-80 жылдары салынған, 60 пайыздан астам деңгейде тозған, бұл қауіпсіздік пен сенімнің төмендеуіне әкеледі, - деді Т.Сүлейменов.
ТЖД басшысының м.а. Нұрлан ЖАҢАБАЕВТЫҢ айтуынша, биыл облыста су басу қаупі жоқ, жағдай тұрақты. «Қала және аудан әкімдіктерінің мәліметі бойынша, орын алуы мүмкін деген апаттың салдарын жою үшін 22,5 тонна жанар-жағармай, 485 тонна инертті материалдар (ПГС, топырақ, т.б.), 29 800 қап, 17 шатыр, 5 294 кереует, 3660 төсек-орын жиынтығы дайындалды», - деді Н.Жаңабаев.
Қайрат Нұртаев «Павлодар өзен порты» АҚ жұмысын сынға алып, жұмысты жеделдетуді талап етті. Бұл компания «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында Махамбет ауданы, Алға ауылында Жайық жағалауын нығайтуда.
– Алға ауылындағы жұмысты тездетіңіздер. Егер геошпунт қағып үлгермесеңіздер, ескі әдіспен қаптарды дайындап, қазірден бастап қолға алыңыздар. Егер наурыз айына дейін геошпунт қағып үлгермесе, алдын алу жұмыстарын жүргізу қажет. Осы бір айтып келмейтін табиғат құбылысына жан-жақты дайын болуымыз керек. Халық пен елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сіз бен біз, - деді Қ.Нұртаев.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі жолдаған суреттер