Атырау, 25 қараша 14:26
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Садақ ісінің шебері

19 338 просмотра

Жауынгердің көшпелі өмірінің негізі үш нәрсені білуден тұрады: күресу, садақ ату және ат құлағында ойнау. Бұлар «жігіттің үш ойыны» деп аталады. Мамандығы бойынша бұрғылаушы-инженер Мұрат ҒАБДУСАЛИМОВ (суретте) осылардың біреуін жетік меңгерген, ол – каратеден қара белдік иегері. Қалған екеуін үйрену үшін ол аянбай еңбектенуде.

КОМАНЧА ТАЙПАСЫНЫҢ ҚАРУЫ

Ол қазір садақ атумен әуестеніп жүр. Мұрат садақтарды өзі жасайды (келістіре шебер дайындайды), атысы да жақсы, нысананы дәл көздейді. Болашақта жауынгер ата-бабаларымыздың керемет шеберлігі - ат үстінде садақ ату өнерін меңгеруді армандайды.

- Осымен әуестенуіңізге не себеп болды?

-Әр ер адамда қаруға деген осындай қызығушылық жастайынан пайда болады. Мен бала кезімнен-ақ садақ жасадым. Міне, менің әуестігім осындай хоббиге айналды.

- Осы жауынгерлік өнер туралы әңгімелеп беріңізші.

- Бұл - өте ежелгі өнер. Ең атақты ат үстінде садақ тартушылар Еділ мен Шыңғысхан болған. Өмір негізін жылқы деп таныған халықтарда ат үстінде садақ ату жүздеген жылдар бойы тамақ табудың қайнар көзі және жауларды жеңудің басты тәсілі болып табылды. Ал біздің дәуірімізде ол қайта жандануды басынан кешіріп жатыр. Жыл сайын жарыстар өткізілуде. Мысалы, осы жылдың сәуірінде Украинада ат үстінде садақ атудан халықаралық турнир өтеді, менің соған барғым келеді. Әзірше көрермен ретінде.

- Садақшының жарағы неден тұрады?

-Бірінші – бұл садақтың өзі. Мен өзім әр түрін жасаймын. Олардың ішінде үнділік (команча тайпасы), түрік, венгерлік, ағылшын, монғол, маньчжурлық түрлері бар.

Содан кейін – жебелер. Мен көбіне жебе сабын бамбуктан жасаймын, алайда көміртекті талшықтан жасалған жебелер жақсы, олар жеңіл және алысқа ұшады. Қанат қадау да өте маңызды. Мен қаздың қауырсынын қолданамын.

Бас бармақ жүзігі. Көнеде азиялық атқыштар адырнаны тарту үшін бас бармақтарына кигізілген жүзікті пайдаланған. Жебені жіберудің осы тәсілі еуропалық үш саусақ басымен жіберу тәсілінен көп тиімді деп есептеледі. Оқ алысқа ұшады.

Содан кейін қорамсақ – жебе салатын қаптама.

- Садақ дайындауға қанша уақытыңыз кетеді?

-Егер ағаштан жасасам, 3-4 күн, ал егер әр түрлі материалдардан (ағаштан, мүйізден, тарамыстан және т.б.) құрамдастырып дайындасам, 2 айдай уақыт кетеді, өйткені тарамыс ұзақ уақыт кебеді. Базальт талшығы сияқты өте жақсы созылатын материал бар, оны жасанды тарамыс деп те атайды. Садақ жасағанда оны да қолданамын. Адырна ретінде қос өрілген жасанды жіп (леска) пайдаланамын.

Жұмыстың ең маңызды да соңғы кезеңі – жетілдіру. Дәл осы кезеңде ғана садақ дүниеге келеді. Содан кейін 50-60 сынақтық жебе атып, садақты безендіруге, түрлі суреттер салып, сырлауға көшуге болады.  

- Материалдарды қайдан аласыздар?

- Ағаш садақтар үшін мен көбіне қарағаш қолданамын. Бұл бағытта шаған мен үйеңкі ағаштарын пайдаланған жақсы. Жебе ұштарын жасауға жануарлардың мүйізін аламын. Бірақ барлығынікі бара бермейді. Мысалы, жұқа қабаттардан тұратын сиыр мүйізі жарамайды. Сондықтан да Оңтүстік Азия елдерінен және Қытайдан су буйволының мүйізін сатып аламын.

 

ОП-ОҢАЙ ОНДЫҚҚА... 

- Жебені қандай қашықтыққа дейін жеткізе аласыз?

- Жалпы, жебелер 800 метрге дейін ұшады, алайда бұған арнайы шеберлік керек. Жебе орташа есеппен 200-300 метрге дейін жете алады.

- Шыңғысханның ысқыратын жебелері туралы естідіңіз бе?

- Әрине. Моңғолдар жебелерінің ұшына сүйектен, қыштан жасалған кішкентай ысқырғыштар қыстырған. Шыңғысхан әскерінің ысқырғыш жебелері жауларының бойына қорқыныш ұялатқан. Бұл, қазіргі тілмен айтсақ, психологиялық шабуыл іспеттес. Моңғолдар, сондай-ақ, парфяндық деп аталатын ату тәсілін, яғни ат үстінде шауып келе жатып, 180 градусқа бұрылып, қуып келе жатқан қуғыншыны ату әдісін шебер қолданған.

- Сізге шабыт беретін, пір тұтатын садақ жасау шеберлері бар ма?

-Венгриялық Лайош КАССАЙ мен американдық садақшы Лукас НАВОТНЫ. Екеуі де дайындаушылардың да, атқыштардың да ортасында аңыз адамдар болып саналады. Қазір Кореяда көптеген жақсы садақтар жасалады.

- Сізге садақтан оқ ату не береді?

-Бұл мен үшін медитация сияқты. Ол адамды жайландырады, өйткені нысанаға тигізу үшін сен бір сәтке үнсіз қалып, өзіңді дайындауың керек. Жебені қорамсақтан суырып, адырнаны тарту, оқты жіберіп, атқаннан кейін қолыңды артқа сермеу үдерісінің өзі адамның санасын жайлылыққа бөлейді. Бұл жерде нысанаға тигіздің бе, жоқ па, маңызды емес.

...Мен бақытты адаммын, өйткені менің отбасым мені түсінеді және үнемі қолдау көрсетіп отырады. Олар: әйелім, садақ атуды жақсы көретін үш қызым, әке-шешем. Біз бәріміз бірге тұрамыз және отбасымызбен түгелдей ауламызда садақ ату жарысын жиі өткізіп тұрамыз.

Садақ ату, әсіресе, ат үстінде жебе тарту аса бай тарихымыздың маңызды бір бөлігі. Сондықтан да ол ұмытылмауы тиіс.

Зинат ОРЫНБАСАРОВА

Cуретті түсірген Қанат Елеуов

4 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.