Өңірлік кәсіпкерлер палатасында қала маңындағы шаруа қожалықтары үшін электр энергиясының тарифін талқылауға арналған жиын өтті. Шаруагерлер оны төмендетуді, сондай-ақ қазіргі уақытта электр жарығынсыз қалған шаруашылықтарды қосу мүмкіндігін қамтамасыз етуді сұрайды – әйтпесе олардың бизнесі күйремек.
– Бәрі қымбаттап жатыр, шаруалар дұрыс дами алмайды. 1 кВт сағ үшін 37 теңге тым қымбат. Шаруа қожалықтары үшін 15 теңге тариф жасаңдар, – деді «Ақиқат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз ҒАБДУЛЛИН. Жиынға қатысқан шаруалар оны белсенді түрде қолдады. Сондай-ақ Ғ.Ғабдуллин бұл кездесуге Табиғи монополияларды реттеу департаментінің, АЖЭО және «Энергосату» ЖШС басшылары келмей, өз өкілдерін жібергенін атап өтті. Ғабдуллиннің айтуынша, басшылар облыс әкімінің тапсырмасы бойынша шақырылған.
Ербол АХМЕТОВ Қайыршақты ауылдық округіндегі «Ербол» шаруа қожалығын басқарады. Ол өткен жылдың маусым айынан бастап электр желісіне қосу мәселесін көтеріп келеді:
– Бұл мәселені облыс әкімімен кездесуде айттық. Комиссия келді, біздің учаскелерді қарады, бірақ әлі нәтиже жоқ. Бірақ біздің ауылдық округте 10 шақты шаруа қожалығы бар, олардан 500 метр жерде АМӨЗ жаққа қарай желі тартылғанымен, барлығы жарықсыз отыр.
Дәл осы проблеманы Еркінқала ауылдық округіндегі «Жиенгари» шаруа қожалығының басшысы Айтолқын ДОСЖАНОВА да айтты. Оның айтуынша, 2017 жылдан бері ол электр қуатымен қамтамасыз ету жөнінде түрлі мекемеге жүгінген, бірақ бұл мәселе күні бүгінге дейін шешілмеген:
– Менің шаруашылығымның өзен бойында орналасқанын және мұның тым қымбатқа түсетінін айтады. Алайда бір жағымызда бекіре зауыты болса, екінші жағымызда электр қуатын пайдаланатын шаруашылық бар. Тек қағаз жүзінде жауап береді, ешкім келмеді, ешкім қарамады.
Бұған «Атырау Жарық» АҚ президенті Мейірбек ҒҰБАШЕВ «Жиенгари» шаруа қожалығының өкілімен кездесіп, мән-жайды түсіндіргенін айтты.
– Біздің баланстағы желілер бойынша, сізге ең жақын қосу нүктесі – Еркінқала ауылы. Сізге техникалық шарттарды бердік, шаруашылықтарыңыз суға жақын орналасқанын, электр желісін тартуға арнайы талаптар барын түсіндірдік. Сіздің өкіліңіз бұл өте қымбат, сондықтан сізге бекіре зауыты арқылы қосылу тиімдірек деп келісті. Бірақ бұл біздің желі емес, сондықтан мәселені әкімдік арқылы шешуге тырысуды ұсындым. Рұқсат алсаңыз, сізге қажеттіні есептеп беруге көмектесеміз. Шаруа қожалықтарының жанынан өтетін желіге келетін болсақ, олардың көбі толық қуатпен жұмыс істейді. Бастапқыдан үлкен қуатқа арналған желіні салу үшін қолданыстағы ҚНжЕ өзгерту қажет.
Жиынды қорытындылаған Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ерболат ОМАРОВ көтерілген мәселелердің барлығы бақылауға алынып, таяу уақытта шаруаларға тиісті жауап берілетініне сендірді.
Айнұр САПАРОВА
ӨКП жолдаған сурет