– Мен ІІ топ мүгедегімін, жәрдемақы аламын. Әйелім айына 35 мың теңге жалақы табады. Біздің кәмелетке толмаған екі баламыз бар. Бұл ақшаға балаларды өсіру өте қиын. 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы алуға құқылымыз ба?
Телефон арқылы
Сұраққа қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік төлемдер секторының меңгерушісі Райхан САЛАМАТОВА жауап берді:
– 18 жасқа толмаған балаларға жәрдемақы тағайындау үшін отбасының әр мүшесінің табысы 10 915 теңгеге тең болатын азық-түлік себетінің мөлшерінен аспауы тиіс. Ал атаулы әлеуметтік жәрдемақы тағайындау үшін отбасының әр мүшесінің табысы кедейлік шегінен – 6 655 теңгеден аспауы тиіс. 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін жәрдемақы 1 АЕК-ке – 1 731 теңгеге тең және ол әр балаға жергілікті бюджет есебінен төленеді. Мәселен, 6 баласы бар 8 адамнан тұратын отбасының 82 мың теңге табысы бар делік. Бұл соманы 8 адамға бөлеміз (82 000:8=10 250 теңге). Отбасының әр мүшесіне 10 250 теңгеден келеді. Бұл сома азық-түлік себетінің мөлшерінен аспайды. Демек, отбасының жәрдемақы алуға құқығы бар. Жәрдемақы мөлшерін бала санына (1 731-ні 6 балаға) көбейтеміз. Сонда 10 386 теңге сома шығады. Ай сайын отбасы осы соманы алып тұруы тиіс. Жәрдемақы алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығынан бекітілген үлгіде өтініш жазып, оған баланың туу туралы куәлігінің көшірмесін, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, отбасының тұрғылықты мекен-жайын растайтын құжаттың көшірмесін (азаматтарды тіркеу кітабы немесе мекен-жай бюросынан анықтама); отбасының құрамы туралы мәліметтерді, отбасы мүшелерінің табысы туралы мәліметтерді, банктегі есепшот нөмірін тіркеуі тиіс. Жәрдемақы ағымдағы тоқсанға тағайындалады және өтініш жазған айдан бастап ай сайын төленеді. Егер ата-аналардың біреуі немесе екеуі де жұмыссыз болса, онда олар міндетті түрде жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелуі тиіс. Егер әкесі немесе анасы І және ІІ топ мүгедектеріне, мүгедек балаларға, 80 жастан асқан жандарға, 3 жасқа дейінгі сәбиге күтім жасайтын болса ғана жеңілдік жасалады.