Атырау, 11 желтоқсан 23:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Жерге кірген жер үй

9 947 просмотра

- Сәлеметсіздер ме, бұл «АЖ» тілшісі ме? Мен доссордан Ғайса СЫДЫҚОВ деген боламын. Отбасымыздағы 16 жанның құлауға шақ тұрған 3 бөлмелі ескі үйде қысылып, қымтырылып тұрып жатқанымызға бірнеше жылболды. Бізге көмектесіңіздерші! -дейді телефонның арғы жағында тұрған ол жанұшырып.

САНДАР СИҚЫРЫ

Сыдықовтар отбасының 1937 жылы салынған тұрғын аумағы 60 шаршы метр болатын үйде тұрғанына 24 жыл болған. 2005 жылы қатты жаңбырдың салдарынан болған су тасқыны кезінде үйлері су астында қалған. Сол жылы мұнайшылардың демеушілік көмегімен үйдің сырты қызыл кірпішпен қапталып, төбесіне шифер жабылған.

- Бірақ бұдан жағдайымыз өзгерген жоқ. Жылма жыл қар ерігенде, жаңбыр жауғанда ішке су кіріп, үй шөгіп барады. Қабырғалар жарылып, іргесі майлауға да келмейді,- дейді отағасы. -   Былтыр бар малымды сатып, ауладан жаңадан баспана тұрғызуды ойлап, қабырғасын көтеріп қойғанмын. Енді ол құрылысты жалғастыруға ақша жоқ. 2011 жылы бұрынғы облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ қаражатын өзім берем, көмектесемін деп уәдесін беріп еді, ол да кетіп қалды.

- Сіз үйді кеңейту туралы неге бұрын ойланбадыңыз?

- Жуырда облыс әкімінің орынбасарына барғанымда «осы кезге дейін үй салмай не бітіріп жүрсіңдер» деп өзімді сөкті. Менің тоғыз балам бар. Сондықтан, тапқан табысымыз үй тұрғызуға жетпей-ақ қойды. 

- Сіздің балаларыңыз жұмыс істей ме?

- Жоқ. Олар қазір жұмыссыз. Екі ұлым өткен жылдың қазанына дейін Қарабатанда жұмыста болған, қысқарып қалды. Бір балама күзетші қызметін ұсынған. Бірақ, оған лицензия алу үшін 40 мың теңге керек. Ал ондай қаражат қазір бізде жоқ. 

ОҚШАУ ӨМІР  

Жалғызбасты ана Алтын САРГУНАНОВАНЫҢ (жоғарыдағы суретте) тұрып жатқан үйінің терезелері жермен деңгейлес. Үйдіңіргетасы жоқ, төбе белдіктері майысып кеткендіктен ағаш тіреулерінің көмегімен әзер тұр.

- Тіреулер құласа үй ортасына опырылып түседі. Біз содан қорқамыз. Біздің жинағымыз басқа үй салып алуға жетпейді. Сондықтан, осында отырмыз, -дейді А. Саргунанова.

Жолдасы қайтыс болғаннан кейін әке-шешесінің үйінде уақытша тұрып жатқан төрт баланың анасы Мадина ИСАҒАЛИЕВАНЫ да баспана мәселесі қинап келеді.

- Онсыз да бұл екі бөлмелі үйде басқа бауырларым, шешем, келінім тұрады. Оған енді бес жан қосылып отырмыз. Қайтеміз, басқа барар жеріміз жоқ. Пәтер жалдауға қаржы жетіспейді, балаларым жас, мектепте оқиды, - дейді М. Исағалиева.

Жамбыл ШАЛАУОВТЫҢ отбасы мүшелерінің тең жартысы туберкулезбен ауырады. Олар 1959 жылы салынған қоржын тамда тұрады.

- Жолдасым Қашағанда аула сыпырушы болып жұмыс жасайды. Өзім екінші топтағы мүгедекпін. Жолдасымның туыстары туберкулез ауруынан қайтыс болған. Біздің бес баламыз бар, ең кенжеміз жастан енді асты. Үйіміз өте ескі, апатты жағдайда, төбеден су ағады. Едені, шифері, іргетасы жоқ бұл саман тас үйде тұруға болмайтынын бұдан үш жыл бұрын аудандық МСЭҚБ ескерткен. Ал біздің баспана тұрғызатын жағдайымыз жоқ,- дейді Жамбыл Шалауовтың жұбайы Самал (суретте сол жақта).

 

АЛ БИЛІК ШЕ?

Бұл тұрғындардың шағымына орай аудан әкімдігіне хабарласқанбыз.

Мақат ауданы әкімінің орынбасары Полымбет ХАСАНОВ бізге былай деп жауап берді: «Күні бүгінде «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою» тізімінде 562 адам тіркеліп тұр. Сыдықов, Саргунанова, Исағалиевалар осы кезекке тіркелген. Шалауовтар қажетті құжаттарын жинақтауы тиіс. Бірақ ауданда соңғы жылдары үй құрылыстарын жүргізуге бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Сондықтан, бұл адамдардың сұранысын күні ертең қанағаттандыру мүмкін емес. Себебі ауданда бірінші кезекте апатты үйлерде тұрып жатқандар мен жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету міндеті тұр. Биыл Доссорда бір пәтерлік 10 үй салынатын болады. Ал 2014 жылы қолжетімді баспана тұрғызу қолға алынады».

Міне, солай деп отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

4 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.