Атырау, 13 қазан 06:24
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Привокзальныйдағы алаяқтық, желілерді қиып тастау және басқа да түйткілдер

2 701 просмотра

21 наурызда Привокзальныйдағы №24 мектеп ғимаратында Табиғи монополияны реттеу агенттігінің департаменті (ТМРАД) өткізген тұрғындардың монополистермен және әкімдік өкілдерімен кездесуі өте әсерлі өтті.

ӨТКЕННЕН САБАҚ АЛУ

Жалпыүйлік жылу өлшегіштер орнату міндетті болатын терможаңғырту мәселесі басты тақырыптың біріне айналды. Оның негізгі принциптері жөнінде қалалық әкімдіктің тұрғын үй инспекциясының бастығы Нұрлан Ерғалиев айтып берді.Тұрғындарды, мәселен, неліктен есептегіштің орташа алғанда 500 мың теңге тұратындығы, ал мердігерлердің сметасында 1,5 млн деп көрсетілетіндігі қызықтырды. Бұдан басқа, облыс орталығының көптеген үйлерінде рециркуляция, қарапайым тілмен айтқанда «обратка» жоқ. Ыстық суды ашқанда, әуелі салқын су жылынғанша ұзақ күтуге тура келеді. Ал ыстық су есептегіш бұл уақытта текше метрлерді зырылдата айналдырып жатады.

Жылу қосындары сіздерге ыстық су береді. Ол үйдің ішінде салқындап қалады. Рециркуляцияға қатысты проблемалар кварталішілік тораптарға, жертөлеішілік жүйелерге байланысты туындауы мүмкін, - дейді «Атырау жылу жүйелері» АҚ вице-президенті Әлібек ТЕМІРҒАЛИЕВ.

Қалалық ТКШ бөлімінің бастығы Жұмабай ҚАРАҒАЕВТЫҢ пікірінше, бұл проблеманы ішкі циркуляция жүргізу жоспарын енгізіп, терможаңғырту көмегімен шешуге болады екен. Жертөлеішілік желілер ретке келтірілген кезде, проблеманың үйдің ішінде еместігі айқын болады. Сол кезде ЖЭО-на шара қолданылады. Қазір жылу берушілер үйге кірер ауыздағы су температурасының 55 градус екендігіне сендіріп отыр. Ішінара тексеру кезінде бұл расталады. Алайда жиналғандардың бәрі бірдей терможаңғыртуға қуана қоймады. Привокзальный, 3а-ықшамауданындағы №14 үй тұрғындарын үйге жөндеу жүргізу шешімі «алаяқтық әрекетке» ұрындырған.

Терможаңғыртуды 23 млн теңгеге бағалады, оның 1,5 млн теңгесі есептегішке жұмсалады. Жұмыстар 2011 жылдың аяғында, нағыз суық кезде басталды. Содан кейін мердігерлер жөндеуді аяқтамастан ғайып болды. Шатыр аққан күйінде қалды, жылу есептегіш жоқ, ал біз мемлекетке қарыз боп қалдық. Маған 4 800 теңге есепшот келеді, – дейді үй тұрғыны Ирина НИКИФОРОВА.

Қалыптасқан жағдайға түсінік беру үшін Жұмабай Қарағаев тағы да сөз алды:

2011 жылы терможаң-ғыртудың пилотты жобасы басталды. Екі бағдарлама болды: «Атырау» ӘКК желісі бойынша және «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС желісі бойынша. Екі жыл ішінде 40 үйге жөндеу жүргізілді. Жұмыстарды тендерде ұтқан мердігерлер жасады. Сіздің үйіңіз бойынша ӘКК тарапынан құрылысшыларға қаржының 70%-ы аударылды: 30% - аванс және орындалған жұмыс көлемі бойынша - 40%. Қазір құрылыс компаниясына қатысты іспен қаржы полициясы айналысуда. Өткен жылдардың қорытындысы бойынша біз қателіктерге талдау жасап, бұдан сабақ алуға тырысып жатырмыз...

Мәселен, бұдан мынадай сабақ алынды: енді тұрғындар мердігерді өздері таңдауға құқылы. Қарағаевтың айтуынша, есептегіш шынымен де 500 мың теңге тұрады, бірақ сметада орнатылуы мен термокамера жабдығы кіретін жалпы сома көрсетіледі. Жертөлелерде үнемі ылғал болатындықтан термокамералар қажет. Жылу есептегішке қызмет көрсетудің кепілдік мерзімі – 2 жыл. Алайда заң бойынша вандализм орын алса, мердігер жауапкершіліктен босатылады. Кепілдік мерзімі аяқталғаннан кейін жылу есептегіші үшін жауапкершілік ПИК-ке жүктеледі. Есептеу бойынша, ай сайын 7 жыл ішінде 100 пәтерлік үйдің тұрғындары жылу есептегішті орнатқаны үшін 178 теңгеден төлейтін болады.  Сызба мынадай: 1 500 000 теңге 84 айға бөлінеді (7 жыл) = 17850 теңге. Осы соманы пәтер санына бөлеміз, сонда 178 теңге шығады.

 

СЫМДАР МЕН ШАҒЫМДАР

- Подъездеріміздегі электр қалқандары нашар күйде. Сымдар жалбырап тұр, қалқан есіктері ашық-шашық, кез келген бала кіріп кете алады. Ал бұған «Атырау-Жарық» кінәлі. 100 теңге бережақ үшін сымдарымызды кесіп кетеді. Оны төлегеннен кейін қайтадан жалғайды, бірақ бұл тұтас сым болмайды ғой. Әрбір подъезде осылай. Энергішілер өз қолдарымен біздің сымдарымызды бүлдіріп кетеді, - деді тұрғындардың бірі. Оны қит етсе жарықты айырып тастайтын энергішілердің әдеттерінен мезі болған қатысушылардың бәрі қызу қолдады.

- Дебиторлық бережақ бойынша кез келген сома үшін айырып тастай аламыз. Ал сіздер бізге есік ашыңыздар, сол кезде пәтер ішінен кесетін боламыз, - деді энергішілер өкілі шамдана жауап беріп.

- Сіздердің подъездегі желілерді бүлдіруге қақыларыңыз жоқ, бір борышкер төлемесе, оны жеке ажыратып тастаңыздар, пәтер ішіндегі есептегіштің сымынан кесіңіздер! - деп тойтарып тастады оны ТМРАД директоры Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВА (суретте сол жақта).

- Жақсы, пәтерлерден кесеміз, - деп келісе кетті энергіші.

Кездесу екі сағаттан астам уақытқа созылды. Көп мәселе көтерілді. ТМРАД басшысы осындай кездесуді тұрақты өткізіп тұруға уәде берді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

28 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.