Атырау, 19 мамыр 21:42
 ашықВ Атырау +12
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Қазақстан соғыстан қашып, пана сұраған ресейлік майорды Мәскеуге тапсырды

1 298 просмотра

Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін соғыстан қашқан Ресей федералдық күзет қызметінің майоры Михаил Жилин Ресейге экстрадицияланды. Бұл жөнінде 29 желтоқсанда кешке Азаттыққа майордың әйелі Екатерина Жилина мен Адам құқығын қорғау бюросы хабарлады.

—Астанадан қайта Семейге алып кетті. Бір жарым сағат бұрын ол маған хабарласып, Семей қаласында екенін және оны шекарадан өткізейін деп жатқанын хабарлады, – деді Екатерина.

28 желтоқсанда апелляциялық сотта оны депортациялау туралы шешім қаралып, Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық шағымды қанағаттандырмады. Михаил Жилинді депортациялауды қаулы етті.

Адам құқығын қорғау бюросының директоры Евгений Жовтис Жилин депортацияланғанын растады. Құқық қорғаушы осы шешім арқылы Қазақстан босқындар конвенциясын бұзды деді. Сотта Жилин депортациясымен бірге оған босқын мәртебесін беру мәселесі де қаралған.

—Босқын мәртебесі мәселесі түпкілікті шешілмей, оны депортациялауға болмайды. Ол депортация бойынша бірінші және екінші соттан жеңілген, ал босқын мәртебесі бойынша тек бірінші соттан ғана жеңілген. Екіншісі болмаған. Бұған қоса, БҰҰ-ның Адам құқығы комитетіне қайырылуға мүмкіндік беретін арнайы процедуралар да бар. Олар босқын мәртебесі туралы Конвенцияны бұзып отыр, – дейді Евгений Жовтис.

Екі апта бұрын құқық қорғаушылар қамау мерзімі 12 айға созылады деп айтқан.

36 жастағы Михаил Жилин Ресейдің Сібір федералдық округында федералдық күзет қызметінің арнайы байланыс және ақпарат басқармасының бастығы болған. Владимир Путинді аймақтармен байланыстыруға жауапты болған. 21 қыркүйекте мобилизация жарияланғаннан кейін Жилин соғысқа қарсы ұстанымына орай отбасымен бірге елден кеткен. Шекарадан өтуге тыйым болғандықтан өткізу пунктінен тыс жерден өткен. 26 қыркүйекте оны Абай облысы шекарашылары ұстаған. Ол 6 желтоқсанда Арменияға ұшып кете алмады. Ресей оған "Әскерден қашу" және "Ресей шекарасын заңсыз кесіп өту" баптары бойынша халықаралық іздеу жариялаған.

Евгений Жовтис Қазақстан беделіне нұқсан келсе де "қысымға байланысты" Жилинді Ресейге тапсырды деп санайды.

— Әрине, аз дау болмайды. Оған әскери уақытта қатер төнді. Мұндай жағдайда кім береді? Адам соғыстан қашып, пана іздейді, ал оны өлімге жібереді. Қайғылы жағдай. Беделіне қатты нұқсан келеді, бірақ жоғары жақта Ресеймен сөзге келу одан гөрі қауіптірек деп санайтын сияқты" деді.

Жовтис мұның алдында Қазақстанның Ауғанстанға босқын тапсырғанын еске салды.

—Ол бір кездері [босқындарды] берген, бірақ өте көп дау болды. Әсіресе, 27 өзбекті берген кезде. Соның нәтижесінде олар босқындарды беруден тартына бастады. Пана берген жоқ, бірақ тып-тыныш үшінші елге қоныс аударуына жағдай жасады. Әдетте уақыт созып, басқа жаққа ауыстырып, проблеманы шешетін. Бұл жолы ресейліктер қысым жасаған тәрізді. Қалай болғанда да [Жилин] федералдық күзет қызметінің қызметкері, - дейді Евгений Жовтис.

Қазақстан ішкі істер министрлігі Марат Ахметжанов қыркүйекте Астана туған елінде халықаралық іздеу жарияланған ресейліктерді ғана еліне тапсырады деген. Қазақстан босқындарды өз еліне күшпен қайтаруға тыйым салатын халықаралық босқындар туралы конвенциясына қол қойған.

30 желтоқсан 2022, 11:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.