Жақында Атыраудағы мектептердің бірінің директорынан ашық туберкулез анықталғаны хабарланды. Қазір ол облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде ем алып жатыр. Бұған көп уақыт кетеді. Өйткені «ашық» туберкулез ұзақ емделетін ауру. Бұл ауруға душар болған науқастар ауруханада айлап, жылдап жатады. Қандай жағдайда? Бұл туралы «АЖ» облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері басшылығына сауал жолдады. Оған директорының орынбасары Гүлжанат БЕКБОЛАТОВА жауап берді.
Алдымен «АЖ» сайтына шыққан комментарийлердң бірін келтіріп өткім келеді: «Онда адамның эмоционалдық көңіл күйінің жайлылығы үшін, бос уақытын өткізуге арналған жағдай жасалмаған.... Көпшілігі темекі шегіп, жөтеліп, қақырып тұрады. Тубдиспансердің дәлізінде баспалдақта тұрса, өтіп кету мүмкін емес. ...Ең болмаса, тубдиспансерлерді жайнатып, көз де, көңіл де қуанатын бояулар қосып, ғимараттарды әдемілесе, іші-сыртын көркем етсе, іші-сыртын гүлдендірсе, эстетикалық талғаммен қараса айналасына да ішіне де, бұл түрме емес қой... Тәртіп орнатып, қызылды-жасылды, сары-көк түрлі-түсті бояулармен безендірілген ауланы, беседкаларды, ағаш, гүлдерді, әдемі бақты көргіміз келеді».
Міне, сауалдарымызға берілген жауаптар.
- Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері жөнделе ме? Екі ғимарат та ескірген еді, төбесінен су ағатын.
- Облыстық фтизиопульмонолгиялық орталығының бес қабатты бас ғимаратында былтыр мамырда күрделі жөндеу жұмыстары басталып, қазір жалғасып, биыл наурыздың аяғында бітеді деп жоспарланып отыр. Ал, екінші төрт қабатты ғимаратқа алғашқы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қатысты құжаттар дайындалып, жергілікті бюджеттен қаржы бөлу туралы ұсыныспен шықтық. Жұмыс әлі басталған жоқ.
- Науқастар бірнеше ай жатып емделеді сонда, оларға ем алудан басқа бос уақытын өткізуге арналған қандай жағдай жасалып отыр?
- Бізде науқастар кемінде екі ай жатады. Бір жылдап жататындар бар. Олардың жатын бөлмелері екі-үш-төрт төсектік. Әр палатада әжетхана, душ бар. Жөндеу қажет, ғимараттар ескірген, мұны жасырмаймыз.
- Темекі шегетін науқастар дәліздерде көк түтіндетіп, қақырып отырады. Арнайы тәртіп бола ма бұл ретте?
- Науқөастың көбі темекі шегеді. Темекі шегуге арналған сыртта арнайы орындар бар. Бірақ науқастарға ғимарат ішіне темекі шегуге тыйым салынса да, тәртіпті бұзып, түнгі уақытта тартады. Әкімшілік шара қолдану үшін жергілікті полицияға шағымданамыз. Бірақ, өкінішке орай, бұл проблема шешілмей отыр.
- Бүгінде өңірде қанша адам туберкулез сырқатымен тіркелген? Атырау облысында, соның ішінде балалар арасында неге көп?
- Былтыр 384 науқас болды. Биыл жыл басынан бері ауруы жаңа анықталған 10 науқас тіркелді. Олардың арасында бала жоқ.
Айнұр САПАРОВА