Ақтау қаласының тұрғыны Мәдина ДОСАНБАЕВА өзінің кіндік қаны тамған жері Атырауға оралуды шешіп, бірнеше жыл бұрын осы жақтан жер телімін алады. Ал келгеннен кейін өзі алған жердің үлкен бөлігі басқа адамға сатылып кеткенін, жерінде коттедж тұрғанын көрген оның қандай сезімде болғаны айтпаса да түсінікті.
ЖЕРДІ ҚАЛАЙ ЖЕП ҚОЙДЫ
Оң жақ Төменгі Перетаскадан ауданы 0,11 га жер телімін М.Досанбаева 2002 жылғы қазанда Атырау қаласының тұрғынынан сатып алған. Бұл туралы нотариус растаған сатып алу-сату шарты куәлік ете алады. Осыдан кейін ол жерді заң бойынша өзіне кері ресімдеп алады, оны қолындағы мемлекеттік акт растайды.
- Осы жерге алға қарай үй салам деп жоспарлағанмын. Жер телімі саяжай массивінің шегінде орналасқандықтан, Балықшы кенттік әкімдігіне жердің мақсаттық тағайындалымын – саяжайдан жеке тұрғын үй құрылысына ауыстыруға бірнеше рет өтініш жаздым. Кейіннен анам қайтыс болып, құрылыс салуға мүмкіндігім болмады. Қайғы мен уайым денсаулығыма да әсер етті. Өзім бұрыннан да екінші топ мүгедегі едім. Ұзақ уақыт ем алуға тура келді, - дейді М. Досанбаева. – Алайда, осы уақыт ішінде жер салығын үздіксіз төлеп келдім, тіпті пайдаланбаған су үшін де ақы төледім.
Қалайша жердің екінші иесі пайда болды?
- Біз неге екі адамның қолында бір жерге меншіктік құқық белгілейтін құжаттар пайда болғанына ұзақ талдау жасадық, - дейді қалалық жер қатынастары бөлімі бастығының орынбасары Назгүл ЖҰМЕКЕЕВА. – Оқиға былай болған. 2005 жылы М. Досанбаевамен көршілес 0, 14 га жер телімі азамат Д.И.-ге сатылған. Д.-ның мемлекеттік актіні ресімдеу кезінде қателіктер орын алған. 2002 жылы М. Досанбаеваның телімін ресімдегенде мемлекеттік ғылыми-өндірістік жер орталығының (МемҒӨЖО) қызметкері олқылық жіберген: жер телімінің сызбалық белгілері кезекші картасына енгізілмеген. Ал азамат Д. жерін өлшеуге келген МемҒӨЖО қызметкеріне көрші жер телімінің иесіз бос жатқанын алға тартып, жер телімінің кескінін тікбұрыштан шаршыға ауыстыруын өтінеді (шын мәнінде жер Досанбаеваға тиесілі еді). Картада бұл жер расында да иесіз болғандықтан, маман клиенттің өтінішін орындайды. Осылайша, азамат Д.-ның жер телімі Досанбаеваның едәуір жерін жеп қойған. Ал 2010 жылы қала билігінің рұқсатымен өз жерін тағы да Досанбаеваның телімі есебінен ұзартып алған. 2011 жылы Д. өз жерін азамат К.-ға сатқан. Ал ол, өз кезегінде, еш күмәнданбастан үй құрылысын бастап кеткен.
«ЕШКІМ ЖЕРСІЗ ҚАЛМАЙДЫ»
Досанбаева жаңа көршісінің үйін бұзып, өз жерінің алғашқы шекарасын қалпына келтіру үшін сотқа шағымданды. Заңды сатып алушы ретінде азамат К. бұған үзілді-кесілді қарсы болды. Ұзақ дауласудан кейін тараптар келісімге келе алды.
- Жер қатынастары бөлімі маған жерімнің орнына екі нұсқа: Оң жақ Төменгі Перетаскадан ауданы 0,09 га және «Химик» саяжай қоғамдастығынан ауданы 0,11 га жер телімдерін ұсынды. Мен екінші нұсқаға келістім. Біз бейбіт келісім жасастық. Оның талаптары бойынша маған жерді осы жылдың 2 сәуіріне дейін ұсынуы тиіс, - дейді М. Досанбаева.- Алайда сот өндірісінен кейін ешқандай қозғалыс жоқ. Маған жерді ешкім көрсетпейді, мұны жасауды тапсырған жер қатынастары бөлімінің маманы телефон көтермейді. Ақыр соңында дымсыз қаламын ба деп қорқамын.
- Бұл жерде түсініспеушіліктер болып қалған шығар. Бізге қандай да бір сот дауы мен жанжалдар керек емес. Бейбіт келісімнің талаптарына сәйкес, Досанбаеваға жер берілетін болады, - депсөзін нықтады Н. Жұмекеева.
«МҰНДАЙ ЖАҒДАЙЛАР БОЛЫП ТҰРАДЫ»
Сондай-ақ, Н.Жұмекеева кейбіреулерді бөтен жердің еріксіз «басып алушыларына» айналдыратын мұндай келеңсіздіктер сирек болса да, болып тұратынын атап өтті. Оның айтуынша, бар мәселе 2009 жылға дейін электронды база болмай, барлық белгілеулер кезекші картаға қолмен түсірілгендіктен орын алған.
- Мәселенің үлкені адамдардың өз саяжайларын жекешелендіріп алып, қарамай, тастап кететіндіктерінен туындап отыр. Біреулері кетіп қалған, біреулері сол маңда жері бар екенін біледі де қояды. 2009 жылға дейін де жер телімі шекарасын қате белгілеу немесе Досанбаеваның жағдайындай, қызметкердің қателігінен жердің иесіз деп танылуы сияқты олқылықтар болған.
Тамара СУХОМЛИНОВА