Атырау, 12 қазан 15:30
 ашықВ Атырау +12
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Бақылау бекетіндегі өз адамы-2 немесе айқас алаңына барлау

4 525 просмотра

Редакциямызға «Амангелді» өндірістік кооперативінің құрылтайшысы Мұрат Әмірғалиев (суретте) хабарласты. Оның айтуынша, 23 наурызда «Нұр Отан» партиялық бақылау бекетінің өкілдері оның кооперативі аумағына кіріп, балықшыларды қорқытып, бейнекамераға түсірген.

АУМАҚТА БӨТЕН АДАМДАР ЖҮР!

- Мен қалада болмаған едім, - дейді Әмірғалиев. – Бұл уақытта кооператив аумағында 30-40 балықшы болған. Қызметкерлерімнің айтуынша, партиялық бекеттің өкілдері еш қызметтік куәліктерін де, партиялық билеттерін де көрсетпестен аумаққа кіріп, барлығын бейнекамераға түсірген. Олардың біреудің жеке аумағына кіруге қандай құқықтары бар? Заңбұзушылықтардың бар екенін білсе, балық қорғау инспекциясына телефон соқсын, бұл солардың жұмысы емес пе? Жоқ, олар ең алдымен аумаққа кіріп алып, бейнекамераға түсіріп, содан кейін ғана прокуратураға, су және қаржы полицияларына хабарласа бастаған.

Олардың бұл әрекеттерінен қорыққан біздің қызметкерлеріміз полиция шақырған екен, алайда олар келіп үлгергенше, қонақтар аумақтан шығып кеткен. Құқық қорғау органдары өкілдері барлығының құжаттарын тексеріп, болған адамдарды жазып алды, осы уақытта қаржы полициясының қызметкерлері де келіп үлгерді.

Партиялық бақылау бекетінің өкілдері Бауыржан Бимурзин мен Қалыбай Өтеповтің атынан осы кооператив заңсыз балық аулап, балықты белгісіз бір бағытқа алып бара жатыр деген шағым келіп түсті деп қаржы полициясының қызметкерлері барлық құжаттарымызды тексерді. Біз барлық құжаттарымызды: суда жүру рұқсатын, кәсіпшілік билетімізді, кәсіпшілік жорналымызды бердік. Қазір біздің жұмысымызды тоқтатып қойды.

«Нұр Отан» партия бекетінің өкілдері тарапынан қойылып отырған шағымдар туралы. Біріншіден, олар біз балықты тыйым салынған күндері аулады деп айыптап отыр. Олар бізде барлық рұқсат беру құжаттары бар екенін жақсы біледі. Біздің кооператив екі бекіре зауытының мердігер ұйымы болып табылады - біз оларға балық аулап беруге жалданамыз. Бекіре зауыты мемлекеттік тапсырысты орын-дайды. Балық қорғау инспекциясы оларға тыйым салынған күндері кез келген жерде, кез келген құралмен бекіре және қара балық түрлерін аулауға рұқсат береді. Бұл туралы үкіметтің сәйкесінше қаулысы да бар.

 

«ПАРТИЯ ЖИНАЛЫСЫНДА КЕШІРІМ СҰРАСЫН

Біз «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан БАЙБЕККЕ және «Нұр Отан» ХДП-ның Атырау облыстық филиалының төрағасы Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВКЕ хат жаздық. Сонымен қатар, облыстық прокуратураға да шағымдандық.

Хаттан үзінді келтірейік: 

« «Нұр Отан» ХДП-ның «Амангелді» ӨК бастауыш ұйымының алдында қиын іс тұр – ауыл тұрғындарына, балықшыларға білместіктің орын алғанын, «Нұр Отан» партиясы жазалаушы орган емес, оның ауыл жұмыскерін түрмеге отырғызуға құзыреті жоқ екендігін түсіндіруіміз керек. Біз «Нұр Отан» партиясының мүшелері облыс басшылығынан және «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратынан осы келеңсіздіктерді шешіп беруге көмек сұраймыз. Партиялық жиналыс ашып, Б. Бимурзин мен Қ. Өтеповтердің «Амангелді» өндірістік кооперативінің ұжымы алдында жария түрде кешірім сұрауларын талап етеміз.

...Бауыржан Бимурзин, Қалыбай Өтепов және басқа да танымайтын тұлғалар өздерін «Нұр Отан» партиясының мүшелеріміз деп таныстырып, еш қызметтік куәліктерін, еш құжаттарын көрсетпестен «Амангелді» өндірістік кооперативінің аумағына кіргізуді талап етеді. Сонымен қатар, «балық заңсыз ауланған, бәрін тәркілейміз», «кооперативтің барлық қызметкерлерін қамаққа аламыз», «түрмеге жабамыз» деген сияқты сөздермен қоқан-лоққы көрсетіп, біздің компанияны ұры және браконьер деп кінәлады.

 

«БІЗ ҚАДАҒАЛАДЫҚ, ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫ ТЕКСЕРДІ»

«Нұр Отан» ХДП-ның Атырау филиалының партиялық бақылау бекетінің өкілдері, өз тараптарынан, Атырау облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (ЭҚжСЖКД) өкілдерімен бірге рейдте болдық деп отыр.

«Нұр Отан» ХДП-ның Атырау филиалының партиялық бақылау бекетінің мүшесі Қалыбай ӨТЕПОВ:

- Бұл - қаржы полициясымен бірлесе ұйымдастырған жоспарлы шара. «Амангелді» ӨК-нің аумағына кірместен, біз үйінді үстінен балық қалай түсіріліп жатқанын қарап тұрдық. Уақыт кешкі сағат 8-дің шамасы болатын. Кесте бойынша тыйым салынған күн болғандықтан, біз табиғат қорғау прокуратурасы прокурорының көмекшісіне, су полициясының бастығына, Балық инспекциясының Дамбы ауылындағы бөліміне осы ауданда балық түсіріліп жатқанын, қызметкерлерін жіберіп, құжаттарын тексеруді сұрап, телефон соқтық. Ешкім келмеді.

Тек қаржы полициясы ғана шақыруымызға құлақ түріп, Атырау облысы бойынша ЭҚжСЖКД бастығының орынбасары Занқанов екі қызметкерімен келді. «Амангелді» ӨК аумағына бірге кірдік. Барлығы өздерін таныстырып, куәліктерін көрсетті. Біз кешкі сағат 8-де кіріп, құжаттарды әкелуін таңғы 5-ке дейін күттік. Сондықтан да, қолымызда еш құжат болмағандықтан, біз балық заңсыз ауланды, оны тәркілейміз және барлық қызметкерлерді қамаққа аламыз деп айтумыз ақылға сыйымсыз. Бізге таңып отырған «түрмеге жабамыз» деген сияқты сөздердің бізге қатысы жоқ – біз тек партиялық бақылауды ғана жүзеге асырамыз. Тексеру, құжаттарды алу, бейнекамераларға түсіруді қаржы полициясының қызметкерлері жүргізді. Біз тек қадағалап тұрдық.

Біз «Амангелді» ӨК аумағына келгенде, кооператив басшылығы болмады. Балықшылардың барлығы, біреу пәрмен бергендей, кетіп қалды. Таңғы сағат бес-алтыларда қаржы полициясына құжаттарды ұсынды. Бір қызықты жайт, кәсіпшілік жорналда 24 тонна балық ауланды деп көрсетілген. Балықтың барлығы түр құрамы бойынша жазылып, астында балық қорғау инспекторының қолы тұр. Алайда, біз келгенде өлшеу әлі жүріп жатқан, балық қорғау инспекторы қашан қол қойып үлгерген?»

Біздің сауалымызға қаржы полициясы бастығының орынбасары Заңғар ЗАҢҚАНОВ былай деп жауап берді: «Үстіміздегі жылдың 23 наурызында «Нұр Отан» ХДП-ның Атырау қалалық филиалы партиялық бақылау бекетінің басшысы Б. Бимурзиннен Жайық өзені жағалауында балық ресурстарын заңсыз аулау фактісі бойынша шағым келіп түсті.

Ақпаратты анықтау үшін оқиға орнына Департамент қызметкерлерінен құрылған оперативті-тергеу тобы барды және 24 тонна мөлшерде ұсақ қара балық табылды.

Балық өнімдері жағдайды анықтағанға дейін «Амангелді» ӨК-іне сақтау қолхаты бойынша тапсырылды.

Қазіргі уақытта осы факт бойынша тергеу алды тексеру жұмысы жүріп жатыр».

 

КЕҢКӨЗДЕР ҚҰПИЯСЫ

«Амангелді» ӨК балық шабақтарын өсірумен айналысатын екі бекіре зауытының мердігері болып табылады. Кооператив оларға уылдырығынан шабақтар өсіру үшін бекіре тұқымдас балықтарды аулап, ауға түскен қара балықты осы зауыттардан сатып алады, өйткені бекіре өсіру зауыттарына қара балық аулауға да лимит беріледі.

- «Амангелді» кооперативі ресми шарт бойынша жұмыс жасап жатыр. Мұнда да бәрі заңды. Рейдтік іс-шара барысында қандай заңбұзушылықтарды байқадыңыздар?

Өтепов: - «Амангелді» ӨК балық аулау ережесі мен суда жүру режимін бұзған. Біздің қолымызда «Атырау су жолдары» кәсіпорнының директоры Салауат ҚАПАНОВТЫҢ жауапхаты бар, онда биылғы жылы Жайық-Каспий арнасы және Қиғаш өзені учаскелерінде навигацияның ашылуы 1 сәуірден бастап, Жайық өзенінің Индер кентінен Атырау қаласына дейінгі учаскесінде 20 сәуірден бастап ашылатындығы жөнінде жазылған. Ал сол күні тыйым салынған күн болатын.

«Амангелді» ӨК бекіре тұқымдас балықтарды қайта өндірумен айналысамыз дейді. Балыққа ау салғанда, ұсақ қара балықтың да түсіп қалатыны түсінікті, алайда ұсақ қара балықтар өтіп кететіндей кең көзді ау салу керек қой. Ал олардың ауларына кішкентай көксерке ілініп қалған. Бұл күні қаржы полициясы 24 тонна қара балық тәркілеп отыр. Ал сонда жылына олар қанша қара балық аулайды? Сәуірден қазанға дейін – 240 күн бар. Бір бекіре тұқымдас балық үшін бір тонна қара балық аулады десек, 240 тонна ұсақ қара балық шығады. Аудың көзін кеңейт те, бәрін бірдей аулама. Сосын, қазір бекіре тұқымдас балық қалған да жоқ.

- Егер өзен мен теңізде қызыл балық жоқ болса, зауыттар жоспарды қалай орындайды?  

Өтепов:- Міне, біз осыларды анықтағымыз келеді. Егер Жайықта қызыл балық жоқ болса, екі зауыт 3,5 млн шабақты қалай шығарады? Біз осының бәрін көзбен көріп, БАҚ арқылы халыққа жеткізгіміз келеді. Ал бізге кедергі көрсетіліп отыр.

Бимурзин: -Бекіре зауыты балық аулауды жеке адамдарға беріп қойды, ал балықтар қайда кетіп жатыр, біз білмейміз.

Жақында бізге «Еркінқала» ӨК-нен «Амангелді» ӨК барлық балық нарығын жаулап алды деген шағым түсті.

 

«АМАНГЕЛДІ» ЕШҚАНДАЙ ҚҰҚЫҚ БҰЗҒАН ЖОҚ»

Жайық-Каспий облысаралық бассейні балық шаруашылығы инспекциясының бастығы Әлібек БҰХАРБАЕВТЫҢ берген түсінігі:

- Иә, сол күні кесте бойынша балық аулауға тыйым салынған болатын. Алайда Балық аулау ережесінің «Қайта өндіру мақсаттарында балық аулау тәртібі» тарауының 56-тармағында: «Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жүзеге асырылатын қайта өндіру мақсатында балық аулау кез келген балық шаруашылығы айдынында және (немесе) учаскесінде, жылдың және тәуліктің  кез келген мерзімінде, барлық рұқсат етілген кәсіпшілік және кәсіпшілік емес құрал түрлерімен және балық аулау тәсілдерімен жүргізіледі».

Суда жүру режиміне келетін болсақ, 1 сәуірден 15 шілде аралығында балықтардың қалыпты уылдырық шашуын және жас шабақтардың ылдилауын қамтамасыз ету үшін теңізде құрылыс және геофизикалық жұмыстар, ұңғымаға сынақ жүргізуге, сондай-ақ Жайық және Еділ өзендері сағалық аудандарында кеме жүруге тыйым салынады. Алайда балық аулайтын, оны тасымалдайтын, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін кемелердің жүруіне рұқсат етіледі. Осылайша, «Амангелді» ӨК Балық аулау ережесін де, суда жүру режимін де бұзған жоқ.

- Алайда, «Атырау су жолдары» кәсіпорны навигацияның ашылуы 1 сәуірде басталады деп отыр ғой?

- Біз ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 7 наурыздағы №303 қаулысын және Балық аулау ережесін негізге аламыз, ал оған сәйкес мұз кеткеннен кейін балық аулауға рұқсат беру құжаттары беріледі.

 

«БҰЛ - ЖҮЗ ПАЙЫЗ ТАПСЫРЫС»

Біз жанжалға түскен әр тараптар өз ұстанымдары мен дәлелдерін айту үшін назарларыңызға «айқас даласындағы нақты мәліметтерді» бердік. Алайда ұрыстың бұл деректерінен болып жатқан даудың мәнін, басқаша айтқанда, жанжал қатысушыларының стратегиялық мақсаттарын анықтау қиын. Бір түсініктісі, «Нұр Отанның» араласуымен онсыз да балығы азайған өзенде осыған дейін бейбіт болып келген түрлі топтардың арасында жанжал туғызды. Мұны Б.Бимурзиннің «Жақында бізге «Еркінқала» ӨК-нен «Амангелді» ӨК барлық балық нарығын жаулап алды деген шағым түсті» деген сөзінен аңғаруға болады.

«Амангелді» ӨК құрылтайшысы Мұрат Әмірғалиев бұл туралы былай дейді:

- Көшалиев («Еркінқала» ӨК басшысы) екі-үш ай бұрын қаржы полициясына шағымданды. Қаржы полициясы бізді тексерді, бәрі ойдағыдай. Бұған дейін экономикалық сотқа «Амангелді» ӨК, «Севкаспийфиш» және «Ақсу Қиғаш» ӨК тартым учаскелерін бөлу тендерінде заңсыз ұтты деп арызданды. Экономикалық сот тексеріп, бәрі заңды екенін айтты. Қазір ол экономикалық сотқа жеке «Амангелді» ӨК үстінен қайта шағымданды, біз адвокат жалдауға мәжбүр болып отырмыз. Біз өз кезегімізде тартым учаскелерінде ау тартуды тоқтатуға негіз жоқ деп жеке арыз-шағым жаздық. Бізге рұқсат берді. Жұмысты бастағанымызға бір ай ғана болды, бірталай ақша салдық. Менің қарамағымда 120 адам жұмыс жасайды, әрқайсысының отбасы, балалары бар, оларды асырау керек.

Енді Көшалиев «Нұр Отан» ХДП-ның қалалық филиалынан «Севкаспийфиш» ЖШС, «Ақсу Қиғаш» ӨК компанияларына лимит беру мен тендер өткізудің заңдылығы фактілерін тексеруді сұрайды. Олардың пайымынша, осы үш компанияның құрылтайшысы – «Амангелді» ӨК. Бірақ менің оларға қатысым жоқ. Олар менің серіктестерім. Содан кейін, тендерлердің өткізілу заңдылықтарына осы құжаттардың барлығына қол жеткізу құқығы бар құзыретті органдар ғана тексеру жүргізе алмай ма?

Мен бұл арызды жүз пайыздық тапсырыс деп ойлаймын және мұны бұлай қалдырмаймын...

...Сосын, айтпақшы, бізді балық қорғау инспекторымен ауыз жаласты деп отырған Өтеповтың сөзі дұрыс емес. Инспектордың қатысуымен болатын өлшеу тартым басында жүзеге асырылады, бұл біздің айлақтан 10 шақырым жерде. Содан кейін біз өз айлағымызға келіп, балықты тиерде, цехтарға бөлу үшін кері өлшейміз.

 

НАҒЫЗ ЕЛІРГЕНДЕР АЗ..

«Нұр Отан» ХДП-ның Атырау қалалық филиалы төрағасының орынбасары Серік БАЙМҰҚАШЕВ Көшәлиевтің шағымданғанын растады:

- Арыздың негізінде біз тендерлік құжаттамаларды тексеруге құқылымыз. Қазір біз арыз бойынша құзыретті органдармен бірлесіп, жұмыс жасап жатырмыз, қазір кейбір фактілер анықталуда.

- Менің білуімше, басқа салаларда да партиялық бақылау бекеттері бар. Оларда бәрі тыныш. Неге партиялық «балық» бекетінің айналасында осындай шу шықты?

- Бізде құрылыс саласында, медицинада, термомодернизация бағдарламасын орындау бойынша да партиялық бекеттері бар. Барлығы 29 бекет. Оларда неге тыныш? Жұма күні бізде саяси кеңес болды. Мен депутаттарға жұмыс жасаңдар, халықпен кездесіңдер деп айттым. Егер жұмыс жасағыларың келмесе, арыз жазып, жүре беріңдер дедім. Сессиядан сессияға дейін бос отыру – болмайтын іс.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

4 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.