– Менің жұмыстан шыққым келеді. Мұны қалай сауатты жасауға болады? Менің әріптесім өз қалауымен кету туралы өтініш берген еді. Бір айдан кейін кадрлар бөліміндегілер ешқандай өтініштің болмағанын айтыпты. Осының салдарынан проблема туындады. Өйткені ол белгіленген күні жаңа жұмысына шығуға тиіс болатын.
azh.kz сайтынан
Сұраққа заңгер Айнагүл ДӘУЛЕТБАЕВА жауап берді:
– Жұмыстан шығу үшін жұмыс берушіге шамамен еңбек келісімшартын бұзу уақытынан бір ай бұрын жұмыстан шығу туралы жазбаша өтініш жазылу керек. Егер кәсіпорында кіріс құжаттарын, соның ішінде қызметкерлердің өтініштерін тіркеу заңды түрде дұрыс ұйымдастырылған болса, проблема болмауы тиіс. Ал егер жұмыс беруші сіздің өтінішіңізді қабылдамаса немесе кадрлар қызметі басшының қолы қойылған өтінішті талап етсе, заңда хабарландыруларды, өтініштерді пошта арқылы ескерту хатымен жолдау тәртібі қарастырылған. Өтінішті осылай жолдасаңыз, өтінішті уақытында бергеніңізді, ал мекеменің оны алғанын растайтын құжат қолыңызда болады.
Өтініште көрсетілген еңбек келісімшартын бұзу уақыты басталған кезде жұмыс беруші тиісті еңбек келісімшартын бұзу процедурасын жүргізуге міндетті. Бұл - құжаттамаларды, жұмыс инвентарын қабылдау, келісімшартты бұзу туралы бұйрық шығару, еңбек кітапшасына жазба түсіру, жалақы, өтемақы (болған жағдайда) есептеу. Еңбек келісімшартын бұзу күні, яғни, жұмыстан шығу күні – қызметкердің соңғы жұмыс күні боп табылатындығын назарға алу керек
Мәселен, қызметкер наурыздың аяғында жұмыстан шығуды, ал 1 сәуірден бастап жаңа жұмысқа кірісуді жоспарлады делік. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, өтініштерде қызметкерлер көбінесе «1 сәуірден бастап жұмыстан кетуді» көрсетеді. Осы күннен бастап өзін кәсіпорында жұмыс істемеймін деп есептейді. Бірақ бұл жаңсақтық. Еңбек келісімшартын бұзу туралы өтініште наурыздағы соңғы жұмыс күнін көрсету дұрыс болады. Сондықтан бұрынғы жұмыс орнында 1 сәуірде де жұмыс істеуге тура келмес үшін, күнді дұрыс таңдау керек. Өтініште көрсетілген мерзім біткеннен кейін қызметкер жұмысын тоқтатуға құқылы, ал жұмыс беруші қызметкерге еңбек еткен қызметіне байланысты құжаттарын және оған тиесілі ақшалай төлемдерді беруге міндетті.