Атырауда медицина орталығының жалған таныстырылымына алданған келушілер алғаш рет шара ұйымдастырушыларды сотқа берді.
Қазақстанның түкпір-түкпірінде жастардың сапарлатып, жаңа медицина мекемесін таныстырамыз деген желеумен аңғал азаматтарға сапасы күмәнді тауарларды (негізінен массаж желбегейін), тіпті ақылға қонымсыз бағаға сатып жатқаны туралы біз бұған дейін бірнеше рет айтқанбыз. Еске салайық, алдыңғы жылы сіздің тілшіңіз осындай шоуға бүркеншік есіммен қатысып, бүкіл процесті егжей-тегжейлі сипаттаған болатын.
Содан бері көп уақыт өтті, бірақ менің ұялы телефоныма әлі күнге дейін үш-төрт ай сайын «бірегей презентацияға» қатысуға шақыру келіп тұрады.
«Ғажайып желбегей» сатушыларды алаяқтық үшін жауапкершілікке тарту келешегі туралы сұрағанда, кәсіби заңгерлер күмәнмен бас шайқайды, бірақ сот арқылы адал ақшасын қайтаруға мүмкіндігі бар. Атырауда осындай тәжірибе бар.
Өткен жылдың қараша айында кезекті «таныстырылымнан» кейін облыс орталығының төрт тұрғыны сотқа жүгінді, олардың бәрі дерлік зейнеткер. Оларға шағым түсіруге үшінші тарап ретінде қатысқан Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті көмектесті.
«Сатып алып, үйге барған соң, тауарларды көргеннен кейін қандай ақымақтық жасағанымызды түсіндік», - дейді шағымданушылардың бірі. – 890 мың теңгеге алған жапондық «Tаmashi Evsorpe» массаж желбегейі қытайлық арзан аналогы болып шықты. Дәл сол үлгіні 73 мыңға сатып алуға болады. Бірақ оны сатып алу үшін бәріміз несие алдық, енді бәрі банкке пайызын қосқанда миллион теңгеден астам ақшаны қайтаруы керек. Бізді арсыздықпен алдап кетті!».
«Алдымен сату-сатып алу келісім-шарты жасалған «Vip Events» ЖШС-не қарсы сотқа дейінгі талап-арызбен жүгіндік», - дейді департамент басшысы Алем УӘЛИЕВ. - Олар жағдайды бейбіт жолмен шешу үшін «жақын арада» өкіл жіберуге уәде берді, бірақ біз күтпеуді ұйғардық».
Оның айтуынша, сотқа шақырту бойынша келген жауапкердің өкілі сатып алушының біріне бірден бүкіл ақшаны қайтарып берген. Ал қалғанына...
«Азаматтық іс қаралып, 19 желтоқсанда дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы ұйғарым шығарылды», - деді «АЖ» тілшісіне Атырау қалалық сотының төрағасы Жасұлан ЖАҚСЫЛЫҚ.
Қолданыстағы заңнама нормалары бойынша медиация келісімінің талаптарын барлық тараптардың ресми келісімінсіз жария етуге болмайды. Бір ғана айтарым, бәрі дұрыс, тұрғындардың ендігі жерде шағымы жоқ.
Медиация аяқталып жатқанда 16 желтоқсанда Атырауда тағы кезекті алаяқтық орын алды.
«Гастролерлердің» емін-еркін саяхаттауын, сондай-ақ географиялық ауқымды ескерсек, құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі таң қалдырады. Расында да, мысалы (заңгерлердің күмән келтіргеніне қарамастан) Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 190-бабын ешкім жойған жоқ. Ол «ҚР тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзу» немесе қарапайым тілмен айтқанда тұтынушыларды алдау деп аталады. Бірақ сатушыларды жауапқа тартуға ешкім асығар емес.
Ал көршілес Батыс Қазақстан облысында массаж желбегейін сататындардың үстінен сот процесі жүріп жатыр. БҚО Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира ҚИМАТОВАНЫҢ айтуынша, 2022 жылы оларға 92 адам шағыммен жүгінген. Олардың барлығы дерлік департаменттің көмегімен сот арқылы жалпы сомасы 58 миллион теңгеге жуық ақшасын қайтарып алған.
«Өңірімізге 2019 жылдан бері массаж желбегейін сатушылар келе бастады. Бірінен соң бірі келді: «Vip Events» ЖШС, Akdeer, AiSap, Gezund Leben, Harbor Island, Lyazza, Silk-A, Aj-Store... Түрлі «белгілермен» келеді, бірақ бәрінде тауар сатудың әдісі бірдей. Сатып алушылар қол қойған шарт пен басқа да құжаттың үлгісі бірдей. Оның үстіне, бұл ЖШС-лердің барлығы Алматыда бір мекенжайда тіркелген. Бір үлкен топ жұмыс істейді деп есептеймін», – дейді Э.Қиматова.
Өткен жылдың тамыз айында ол осы және басқа да уәждер баяндалған арызбен Алматы полициясына, ал қарашада Алматы прокуратурасына жүгінген. Шағымдарда аталған компаниялар қызметінің заңдылығы, сондай-ақ олардың басшылығын қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі көтеріліпті.
«Прокуратура арызды полицияға жолдағанын хабарлады, ал ол жерде біздің бір өтінішіміз тамыз айынан бері жатыр. Полицияға, орындаушыға қоңырау шалсам, ол енді ғана оянғандай, не туралы екенін түсінбейді. Қайта қоңырау шалуға уәде беріп, ғайып болды. Әрі қарай жазуға уақытым да, күшім де жоқ. Біздің департаменттің бұл мәселемен үнемі айналысатын ресурсы жоқ. Штатта екі ғана маман және штаттан тыс бір адам бар», - деп түйіндеді Қиматова.
Міне, осындай хикая. Шамасы, мұның әлі жалғасы болатын секілді.
Лев ГУЗИКОВ