Еңбек министрлігінің жақында жасаған тексеруі бұрыннан да белгілі жайтты анықтады: экспаттар мен қазақстандықтардың еңбекақыларында үлкен өзгешеліктер бар.
ОЛАРДЫҢ ҚАНША ЕКЕНІН ҚҰДАЙ БІЛСІН
Екі ай ішінде елдің үш өңірінде, ішінде Атырау облысы да бар, 190 жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, 51 компанияда жалақыдағы сәйкессіздіктердің 108 фактісі анықталды. Бір қызығы, еңбекақылары қазақстандықтардан көп артық шетелдіктердің ішінде ҚХР азаматтарының саны басым екен.
Сонымен қатар, Атырау облысында ірі жобалардың (бірінші кезекте Қашаған мен Теңіз) мердігерлері мен қосалқы мердігерлері қатарынан небары 18 компания тексерілді. Ал бізде мұндай 200 компания жұмыс жасайды. Бұл ТШО және NCOC-пен тікелей келісімшарт негізінде жұмыс жасайтын шетелдік персоналдарды қоспағанда. Сондай-ақ, трансұлттық компаниялардың елге іскерлік сапармен уақытша кірген іссапардағы қызметкерлері де бар. Оларға, сәйкесінше, жұмысқа рұқсат алу ресімделмейді. Олар еңбекақыны да шетелден, компанияның бас кеңсесінен алады. Алайда олар Қазақстанда жүзеге асырылып отырған жобаларда жұмыс жасайды емес пе? Олардың еңбегі өздерінің сағаттық жүктемелерімен есептеледі, яғни қазақстандық қызметкерлерден бірнеше есе жоғары. Бұл «жобалық ақшалардың» елден кетіп жатқанына тағы бір мысал.
Айтпақшы, Аджип ҚКО өздерінің деректер қорындағы жұмысшылар саны облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына берген жұмыстан босатылатындардың ресми тізімінен неге бірнеше мың адамға артық екендігін бүгінгі күнге дейін әлі түсіндірген жоқ. Бұған рекрутингтік компаниялардың күмәнді сызбалары бойынша жұмыс жасап жатқан шетелдік азаматтарды қосыңыз. Осылайша, бізде экспаттар саны ресми статистикада көрсетілгеннен едәуір көп.
ПРЕЗИДЕНТТІҢ ДЕ ҚОЛЫНАН КЕЛМЕС
Басты сауал: тексеру жүргізілді, енді не болмақ? Еңбек министрлігі еңбек төлемдерінің сәйкессіздігіне жол беретін нормаларды алып тастап, осы фактілер үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін белгілеу үшін қолданыстағы еңбек заңнамаларына толық анализ жасаймыз, содан кейін осы тексерулерді жүргізуге өкім берген Н. Назарбаевқа баяндайтын боламыз деп екіұшты жауап берді.
Сонда да, әрі қарай не болады? Біздікілердің еңбекақысын экспаттардың деңгейіне дейін көтеру ел президентінің де қолынан келе қоймас. Алайда, 3 және 4-санаттағы мамандарды, яғни қарапайым инженерлер мен жұмысшыларды шетелден әкелуге толық тыйым салуға болады ғой. Бірақ, бұлай ешкім жасамайды. Ол аз дегендей, ТШО мен NCOCүшін 2015 жылға дейін сол 3- және 4-санаттар бойынша міндетті 10% экспатқа – 90% қазақстандық қатынасы алынып тасталды.
Мұның бәрі қазақстандық еңбек нарығында, әсіресе, мұнай, газ саласында шектен шыққан жемқорлықтың етек жаюына себепші болып отыр. Сарапшылардың бағалауынша, бұл шенеуніктер, құқық қорғау органдары, рекрутингтік компаниялар, HR-менеджмент компанияларының қызметкерлері сияқты жемқорлардың барлық түрі үшін таптырмас пайда көзіне айналған. Олар өздерінің қаржылық әл-ауқатын көтеріп отырған осы жүйенің сақталуына қатты мүдделі.
Осы жүйенің суын ішкен адамдар мұны шетелдікті немесе қазақстандықты (ақшаға немесе байланыстары үшін) қажетті жұмысқа кіргізу жолындағы тізбектің барлық буындарында «өз» адамдары отыратын сегізаяққа (спрутқа) теңейді. Бұл уақытта мамандығы бойынша жұмысқа кіргісі келген қарапайым халық бірнеше әрекеттерінен кейін жұмысқа орналасудың адал жолдарынан безіне бастайды.
ЗАҢНЫҢ АТЫ ЗАҢ ЕМЕС
Осылайша, бізге ешкім осы мәселені шешудің ешқандай төңкерісті тәсілін ұсынбайтыны белгілі болды. Осы жолғы тексеруден кейін үкімет заңбұзушылықтарды жою туралы 22 ұсыныс және жалпы сомасы 1 млн 99 мың теңгені құрайтын 27 әкімшілік айыппұлмен ғана шектелді. Бұл бір экспаттың айлық еңбекақысынан да аспайды ғой.
Сіз ҚР Еңбек Кодексінің «Ешкiмдi де өзiнiң еңбек құқықтарын iске асыру кезiнде жынысына, жасына, дене кемiстiктерiне, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, мүлiктiк, әлеуметтiк және лауазымдық жағдайына, тұратын жерiне, дiнге көзқарасына, саяси сенiмiне, руға немесе текке-топқа, қоғамдық бiрлестiктерге қатыстылығына байланысты ешқандай кемсiтуге болмайды» мәтініндегі 7-бабы бар емес пе деп сұрарсыз?
Бұған жауап біреу: Иә, бар...
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА