– Біз ірі кәсіпорында жұмыс істейміз. Еңбекақымыз белгіленген жалақымен және ай сайынғы еңбекке қатысу коэффициентімен (КТУ) төленеді. Жалақымыз көп емес, бірақ КТУ-дың арқасында көбірек табыс табуға болады. Кәсіпорнымызда орын алған өрт оқиғасынан кейін басшылық жіберілген ұқыпсыздық үшін жаза ретінде бізді КТУ-дан айыратынын мәлімдеді. Сөйтіп біз тек айлық жалақымызды ғана алдық. Бірақ біршама уақыт өтсе де, КТУ есептемейтін болды. Бізді жазалайтын себептер табыла берді. Бұл жағдайда жұмыс берушінің әрекеті қаншалықты заңды? Оның өз қалауынша жұмысшыларын үстеме ақыдан айыруға қақысы бар ма?
Телефон арқылы
Атырау облыстық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментіндегілер былай деп түсіндірді:
– ҚР Еңбек кодексінің 126-бабының 2-, 3-, 4-тармақтарына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерлердің өндіріс тиімділігі мен орындалатын жұмыстың сапасын арттыруға мүдделілігін күшейту үшін сыйлықақы беру жүйесін және еңбекке ынталандырудың басқа да нысандарын енгізе алады. Қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу және еңбекке ынталандыру жүйелері ұжымдық шарттың, еңбек шартының талаптарында және (немесе) жұмыс берушінің актілерінде айқындалады. Осылайша, жұмыс берушінің енгізілген еңбекақы төлеу жүйесінің шарттарымен, ай сайынғы еңбекақының өзгермелі бөлігін ҚР Еңбек кодексінің 72-ші, 73-баптарына сәйкес, ресімделген тәртіптік жазалар болған жағдайда, қызметкерлерді жалақының осы бөлігінен айыруға құқылы. Алайда сонымен қатар, ҚР Еңбек кодексінің 126-бабының 4-тармағына сәйкес, еңбекке ақы төлеу жүйесі біржолғы ынталандырушы төлемдерді есепке алмағанда, қызметкерлердің орташа айлық жалақысының кемінде 75 пайызы болатын негізгі жалақы үлесін (жалақының негізгі бөлігіне қатысты) қамтамасыз етуге тиіс.